08.05.2022, 20:34

«Қызыл империяны көксеушілердің кесірінен өңірде Олжабай мен Жасыбай батырларға ескерткіш орната алмай отырмыз» - Арман Қани

Ертістің Кереку-Баянауыл өңірінде бір монумент, бір мүсін, бір бюст орнатылса шу көтеріледі. Әуелден, солай.

Өшпенділік

 Монумент  үшін күрес

Олжабай мен Жасыбай батырлардың монументтік  ескерткіші тақырыбына  қайта оралуыма тура келіп тұр. Өйткені, Баянауыл ауданы орталығында орнатылуға тиіс ескерткіш жобасы төңірегіндегі күрес әлі аяқталған жоқ. Менің мақалама тасада отырып теріс лайк басып, жалған ныспы жамылғандар қиямпұрыс сөздер жазуда.

Жалпы айтқанда, Ертістің Кереку-Баянауыл өңірінде бір монумент, бір мүсін, бір бюст орнатылса шу көтеріледі. Әуелден, солай. Мүсіндеме арқылы қазақтың ұлттық рухын көтеру бағытындағы іс-шаралардың жүргізілуіне, отарсыздандыру саясатын жүзеге асыруға шовинистер, нигилистер әлі де жан-тәнімен қарсы! Бұрынғы отаршыл Ресей империясы мен бұрынғы бодан қазақ елінің арасындағы идеологиялық шайқас әлі жалғасуда. Қызыл империяны көксеушілер не айтады дейсіз? «Халықтың әлеуметтік тұрмысы нашарлаған қазіргі кезде ескерткіш салудың не қажеті бар, оған бөлінген қаржыны аз қамтамасыз етілген отбасыларға, мүгедектер мен жетім-жесірлерге бөліп берейік» – дейді. Біздің нигилистеріміздің не айтатыны белгілі. «Алдымен, жолдарды жөндесін, кәріз жүйесін тартсын!», – дейді. Бір қазақ журналисінің Ашаршылық құрбандары монументі жөнінде: «Көркемдіктің нобайы білінбейді, тұрғызылған орны да дұрыс емес. Мұндай күлдібадам дүниені орнатуға  кімдер рұқсат етті, қанша миллион ақша кетті!», – дегені бар. Монумент ашылып қаралы әуен ойнағанында көпшіліктің көзіне жас үйіріліп, терең күрсінгенін көрген жоқ ол.

Әлеуметтік  бағдарламалар мен жобаларға жыл сайын бюджеттен қыруар қаржы бөлінеді, ал ескерткіштер орнату ісіне мәдениет басқармасынан оқта-текте ғана қаржы қарастырылады. Монументтер  негізінен қоғамдық қорлар мен ірі меценаттардың қаржысына салынады. Осы жайтты әлгі топтар біле тұра, қарапайым азаматтарды қасақана шатастырып, өздерінің соңына ертіп алғысы келеді.  

Олжабай мен Жасыбай батырдарды Баянауылдың әйгілі перзенттері Шоң, Шорман, Едіге, Үкібай, Шөкең (Құдайберген) билер, аға сұлтан Мұса мырза, әулие Мәшһүр Жүсіп, ақын-композитор Жаяу Мұса, ұлы ғалымдар Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Ермұқан Бекмаханов та ұлықтады. Ал олардың монументіне қарсылық акциясын ұйымдастырғандар Бұхар жыраудың сөзімен айтқанда, бір кездегі игі жақсылардың бақа-шаянға айналған ұрпақтары болса керек...

Қарсылық шаралары Павлодар мен Баянауылда бір кезде басталды. Біреуі ескерткішке қарсы адамдардың қолын жинады, екіншісі дау-дамайға  журналистерді тартты, үшіншісі шатаққұмар біреудің атынан республикалық сайтқа мақала жариялады, төртіншісі вацап желісі  арқылы «Аудан әкімі Қанат Кәрімов өз құлқынын ойлайтын  жемқор. Көздегені  монументке бөлінген қаржыдан  барынша қарпып қалу» – деген өсек-аяң таратты. 

Атқамінерлердің біріне: «Бұл  жобада қылмыстық іс белгілері бар деп күмандансаңдар прокуратураға, антикорға өтініш түсіріп, анық-қанығына көз жеткізіңдер, – дедім. «Жоқ, монументті бәрібір салғызбаймыз! Біздің жігіттер құрылыс алаңындағы тракторлардың жолын бөгеп, пикетке шығуға дайын отыр!» – деп жауап қайырды. 

Баянауыл өңірін  жоңғар шапқыншылығынан азат ету соғысында бірі қолбасшылық еткен, екіншісі шаһит болған баһадүр бабаларымыздың аруағына қарсы бағытталған  бұл не деген ӨШПЕНДІЛІК!  

Шовинистер мен нигилистер Ашаршылық құрбандары монументі  құрылысына қаншалық  наразы болса да, «пикет, митинг өткіземіз» – деген сөзді мүлде ауызға алған жоқ. Сана-сезімі ұлттық деңгейге жетпей, рулық деңгейде қалған шолақ белсенділер әлі ел ішін ала тайдай бүлдіреді. Дегенмен, бір қызығы, бұлар Баянауылда әуежай, Мырзашоқыда шаңғы тебу базасын ашуға жол бермейміз, өйткені белгіленген орны дұрыс емес, халықтың қаржысын ысырап етсеңдер пикетке шығамыз! – демеді... Егер екі нысанға әлгі екі батырдың есімі берілсе дереу аттан сап атқа қонар еді! Сондай-ақ Баянауылда туризмнің өркендеуіне өз үлесін қосуға ниет білдірген миллионер мырзалардың бірі: «Маған тендердің ақшасы қажет емес, монументті өз қаржыма салып берейін», – десе де, найзамен  қарсы алатыны анық. «Атымтай жомартық мынаған қайдан келген, халықтың байлығын тонаудан келген арам ақша шығар, тексеру керек!» – деп шу көтеруден тайынбайды. «Екі батырдың атақ-даңқы біздің аталарымыздікінен  асып кетеді» – деген рушылдардың баяғы іштарлығы, баяғы қызғанышы... 

Монумент  құрылысына  негізінен рушылдардың  қарсы болғанын «Аудандық деңгейдегі атқамінерлер арасында трайбалим дерті асқынып тұр» атты мақалада баяндағанмын. 

Енді мына жайтты айтайын. Кезінде  Май ауданында Чапаев кеңшарының атауын Малайсары деп атау жөнінде мәселе көтерілген. Себебі сол ауылда негізінен Арғын тайпасының бәсентиін руы өкілдері тұратын, батырдың ұрпақтары да сол ауылда еді. Бірақ бәсентиіндер бір сәтте тілмембет және сырым болып екіге жарылып, өзара айтысып тартысты. Тілмембеттер: «Бұл – біздің жер. сырымдардың жері – Бестауда, сондағы  ауылды Малайсары батыр деп атасын»! – деп тұрып алды! Сырымдар; «Малайсары сырымнан шықты демесеңіз, қазаққа ортақ батыр ғой» – деген уәжін алға тарты. Ақыры, Талдықорған өңіріндегі Малайсары жотасында шаһит болған есіл ердің есімі ұрпақтары қоныстанған ауылға емес, одан 15 шақырымдай жердегі Киров ауылына берілді. Өйткені,  сол ауыл тұрғындары әркелкі рулардан тұратын. Ауқымды бөлігін қаракеесектер құрайтын. Өзім  қаракесек болсам да, тілмембеттерге күйеу бала едім, сонда да ащы шындықты айтуға тиістімін. 

Президент Қ.Ж. Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын шолақ белсенділер оқи қоймас. Сүйегі баяғыда қурап қалған батыр бабаларының аруағына асқан өшпенділік сезімімен қарайтындар өздерінің жанында жер басып жүрген мені атып өлтіруге оқтары жоқ шығар. Әйтсе де тағдыр-талайым бір Алланың қолында ғой,  әлгілер  не істей алады маған?..

Қазақ журналистері де қарсы болды

Ерлан Арын Торайғыров атындағы ПМУ-дың ректоры, облыстық мәслихаттың депутаты, облыс әкімі қызметтерін атқарған жылдары мәдениет, әдебиет, тіл салаларында ұлттық идеологияны әспеттейтін жаңа жобалар қабылданып, жүзеге асырылды. Өнегелі істерінің бәрін жіпке тізгендей қылып түгендеп көрсетуге мақала көлемі көтермейді. Қысқартып  айтқанда, республикада «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қабылданбай тұрған кездің өзінде сол бағыттағы жұмыстарды бастап, ерлікке жетеқабыл шешімдер қабылдады.    

Ерекең облыс әкімі қызметіне тағайындалғанда «Бұл енді Павлодар атауын өзгертеді!» – деп үрейленгендер зар-мұңын әлеуметтік желілерге төкті. Ерлан  Мұхтарұлы: «Атау мәселесін қозғамаймын» – деп  жылы жымиды. Есесіне мемлекеттік, ұлттық идеологияны ұлықтайтын қаншама ескерткіштер мен мүсіндерді орнатқызды. Менің пайымдауымша, әсіресе, Қуғын-сүргін құрбандары  мен  Ашаршылық құрбандарына орнатылған монументтердің саяси мән-маңызы зор. Қуғын-сүргін құрбандары ескерткіші жөнінде жаздым. Ашаршылық құрбандары монументі жөнінде де ризашылық сезіммен жазғанмын.

Бірақ жерлес журналист Фарида Бықай «Егемен Қазақстан» газетінде  «Ескерткіш еріккенің ермегі емес» деген сын  мақала жариялады. Өзінің қарабайыр долбарына құрылған жарияланым еді бұл, сол дүниелігін «Егеменге» еш қатысы жоқ сайтқа да ұсынды.

Содан не керек, қазақтың қасіреті тарихындағы ақ таңдақ беттерді тілсіз сөйлеткен көркемөнер туыңдысы жайында Ф. Бықайдың жазғаны шындықпен жанаспайтынын айтып, еліміздің бас газетіне сын мақала жіберейін. Күндер өтті, апталар өтті, жарияланбады. Ақыры, бір шаруамен Астанаға барғанымда «Егемен Қазақстан» газетінің басшылығына жолықтым. «Бұл қалай? – деген сауалыма «Ареке, сізді білеміз ғой, мән-жайды түсініп отырмыз. Мақала аңдаусызда газет бетіне кетіп қалыпты. Енді сіздікін жарияласақ, өзімізге өзіміз қарсы шыққан боламыз ғой. Басқа газеттерге бере беріңіз, өзіңізге еш ренішіміз болмайды» – деді. «Жұртшылық күткен ескерткіш ашылды, бірақ...» деген мақаламды танымал сайттардың бірі жарыққа шығарды. 

Фариданың мұнысы қалай деген оймен шығармашылық жолына үңілдім. Облыстық «Сарыарқа самалы» газетіне жас маман болып келгені есімде.  Одан  әлдеқандай себеппен кетіп, тәуелсіз «Новое время» газеті редакциясына қазақша беттің шығарушысы болып орналасқаны да есімде. Көп ұзамай ұрдажық сын мақалаларды оңды-солды бұрқыратты.  Сөйте тұра,  бір шовинист туралы бірауыз теріс пікір білдірген емес. Өйткені «Новое времяның» өзі шовинистік  мазмұндағы  мақаларымен әйгіленген атышулы газет еді.   Сол басылымды мен сынадым.

Ал Фариданың сыңарезу мақалаларының кейіпкерлері түгелдей қазақтар болды. Мәшһүр Жүсіп атындағы орталық мешіт қызметкерлері қайыршыларды аулаға кіргізбейді –  деді.  «Кайкрайдың» Короленко көшесіндегі жайма базарды құл базары деді. 

Базардағы  сатушылар мен жүкшілер түгелдей дерлік қазақтар еді. Пәтерлерін жалға бергендер де қазақтар болатын. Бірнеше ай бойы еңбекақысын ала алмай жүрген  мұғалімдер, инженерлер және жұмыссыз қазақтар сол базардағы саудагерлерге жалданып напақасын табатын. Мен өзім де «КамАз» көлігінен жәшік-жәшік, қап-қап жеміс-жидектерді түсіріп, бір-екі күндік несібемді алып қайтатынмын. Маңдай теріммен келген ақадал ақшам ғой,  төс қалтама салған соң шаршағанымды лезде ұмытатынмын. Еңсемді тік ұстап алшаңдай басып үйіме оралғанымда үш баламның қалай қуанғанын көрсеңіз ғой! Жүк толы  қаптарды  қанша арқаласам да бүкір болып қалған жоқпын. 

Бір қызығы, жергілікті жігіттер қаланың өзге жағынан келгендерді жолатпайтын. Мен барғанда: «О, біздің «Казкрайдың» ақыны келді!» – деп күліп  қарсы алып, біздің бригадаға қосыл» – дейтін. Кейін «Казкрай» хикаялары» деген өлеңдер топтамасын жаздым. Ауызекі тілде ғана айтылатын «Казкрай» сөзін әдеби айналымға мен  енгіздім. «Казкрайдан» шыққан  түрлі әлеуметтік топтардың өкілдері: шенеуніктер, оқымыстылар, мұғалімдер, саудагерлер, арбакештер, аңшылар, спортшыларды, тіпті қылмыс әлемінің серкелерін де жақсы білем. «Казкрайдың» бұзықыларымен бірге арақ ішкенім  рас. Себебі сондай кез еді. Олардың барлығы дерлік өмірден өтті. Біразы зоналардан оралмады, біразы төбелестерде пышаққа ілінді. Өз үйі, өлең төсегінен келместің кемесіне мініп кеткендері сирек қой деймін. Тек санаулысы ғана кәсіпкерге айналды. Шынымды айтсам,  «Казкрайдағы» мейрамханаларда «Свадбенный генерал» болып отырғанымда сол басбұзарларды еске түсірем. «Казкрайда» қазақтың  рухын жоғары көтерген солар еді. Мәрт мінезді, ержүрек жігіттер еді. Әріден бері тартсам, «Казкрайдың» әкелеріміздің заманынан бергі тыныс-тіршілігін жан-тәніммен сезінемін. Себебі «Казкрайда» тудым, «Казкрайда» өстім, біраз жылдар Май ауданында тұрған соң «Казкрайға» қайта олардым! 

Трактор зауыты сияқты ірі өндіріс орындарының жұмысы тоқтап, 25 мың шамасындағы жұмысшы көшеде қалған ауыр кезең еді ол. Қызметкерлер мен зейнеткерлер еңбекақысын, зейнетақысын бірнеше ай бойы  ала алмай жүрген қиын шақ еді ол. Сол жылдары жергілікті қазақтардың күнкөріс орнына айналған жайма базарды құл базарына теңеу, әрине, орынсыз болатын.

Ф. Бықайдың енді бір сынаған нысаны өзі еңбек еткен «Сарыарқа самалы» газетінің редакциясы болды. Әсіресе, газеттің бас редакторы Мұхит Омаровқа қатты шүйлікті. Редакциядағылар: «Ақын деген әділетсіздікке төзбеу керек! Ақ-қарасын өзің айтпайсың ба?» – деп маған еміреуін білдірді... Ол кезде «Сарыарқа самалында» істемейтінмін. Мұхит Омаровтың төрешілдік мінезіне, әкімшілік-әміршілдік басқару әдісіне көне алмай,   өтінішімді үстеліне лақтырып, өз еркіммен қызметтен  кеткенмін.

Ақыры, редакция «Су ішкен құдығыңа түкірме» деген мақала жариялады. Іле Фарида  «Новое времяның» (№35, 30 тамыз, 2000 жыл) қазақша бетінде «Құдыққа түкірген кім!» деген мақаламен жауап қайтарды. «Мен осы жердің Айтматовымын, Шахановымын!» – деп  көсіле сөйлеп, өзін әсіре дәріптеді, редакция құрамының басым бөлігіне теріс мінездеме берді. «Мұхит Омаровтың кесірінен кісілігі, кішілігі, адамгершілігі жоқтығы, безбүйрек, өсекшіл, кекшіл, шенеунік, қарын шертпе екені бір құдайдың алдында шындық...» деген сөздерді түйдектетті.  Одан әрі:   «Ғашықпын» деп бір шықтыңыз, бір құдай   куә сөзіңізге, «көндіремін» деп нәпсіқұмарлыққа салындыңыз. Д. Қарашашеваның үйіне кіммен бірге қуып келгеніңіз есіңізде ме? Түн ішінде. Үйіме түн ішінде келіп мазаладыңыз. Бір құдай куә. Журналистігім емес, сізді басқа нәрсе қызықтырған секілді» – деп, құдайды куәлік етті. Мұқаң мен Фарида  түн ішінде кездесті ме, жоқ па, анығы маған аян емес. Өйткені куә болған жоқпын... 

Кейін Ф. Бықай «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы тілшісі қызметіне ауысты. Сол кезден бастап ат үстінен тақ үстіне қарғып мінгендей кейіпке енді. Әкім-қараларға:  «Мен сендерді «Егеменге» жазамын!» – деп ызбар шашты.  Маған да сөйдеді. «Егеменіңмен» бірге әрі кет!» – дедім. Іле әкімдіктер мен басқармалардың  жұмысын  сынауға белсене кірісті. «Анау пәтерсіз жүр» – деді, «Мына шенеунік қазақша сөйлемейді» – деді. 

Мұнысы әркімдер күн сайын әлеуметтік желілерде   жазып жүрген белгілі жайттар ғой. «Анау ғана емес, қанша отбасы  пәтерсіз жүр, себебі неде, халықты тұрғын үйлермен  қамтамасыз ету бағдарламалары қалай жүргізілуде?». «Мына шенеунік қана емес, басқалары да  неге қазақша сөйлемейді, қазақша қақпайтын  мемлекеттік қызметкерлерді  қайтсек қазақша сөйлетеміз? – деген  ойларға басын қатырған жоқ. Павлодар, Екібастұз, Ақсу ірі өндірістік қалалар ғой, сондағы өндіріс орындарының  тамыры қалай соғуда, нендей проблемалары бар, оларды шешуге не кедергі? – деген тақырыпты көтерген емес. Өйткені зерттеу, талдау материалдарын  жазуға біліктілігі жетпейді, ізденуге құлқы жоқ.  Әйтпесе,  инженерлерден сұхбат алып, тақырыпты барлық қырынан ашуға  болушы еді. 

Әкімдік Фариданың ұртоқпақ сыни-шіли жарияланымдарына назар аударған жоқ. «Казахстанская Правда» газетінің облыстағы тілшісі Сергей Горбуновты алқалы жиындарына ұдайы  шақырып отырды да, Ф. Бықайды елеусіз қалдырды. С. Горбунов мықты журналист, беделді азамат ретінде көпшілікке  танымал еді.

«Егемен Қазақстан» газеті акционерлік қоғамының президенті, аса көрнекті журналист Сауытбек Әбдірахманов Керекудің шығармашыл қауымымен кездесу өткізгенде  Ф. Бықай туралы ойымды түгелінің көзінше айтып салғанмын. «Газеттің бұрынғы тілшілері Боранғали Ырзабаев, Нөгербек Біләлов, Ғалым Омарханов, Байтұяқ Жанымбетовті де жақсы білемін. Олар кәсіби журналистер әрі жұртшылық қадырлейтін абыройлы азаматтар болатын, ал Фариданың сүйкімі бар деп айта алмаймын», – дедім. 

Жиынға менің қатысатынымды алдын ала тізімнен көріп  қауіптенді ме  әлде басқа себеппен бе, нақтысын  білмеймін, ол келген жоқ. Бірақ қандай жағдай болса да, тікелей басшысы Сауытбек  Әбдірахманұлының Керекуге сапарында соңынан еріп жүруге тиісті еді. 

Керекудегі айтыстар

Аймақаралық айтыстардың бірінде қазылар мен айтыскерлердің алдын ала танысу, әңгімелесу рәсімі өткен-ді. Қатысушылардың арасында әйгілі айтыс дүлділі Әсем Ережеқызы да бар. Қазылар алқасының төрағасы ретінде ой-пікірімді ортаға салдым. Павлодардың атауы, көптеген көшелер атаулары әлі де патшалық-кеңестік кезеңдегі   қалпында тұрғаны рас. Мұны егемендік алған жылдан бері айтып, жазып жүрміз. Жұртшылыққа мәлім  жайтты қайта қозғап  қайтесіздер? Бәрібір  әкім:  «Сіздер айтып тұр екенсіздер, бұл пролемаларды қазір шешіп берейін» – дей алмайды. Тіпті мұндай сөзді елбасы да айта алмайды. Біршама проблемалар Кремльдің келісімінсіз шешілмейді. Уақыты келген жоқ шығар, шыдай тұрайық. Әйтсе де патша көңілдеріңіз білсін»...   Тек бізден кейін «Ананы-мынаны өлтіре сынаңдар» – деген ұсыныспен біреулер хабарласуы мүмкін. Олардың кімдер екенін біз білеміз, сіздер білмейсіздер. Арандатуына ұрынып қалмаңыздар – дедім. 

Ойлағанымдай, Семейлік айтыскерлерге Фарида Бықай: «Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев түк істеп жүрген жоқ. Егер оны кім мақтаса соны «Егемен Қазақстанда» оңдырмай сынаймын!» – деген сықылды сөздер айтыпты. Іле газеттің бас редакторы Жанболат Аупбаевқа қоңырау шалып, Фарида айтыскер ақындарды қорқытып-үркітіп жатыр, сабырға шақырыңыз, әйтпесе, оның өзін оңдырмай сынаймыз» – дедім. Жанболат Әлиханұлы мән-жайды бірден түсінген сияқты. Әйтеуір, Фариданың  тарапынан әлгіндей  әрекет қайталанбады  және қандай да бір  сын матариалы жарияланбады.

Ал аймақаралық айтыс болса өте жоғары деңгейде өтті! Бақытжан Әбдірұлының өзі сахнаға көтерілді. Мұндай эпизод сценарийде жазылмаған еді. Облыс әкімі: «Астанадағы идеологтар: «Әзірше айтысты тоқтата тұрсаңыз қайтеді. Өйткені айтыскерлер  кейінгі кезде  барлық промлема билікті сынап-мінесе шешіледі деген ұстанымда жүр» – деді. Ал мен: «Біздің ақындар ауылдық елді мекендерден шыққан, өнегелі, тәрбиелі  жастар, артық ауыз сөз айтпайды. Мәдени бағдарламаларда белгіленген іс-шаралар жоспарынан айтысты алып тастасақ, ақындардың жолын кескендей боламыз ғой» – деп жауап қайтардым деді.

Расында, өзге өңірлерде айтыс тоқтатылған кезең еді ол. Әйтсе де мәдени шараларды ұйымдастырушылардың ұстамды саясат жүргізуінің  нәтижесінде орыстанып кеткен өңір саналатын Павлодарда облыстық, аймақаралық, тіпті республикалық айтыстар дүркіреп өтіп жатты! Біздің жас ақындарымыз қанша тәжірибе жинақтады, тіпті кейбірі айтыстың айтулы дарабоздарымен үзеңгі қағыстыруға таяп қалды. Олардың соңынан ілескен мектеп жасындағы  тай-құлындар айдарынан жел есіп бәйге жолында андыздап шауып келеді! 50 шақты ақындардың бәрін дүбірлі додаға қосу мүмкіндігі әзірше шектеулі.

Әсем Ережеқызы Мәшһүр Жүсіптің 150 жылдық мерейтойына да қатысқан еді. Сонда бір арандатушы текенін сөзіне иланғандардың опық жеп қалғанын жақсы білсе керек. Әлгінің: «Мен де Семейденмін, жеңіске жетулеріңе тілектес ағаларың ретінде  келіп  тұрмын,  айтыста Павлодардағы әкім-қаралардың жон арқаларын  аяусыз қамшылаңдар! Сонда ғана олар  халықтың қамын ойлайды!» – деген мазмұндағы қызыл көбік сөздерді майын тамызып айтқан сияқты. Жерлестерінің «жүрекжарды» сөзіне иланған семейлік айтыскерлер бірден Кереку өңірін бірыңғай қара бояумен көрсетуге көшті.

Қазылар алқасының төрағасы көрнекті ақын Ғалым Жайлыбай еді де, мен мүшесі болатынмын. Қарап отырмын, өзге облыстан келген айтулы ақындар ақ-қарасын бірдей айтты. Мұндай жағдайда кімге көбірек ұпай берілуші еді... 

Екінші айналымға семейлік ақындардың  арасынан Әсем Ережеқызы ғана өтті. Бас бәйге мен бірінші орынға тігілген темір тұлпарлар қарағандылық дарынды ақын Дидар Хамитов пен шымкенттік талантты айтыскер Біржан Байтуовқа бұйырды. Екінші, үшінші орындардың жүлделерін Әсем Ережеқызы мен керекулік белгілі ақын Асығат Тұрғанбек еншіледі. 

Әйтсе де Әсем қарындасымыз кейін Керекудегі бірнеше дүбірлі додаға қатысты, бас бәйгені қанжығасына байлады, жүлделі сыйлықтарға да ие болды. Бір жақсысы, сол  күндерде  азғырушыларды жанына жақындатқан жоқ... 

Керекуде айтыс өнерінің даму жолдары қызық. Әлі есімде, 1980 жылдардың ортасында өзге өңірлерде айтыс қолға алынғанында біздің өңірден айтыскерлерді табу оңайға соқпады. Содан мәдениет басқармасының басшысы Қамалбай Марданов аудандардағы мәдениет бөлімдері басшылырын жинап алып жиналыс өткізсін. Қамаң: «Біздің облыста да айтыс жаңғыруы керек, ақындарды іздестіріп тауып дайындаңдар. Таба алмасаңдар өздерің бір-бірлеріңмен айтысасыңдар!» – деген талап қойды.

Әншілік, домбырашылдық өнері бар жазба ақындар додаға білек сыбана кірісті. Не керек, қызу дайындықтың арқасында 1985 жылы Жаяу Мұсаның 150 жылдық мерейтойына арналған Баянауылдағы республикалық айтыс өте жоғары деңгейде өтті! 

Рас, қазіргі уақытта жас айтыскерлерлеріміздің арасында бірден жұртшылықтың алдында халықтың қамын ойлап еңіреп жүрген ер, тарпаң мінезді ақын болып көрінгісі келетіндер бар. Айтар сөздері белгілі. «Бензин-кәрәсін қымбаттады, нанның бағасы аспанға ұшып кетті! Билік басындағылар ай қарап отыр ма?!»... 

Сөздері айна қатесіз шындыққа келеді. Әйтсе де, ондайларға: «Айналайындар-ау, интернетте күн сайын айтылып жазылып жүрген жайттарды неге қаузай бересіңдер? Билік, бәлкім, ай қарап жүрген жоқ шығар, инфляцияны ауыздықтауға шамасы жетпей жүрген болар. Өзге мемлекеттер де осындай  жағдайды бастан өткеріп отырған жоқ па? 

Оңтүстігімізде айдаһар елі, солтүстігімізде аю елі, мұхиттың ар жағында қызылала жалаулы алып империя. Солардың ортасында отырған небары 18 миллион халқы бар, бес Франция сиятын ұланғайыр жері бар, тұрғындары «Біртұтас Қазақстан» идеясы төңірегіне топтаса алмай жатқан, кейбір әлеуметтік топтар ондай  идеяларға  түкіргісі келетін біздің ел ертең тәуелсіздігінен  айрылып қалмай ма? Осындай мәселелер жөнінде неге ой толғамайсыңдар?

Ондай тақырыпты көтеруге ой өрелерің жетпесе де, заманауи Маханбеттің кейпінде көрінгілерің келе ме?  Ендеше әдіс-тәсілін мен айтайын. Көшеде мойындарыңа «Шал кет!» деген плакат іліп алып, Президентті, министрлерді, әкімдерді, департаменттер мен басқарма басшыларын жерден алып, жерге салып сынаңдар! Не деп сынайтыңдарыңды интернеттен оқып аласыңдар... Даттауға да болады. Жариялық, демократия  кезеңі ғой.  «Бізді балағаттадың» деп ешкім тілдеріңді кесіп алмайды, бастарыңды шауып тастамайды. Солай істеуге рухтарың жетпесе, көзден таса жерде бейнетүсірілім жасап, әлеуметтік желілер арқылы таратыңдар. Осындай әдісті қолданып жұртшылыққа танылған қазақ ақындары мен бардтары бар емес пе, солардан  үлгі алыңдар. Сол  әдіс-тәсілді өз басым теріс көрмеймін, өйткені олар жауапкершілікті өз мойнына артады. 

Ал мәдениет басқармалары мен бөлімдері ұйымдастырған айтыстарда басшыны да, хатшыны да сынап-мінеп, тамағын жеп, табағына түкіріп, қаржылай жүлдесін қалталарыңа басып, қалың жаудың бетін қайтарған жойқын батыр сияқты көрермен қауымға қолдарыңды  бұлғап кеткілерің келсе алысқа бармайсыңдар. «Ақын болсаң, Махамбеттей болу керек!  Әкім түгіл патшаның алдында да тайсалмай, қасқайып тұрып бет-жүзін тіліп тұрып айту керек!!!» – деп өздеріңді оққа да, боққа да айдап салатын арандатушы текелерден сақ болыңдар. Ондай әзәзілдер араларыңдағы біреуге бір жарты арақ қойып, «Жарайсың!» – деп арқасынан қақпаса, еш жақсылық жасамайды. Бірақ кесірі барлық ақынға тиеді.

Әкім ертең: «Мына кезеңде халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы төмендегенін өздеріңіз көріп отырсыздар. Қаржыны алдымен әлеуметтік салаға жұмсауымыз керек. Айтысты жағдай түзелген соң жалғастырамыз ғой» – деген әдемі, әйтсе де, негізі бар сөздерді алдарыңа тартса, қайсың не дей аласыңдар? 

Ал билікке таласып жүрген ірі кландардың  көшеде тұрып  немесе интернет арқылы Ақ орда мен Үкімет үйіндегі ақ жағалы ұлықтарды сынап-мінеген ақындарға, бардтарға қаржылай қолдау көрсетуі мүмкін. Белгілі кәсібі жоқ, шығармашылық адамдары өздерінің еңбегінің еленгенін, әрине, теріс көрмейді.

Өз басым айтыскерлерге осындай жайлар төңірегінде ойлануын өтініп келемін. 

Біз  кімбіз?

Біз 1969 жылы Керекудің №3 мектеп-интернатында ұлтшыл оқушы жасөспірімдердің «Жас ұлан» ұйымын құрып, жастар арасында егемен елдік идеясын таратқанбыз.  Кремльдің озбыр іс-әрекеттерін әшкерелейтін үндеу хат та  тараттық. Сол іс-әрекеттеріміз  үшін саяси қудалауға ұшырадық. Бірақ сағымыз сынған жоқ, әлі де әділдіктің ақ туын көтеріп келеміз. Мен ана біреулер айтқандай қазіргі әкімдер қолдан жасаған ұлтшыл ақын емеспін. Сарай ақыны да емеспін. Он бес жасымнан бастап үзеңгілес серіктеріммен бірге егемендік елдік идеясын ту етіп желбіретіп күрес жолына түстім. Кеңес үкіметінің әділетсіз ұлттық саясатына қарсы өлеңдер жаздым. 

«Егенмен Қазақстан» газетінен бастап бірталай беделді басылымдарда «Жас ұлан» ұйымы жайында ғылыми зерттеу еңбектері жарияланды, деректі фильмдер түсірілді, телерадио хабарлары жасалды. Мемлекеттік мұрағаттарда құпия құжаттарды май шаммен іздестірудің нәтижесінде біздің үстімізден 58-баппен қылмыстық іс ашылғанын анықтадық. Бұл бап кезінде Әлихан, Ахмет, Мағжан, Міржақып, Жүсіпбек сияқты Алаш қайраткерлерінің басын жұтқан жалмауыз бап болатын... Қыл арқанды мойнымыздан алған Қазақстан КП Орталық комитетінің І хатшысы Дінмұхамет Қонаев деген сыбыс естігенбіз. Мүмкін бізге Жаратқан иеміздің өзі жар болған шығар. 

Мен рушыл емеспін, ұлтшыл ақынмын,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерімін. «Үш жүзге аты мәлім Жаяу Мұсаның» жиеншарымын, Арқаның айбынды ақын-композиторы  Мәдидің аталас ағайынының ұрпағымын. Қазақстан әнұранының авторы Жұмекен Нәжімеденовтың, қазақ поэзиясының абыздары,  мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары Қуандық Шаңғытбаев пен Мұзафар Әлімбаевтың ақ бастасын алған Кереку өңіріндегі жалғыз ақынмын. Олжас Сүлейменов пен Фариза Оңғарсынованың да ризашылық сезіміне бөлендім. 

Бодандық кезеңінде қиянат көрген жас қанат болсам, егемендік кезеңінде есімі елге танымал мұзбалақ ақынға айналдым. Жас өспірім кезімде коммунистік қоғамның өгей баласы сияқты бұйығы күн кешкенімді, есесіне Ұлы Тәуелсіздік кезеңінде еркін ойдың, тегеуірінді  сөздің иесі болғанымды үлкенге де, кішіге де айтып келемін. Мен алған атақ-даңқтарды ізіммен шауып келе жатқан  жас тұлпарларға бұйырса деймін. «Құрмет» ордені кеудеме қадалғанында  қызғаныштан құлап қала жаздаған әдебиеттегі халтурщиктің жас таланттардың жолын кескеніне бей-жай қарай алмаймын!

Ұлттық мұрат-мүддені ұлықтаған әкім Ерлан Арынның басына бұлт үйірілген кезде облыстағы  ғылым, білім, мәдениет, әдебиет, тіл салаларының 50 шақты беделді  өкілдерінің атынан Президенттің атына Ашық хат жолдадым. Сот процесіне күн сайын қатыстық. Ерлан Мұхтарұлы орнатқызған Қалижан Бекхожиннің мүсіні жанында Ерекеңнің жеке басына тіл тигізген  орыс тілді журналистерге қарсылық акциясын өткіздік. Баспасөз бетінде тартыстық. Бізді қаржы полициясымен қорқытып, Ерлан Арынды одан әрі мұқатуды көздеген «Версия» газетінің редакторы Ярослав Голышкин кейін басқа әкімді бопсалағаны үшін сотталып кетті. Орыс тілді ақпарат айдынының акулаларымен шарпыстық. «Времяның» тілшісі Ольга Воронько, «Ратель кз» тілшісі Джамиля Маричева, «Версияның» құрылтайшысы, ардагер журналист Василий Голышкин (Ярославтың әкесі), «Караванның» тілшісі Ризабек Исабеков бейнелі тілмен айтсақ, ақпарат айдыныннан  шоршып шығып желкені жыртық қайықта отырған экс-әкімді құрдымға әкетуге әрекеттенді. О.Воронько сот ғимаратында қуанышты көңіл күйін жасырмай, сойдақ тістерін ырситып, қарқылдап күлуден қымсынған жоқ. Оның Баянауылда екі батырдың ескерткішіне қарсы мақала жазуы «заңды» еді. Қазақтардың ұлттық мұрат-мүддесіне деген көзқарасы бұлыңғыр тілшіден әрдайым қара бояуы басым мақалалар күтуге болады деген пікірдемін.

Уақытша оқшаулау мекемесіне үйіміздегі ас-суды апардық. Үй тағамына аңсары ауып жүрген шығар дедік. Ал облыстық әкімдікте, С. Торайғыров атындағы ПМУ-де Ерекеңмен бірге істеген бірер азаматтан басқасы теріс айналып кетті. Тар қапасқа қамалған  ер азаматтың ар-намысын қорғауға келгенде қандыауыз мылтық ұңғысына  кеудесін тоса алатын нар тәуекелшіл қазақтардың  бар екенін дос-жарандарымызға да, қас дұшпандарымызға да көрсеттік. Ерекеңнің моральдық-психологиялық торығуға түспеуін тіледік. 

Министрліктердегі, әкімдіктердегі түсініксіз  жайттар  әлі қайталанады. Кең кеңселерде жайлы тақтарда отырған мемлекетшіл басшылар  да білектеріне темір  кісен салынып, тар қапастарға жеткізіледі. Ер жігіттің басынан не өтпейді?..

Ашық хатқа қол қойған азаматтарға: «Егер өздеріңе прокуратура, ҰҚК, полиция, әкімдік тарапынан қысым жасалса, маған айтыңдар» – дедім. Ақсу қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы Валентина Хохлова: Ақсу қаласының құрметті азаматы, кезінде «Азат» қозғалысының аудандық ұйымын басқарған қоғам қайраткері, «Қазақ тілі» қоғамының белсенді мүшесі Светлана Қондыкероваға: «Қылмыскерді неге жақтайсың!» – деп шүйлігіпті. Сот үкімі шықпай жатып,  күдіктілер  санатында жүрген адамды қылмыскер деп айыптағаны үшін В. Хохлованы сотқа беруді ұйғардық. Осы ойымды облыс ішкі саясат басқармасы басшыларына жеткіздім. Көп ұзамай әлгінің өз еркімен қызметінен кеткенін естідік. Бір жақсысы, басқа жақтан жаман хабар келмеді.  

Оң қолымды жүрек тұсына басып тұрып шынымды айтсам, Ашық хатқа қол қоюшыларға мемлекеттік органдар тарапынан қысым жасалса, оларға қарсы саяси шара ұйымдастыруды көздегенмін. Ал шолақ белсенділер болса басқа істермен айналысты. 

2020 жылы онкодиспансерге ауыр халде түскенмін. Маңдайдағы сызық үзілетін мезгіл жетті-ау, сірә, – деген ауыр ой санамды жаныштап тастады. Амалсыз замандастарыма қоштасу жырларын жаздым. Кезінде орынсыз сынаған шығармын деген оймен облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Мейрам Бегентаевтан  өлеңіммен кешірім сұрадым. Рас, оны ғана емес, облыс, қалалар, аудандар әкімдерін, олардың орынбасарларын, басқармалар мен бөлімдер басшыларын, Парламент пен облыстық мәслихат депутаттарын, облыстық газеттің бас редакторы мен тәуелсіз орыстілді басылымдардың редакторларын, тілшілерін, ұлттық саясаттың исі мұрнына бармайтын, сөйте тұра, «Атың шықпаса жер өрте!» деп жүрген дәлдүріш шолақ белсенділерді де сынап, фотосуреттерін фейсбуктегі парағыма, интернет порталдарына салғанмын. Қарсыласқандарды өлеңіммен масқарасын шығардым. Ұлттық мүддемізді ұлықтаған басшыларымызды керісінше мадақтадым. Сыни мақалалар бірте-бірте ұмытылады, ал менің өлеңдерім бір кітаптан екінші кітапқа  енеді, өлеңсүйер қауымның жадында сақталады. Солай емес пе?

Фейсбуктегі жырларымнан жағдайымның жақсы емес  екенін жұртшылық аңғарды ғой деймін. Қазақстанның әр түкпірінен  мені танитын, сырттай білетін қазақтың қабырғалы ақын-жазушылары, айтулы қоғам қайраткерлері, мәдениет пен өнер салаларының  көрнекті өкілдері, солармен  қатар қарапайым азаматтар да дерттен жазылуыма тілектес екенін айтты.

Фейктер

Интернет байланысы дамыған заманда біздің елге ғана емес, шетелдерге де  түрлі  хабарлар тарату соншалық қиын іс емес екен. Мұндай істі әбден меңгеріп алған әккі мақтангөйлер ұлтшыл патриоттың образына еніп, көшеде өңешін керіп айқай-шу шығарған бейне түсірілімін әлеуметтік желілерге салып, көпшілікке танылды...  Біз  шовистермен,  нигилистермен арпалысып жүргенімізде  жергілікті қазақ журналистері Ашық хаттың астына Ерекеңнің жеке басына тиісіп, біздің де ар-ұжданымызды қорлайтын пікірлер қалдырды. Онымен тынбай, қазақ тіліне қарсы орыс тілді жерлестерімізге  Абай кз порталына қалай кіріп, қалай жалған ныспымен жазбалар қалдырудың жолын көрсетті.  

Менің және үзеңгілес серіктерімнің ерлікке жетеқабыл іс-әрекеттерінің бәрін фейктер жоққа шығаруға тырысты. Біразының кімдер екенін сеземін. Кеңес үкіметі тарқайтын кезде бұлар жалаңбұт жүгіріп жүрген балалар емес, тепсе темір үзетін жігіттер  еді. Сөйте тұра, ұлттық мұрат-мүдде туралы «мәу»  деп дыбыс шығаруға рухы жетпеді. 

Онкодиспансерде жатқанымда  «Қазақ Жай» атын жамылған фейк: «Әй, әлі өлген жоқсың ба! Қашан өлесің!» деген жазба жіберді. Одан соң мені құбыжық кейпінде көрсетіп, он бес жасында өлген жалғыз ұлыма да жала жапты! Орысша шала сауатты жазылған сол жазбаны вацап желісі арқылы таратты. 

Алғашқыда не ойларымды білмей, дағдарып қалдым. Мұндай сөздерді мұсылмандар  түгіл кәпірлер де айтпайды! Бұл сөздер – кісі кейпіне енген сайтанның аузынан ғана шығатын сөздер! Аты-жөнін көрсетсе, албасты малғұнның шашынан сүйреп сотқа апарушы едім, амал не... Дегенмен өзімше әрекеттендім, интернет бағдарламаларымен айналысатын таныс азаматтар бар еді. Соларға «Қазақ Жай» ныспысын иеленген фейкті табуға көмектесуін өтіндім. Олар әлгінің өзге облыста тіркелгенін, із жасыру мақсатында шетелдік бағдарламаны пайдаланатынын анықтады. Интернет порталдары редакторларынан  фейктердің  айпимекендерін сұрап алдым. Ұялы телефоныма хабарласқандардың даусы автоматты түрде телефонымның жадына жазылып сақталады.

Сырлас, сыйлас азаматтардың бірі: «Ареке, ондай жазбаларға мүлде назар аудармаңыз, «Ит үреді,  керуен көшеді» деген осы емес пе?»  – деп  кеңес берді.  Ойланып қалдым.     Сөз түйіні 

Аймақ  басшысы Әбілқайыр  Сқақов пен Баянауыл ауданының жаңа әкімі Серік Батырғожинов мырзалар Олжабай мен Жасыбай батырлардың монументін орнатуға қарсылық акциясын өткізгендердің кімдер екенін пайымдайтын шығар. Наразылық хатына қол қойған ақсақалдар мен кәсіпкерлердің есім-сойлары интернет сайттарында жүр. Ал еңселі ескерткішті қолдағандар еліміздің танымал тұлғалары: Оспанов Х.Қ., ҚР ҰҒА-ның  құрметті академигі, ҚазССР-ның еңбек сіңірген өнертапқышы, химия ғылымдарының докторы, 2011 жылғы Нобель сыйлығының номинанты, платиналы Тарлан сыйлығының иегері; Әшімов А.Ә., Қазақстан Республикасының Еңбек ері, актер, кино және театр режиссері, ССРО-ның, ҚССР-інің халық әртісі, ССРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Отан орденінің иегері; Әуезов М.М., мәдениеттанушы ғалым, дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты; Шокин Қ.Ш., физика-математика ғылымдарының докторы, АҚШ, Нью-Йорк Академиясының академигі; Әбусейітова М.Қ., ҚР ҰҒА-ның корреспондент мүшесі, тарих ғылымдарының докторы; Негимов С.Н., Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, ЕҰУ профессоры; Марғұлан Д.Ә., Әлкей Марғұлан атындағы қоғамдық қордың вице-президенті, химия ғылымдарының кандидаты,   Әлкей Марғұланның қызы; Шанина Ж.Қ., қоғам қайраткері, педагог, Жұмат Шаниннің немересі; Қонаев Д.А., «Әуезов үйі» ғылыми орталығының директоры, сондай-ақ өзге де танымал тұлғалар және  Баянауыл ауданының құрметті азаматтары, қоғам белсенділері екені жұртшылыққа аян.   

Енді «Ескерткіш те керек, Саябақ та қажет!» атты мақаламды әкімдер қайта қарап, Олжабай мен Жасыбай батырларға  сәулетті ескерткіш орнату мәселесін дұрыс  шешеді  деген ойдамын. Бұдан кейін осы  тақырыпқа оралмайтын шығармын.  

Егер екі батырдың аруағы мен он бес жасында өлген жалғыз ұлымның аруағын қорлаған фейктер мақаламның астына тағы да теріс лайк басып, қайтадан  жеке басымды даттайтын жазбалар қалдырса, сотқа берем! Олардың айпимекендері белгілі.

Мен көне заманнан қазақтың көкірегіне қонған  «Таспен атқанды аспен ат» деген аталы сөзді құрметтеймін. Сөйте тұра, тас лақтырғандарға тас жаудырып жүрмін.  Өйткені өте кекшілмін! Жаман мінезім осы. Кеңестік кезеңде жасөспірім шағымнан бастап көп қиянат көрдім ғой. Сол кезде өң-бойыма  еніп, орнығып қалған теріс қылық осы болса керек. Әлде «Аттыдан жаяу жүріп кек аламын!» – деп әндеткен  даланың  жаужүрек серісі арғы нағашым Жаяу Мұсаның бір тамшы қаны бойымда қалды ма екен? Кім білсін.

Алдында шолақ белсенділерді меңзеп «Ескерту» атты өлең жазғанмын. Енді ҚР Қылмысты Кодексiнің 131-бабында қорлау әрекеттеріне қылмыстық жауапкершілік белгіленгенін айтамын. 

1. Қорлау, яғни басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiн әдепсiз түрде кемсiту бір жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз жиырма сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға жазаланады.

2. Көпшiлiк алдында немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жасалған дәл сол іс-әрекет –екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға жазаланады.

Ой-санасы орта ғасырларда қалған, өз ата-бабасының аруағына асқан  өшпенділік сезімімен қарайтын мәңгүрттер мен  әркімнің ар-ұжданын кемсітуге бейім  шолақ белсенділердің іс-әрекеттеріне осы баптың  дәл келетінін ескертемін.

Ал олармен сөз тәжікелестіру мен үшін абырайлы іс емес, жиіркенішті іс! Әйтсе де ешкімге өлім тілемеймін. Бәріміз аман-сау болайық.

Арман  ҚАНИ, Павлодар қаласы.