Ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев туралы қаншалықты білеміз? Skifnews.kz ақпарат порталы бүгінгі материалында мемлекет басшысы туралы қызықты ақпараттармен бөліспек.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін 69 жасқа келді. Алматы қаласының тумасы. Ел басшысы Екінші дүниежүзілік соғысының қатысушысы және белгілі жазушының отбасында дүниеге келген. Дәлірек айтсақ, әкесі Кемел Тоқаев (1923-1986) Ұлы Отан соғысының ардагері, белгілі қазақ жазушысы болса, анасы Тұрар Шабарбаева (1931-2000) Алматы шет тілдер педагогикалық институтында жұмыс істеген.
Қызмет жолына көз жүгіртсек, 1992 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары болып тағайындалды. 1993 жылы сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, 1994 жылы сыртқы саяси ведомствоның басшысы болды. Тоқаев сыртқы істер министрлігін бес жыл басқарды.
1999 жылдың наурызында премьер-министрдің орынбасары болып тағайындалды. Ал 1999-2002 жылдары Қазақстан үкіметін басқарған. 2002 жылдың қаңтарында отставкаға өтініш берді, кейін Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі болып тағайындалды.
Тоқаев бас-аяғы он жыл Қазақстанның сыртқы істер министрі болды (1994 – 1999, 2002 – 2007). Сыртқы саяси ведомствоның басшысы ретінде ядролық қаруды таратпау ісіне белсене атсалысты. Бұрынғы дипломаттар Тоқаевты "ел дипломаттарының жетекшісі, халықаралық дипломатияда салмағы бар тұлға" деп бағалаған.
2007-2011 жылдар аралығында ҚР Парламенті сенатының төрағасы қызметін атқарды.
2011 жылдың наурызында Тоқаев БҰҰ бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің бас директоры, сондай-ақ Қарусыздандыру жөніндегі конференцияның бас хатшысы болып тағайындалды. Содан кейін, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы (2013—2019) қызметін атқарды. 2019 жылдың 9 маусымында өткен сайлауда 71% дауыспен жеңіп, тәуелсіз Қазақстанның президенті болып сайланды. Қазақ, орыс, ағылшын, қытай және француз тілдерін біледі.
Президенттің хоббиі – кітап оқу. Оның ішінде мемуарлық, тарихи және көркем әдебиеттерді сүйіп оқиды. Сондай-ақ, өзі де бірнеше кітап пен халықаралық қатынас мәселелері туралы көптеген мақаланың авторы. Үстел теннисін ойнағанды ұнатады. Аталған ойын түрінен спорт шеберлігіне кандидат.
Саяси қайраткер ретіндегі идеалы - Ф.Д. Рузвельт, Дэн Сяопин, У. Черчилль.
Ел болашағы туралы болжамы - «Экономикасы дамыған және халықаралық қоғамдастықта ұстанымы мықты демократиялық мемлекет».