Әскери қызметтегі сарбаз Әлібек Қалбайдың өліміне күдікпен ұсталған Айболат Азаматұлының анасы президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа видео үндеу жасады, деп жазады Ulysmedia.kz.
Айболат Азаматұлының анасы Әлібек Қалбайдың өліміне ұлының қатысы жоқ екеніне сенімді. Ол ұсталған ұлын қамаудан босатуды және оған қатысты тергеуді тоқтатуды талап етеді.
Еске салсақ, әскерге шақырылған сарбаз Әлібек Қалбай Жамбыл облысы Гвардейский кентіндегі әскери бөлімде қызмет басталғанына төрт күннен кейін қайтыс болды. Сарбаздың туыстарының айтуынша, 18 жастағы жігітті соққыға жыққан. Әлібектің бүкіл денесі көгеріп кеткен.
25 сәуірде Қасым-Жомарт Тоқаев сарбаздың өлімінің себептерін анықтауды тапсырды.
3 мамырда Әлібектің өліміне күдікті ұсталды. Бас әскери прокуратура қамауға алуға куәгердің айғақтары мен зорлық-зомбылықпен өлім белгілері бар сот-медициналық сараптамасының қорытындысы негіз болғанын алға тартады. Күдіктінің әрекеті адам өліміне әкеп соққан заң нормаларын бұзу ретінде сараланады.