Түркістан облысында колонияға жасырын камерасы бар көзілдірік өткізуге тырысты, деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментінің жедел бөлімінің қызметкерлері портативті камерасы бар ерекше сәлемдемені колония аумағына кіргізбеді.
Сотталғандардың бірінің атына поштамен келген бандерольді тексеру барысында жасырын микро-бейнебақылау камерасы орнатылған арнайы көзілдірік тәркіленді.
"Тосынсый" салынған сәлемдеме шамамен бұрын сотты болған, қазіргі кезде мекемеде ауыр және аса ауыр қылмыстар (адам ұрлау, бопсалау, терроризм) үшін 14 жылға сотталған азаматтың атына келген.
"Жыл басынан бері Шымкент қаласы мен Түркістан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері сәлемдемелер мен бандерольдер арқылы келген ондаған тыйым салынған заттарды, көбінесе есірткі заттары мен ұялы телефондарды анықтады. Алайда бұндай ерекше құрылғы алғаш рет тәркіленіп отыр. Бұған дейін өңірде осыған ұқсас фактілер тіркелмеген", – дейді өңірлік ҚАЖ департаменті.
Аталған факті бойынша оқиға орнына жедел-тергеу тобы келіп, материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін жолданды.