Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин Алматы қаласында өткен концерт барысында «Ирина Кайратовна» және Shiza деген әншінің концертінде Көк туды умаждап, қалай болса солай ұстап тұрып көрермендерге боқауыз сөздер жаудыртқан жат қылықтарына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Мемлекеттік хатшының айтуынша, мұндай әрекетке концертте ішімдік ішілгендіктен жол берілген.
«Алматы қаласындағы концерт кезінде болған оқиға қазір қоғамда қызу талқыланып жатыр. Біздің білуімізше, концертті «NS group» ЖШС ұйымдастырған. Shiza лақап атын иеленген азаматтың Мемлекеттік туға қатысты әрекеті жіті тексеріліп, оқиғаның мән-жайы анықталуы қажет. Концертте ішімдік ішілгендіктен мұндай әрекетке жол берілген деп ойлаймын. Жастар осы бір келеңсіз оқиғадан сабақ алып, қарапайым мәдениет пен этикетті меңгеруі қажет.
Сонымен қатар, мұндай ауқымды іс-шараларды ұйымдастырушылар да жауапкершілікті сезінуі керек. Олар концерт ұйымдастырған кезде ішімдік ішілуіне жол бермеуге, басқа да оқыс оқиғалардың алдын-алуға тиіс. Біз мемлекеттілігіміздің, Тәуелсіздігіміздің символы саналатын Мемлекеттік туға зор құрметпен қарауымыз қажет. Оны аяқасты етуге жол бермеуіміз керек. Туымызды немесе басқа да рәміздерімізді қорлаған әрекеттер құқықтық-нормативтік актілерге сәйкес жауапкершілікке тартылады. Өйткені, заң баршаға ортақ. Еліміздің әрбір азаматы Мемлекеттік туды құрметтеп, қастер тұтуы қажет деп санаймын», - деп жазған өзінің facebook парақшасында.
Анықтап айтар болсақ, концерт кезінде «ИК» тобының тұрысы мен өзін-өзі ұстауларынан қауіптенген ұйымдастырушылар олардың қолындағы Туды көрермендер көзінше алып кеткен. Осыған ашуланған топ мүшелері жауап ретінде өздерін сынайтын хэйтерлерге боқтық сөздер жаудырып үлгерген.
Мәселен «ИК» тобының мүшесі Алдияр Жаппарханов жұртқа бағыттап тұрып «Артымыздан сөйлеп жатқан бүкіл хэйтерлерге айтарым - көре алмай к*ті ашып жүргендер, жабады бізге мың жала. Қазаққа жау болатын қазақ қана, к*тің ашыса тұз жала», - деген болатын.
Оқиға қатысты топтың мүшесі Азамат Маркленов болған жағдайды толықтай мойындап кешірім сұрады. "Қазақстандықтардан кешірім сұрағым келеді. Өзімді сахнада мәдениетсіз ұстағаным үшін, ішімдік ішкенім үшін. Мойындаймын менен кеткен үлкен қателік болды. Енді қайталанбайды" -, деді топ мүшесі.