Әлеуметтік желіде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзінің жетістікке жету құпиясымен бөлісіп, криптовалютамен қомақты қаржы табуға мүмкіндік беретін Immediate Edge бағдарламасы туралы айтқаны жайлы сұхбат таралуда. Stopfake.kz хабарлауынша, бұл ақпарат шындыққа жанаспайды.
Сайттың мәліметінше, шын мәнісінде Мемлекет басшысы мұндай сұхбат бермеген. Мәтінді де, «жетістікке жету құпияларын» да алаяқтар жазған.
«Дәл осындай «сұхбат» 2020 жылы Австралияда тараған болатын, бірақ ол кезде әйгілі австралиялық кәсіпкер Дик Смит пен жазушы Валид Алиден «сұхбат берген». Осыдан кейін австралиялық БАҚ бұл – алаяқтардың ісі деп хабарлады. Өкінішке орай, ол кезде елдің кейбір тұрғындары өз жинақтарынан айырылып қалған болатын», - деп жазады Stopfake.kz.
Портал ұсынған ақпаратқа сәйкес, 2021 жылы Immediate Edge Ұлыбританияда жарнама науқанын белсенді түрде жүргізе бастаған. Алайда кейін клинттердің пікір алмасуына арналған Trustpilot.com сайтында тұрғындар Immediate Edge-ні «алаяқтар» деп жазған.
Пайдаланушылардың бірі, тіпті олардың жұмысы мен схемасын егжей-тегжейлі сипаттаған. Оның сөзінше, аз да болса, қызығушылық танытқан клиенттерге әр түрлі «менеджерлер» ұдайы қоңырау шалып отырады және сауда-саттыққа қатысу және қомақты қаржы табу үшін 250 фунт стерлинг төлеуді ұсынады.
Ал төлем жасалғаннан кейін, сауда-саттыққа қатысуға рұқсат берілмегені және «тапқан» ақшаны алу мүмкін емес екені анықталады. Сонымен қатар онлайн-алаяқтарды әшкерелеумен айналысатын ScamCryptoRobots.com порталы да Immediate Edge-нің – алаяқтық жасап жүргенін жазған.