Бірер күннен кейін халық талқысына ұсынылғалы отырған Конституциялық реформаларға негізделген референдумнан қазақ халқы үлкен үміт күтіп отыр. Бұл туралы ашық аспан астындағы «Референдумға барамын» телемарафонында Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Халық талқысына ұсынылғалы отырған бұл референдумның мәні мен маңыздылығы өте жоғары болғалы отыр. Себебі бұл жасалып жатқан реформалар – тарихи реформалар. Өйткені Қазақстан қазір тағы бір кезеңге аяқ басып оты. Бұл – тарихи сәт әрі тарихи оқиға. Бұл реформалар жоғарыдан келген бір нұсқау немесе тапсырма арқылы емес, халықтың, қоғамның сұранысынан туындап отырған дүние. Халықтың сұранысына негізделген реформалар» деп өткен Мәжіліс төрағасы халық бұл референдумнан кемі үш сұраққа жауап алғалы отырғанын айтады. Яғни референдумға барған әрбір адам ең алдымен өзінің отбасының, ұрпағының болашағының қандай болатынына жауап іздейді. Екіншіден, өзінің туған өлкесі, ауылы, қаласының келешегі қандай болмақ деген сұраққа жауап алып, еліміздің болашақта қандай жолмен дамитын бажайлай алады.
«Президенттің осыдан үш жыл бұрынғы алғашқы бастамалары қандай еді? Ол «халық үніне құлақ асатын мемлекет құру» еді. Сол жүйелі тұрғыда осыған бастап алып келеді. Халық үніне құлақ асудың бір көрінісі – бүгінгі болып жатқан, қоғамның сұранысынан туындаған реформалар.
Реформадан әр қазақстандық не күтеді? Ең алдымен, өзінің отбасының, ұрпағының болашағының қандай болатынына жауап іздейді. Екіншіден, өзінің туған өлкесі, ауылы, қаласының келешегі қандай болмақ деген сұраққа жауап тапқысы келеді. Үшіншіден, еліміздің болашақта қандай жолмен дамитынына жауапты көрсем дейді. Бүкіл осы сұрақтарға жауапты әрбір отандасымыз Президенттің реформаларынан тапты деп ойлаймын», дейді ол.
Сонымен қатар ол аталмыш реформа халық арасында үлкен қолдау тауып отырғанын айтады.
«Таяуда ғана Мәжіліс депутаттары, Amanat партиясының өкілдері, басқа да қоғамдық штабтар құрылып, қоғам белсенділері ел-елді аралап келдік. Мен өзім де бірнеше өңірде болдым. Сондағы азаматтардың, халықтың басым көпшілігінің осы реформаларды қолдап отырғанына өзіміз куә болдық. Тіпті, көп мәселелерде билікке сын көзбен қарайтын азаматтардың өзі осы референдумға барамыз, дауыс береміз дегенін өз құлағыммен естідім. Оны менен басқа да депуттаттар өз құлағымен естіді. Яғни ол реформаларға халықтың көзқарасы оң екендігін байқадық.
Елімізде басты құндылық – адам екені белгілі. Сондықтан осы референдумның басты кейіпкері де – адам, адам құқығы, құндылығы. Конституциялық құқығының қорғалуы мәселелері қамтылғаннан кейін де азаматтарымыз реформаларға оң көзбен қарап, қолдап отыр. Тек қана біздің қоғам емес, бүкіл әлем жұртшылығы, қауымдастық осыған үлкен баға беріп отыр.
Жақында елімізге ОБСЕ ұйымының төрағасы келіп кетті. Осы кездесулерде ұйым төрағасы Рау мырза референдумға үлкен маңыз бере келе Тоқаев бастап беріп отырған жүйенің қазақ халқын алға сүйрейтін драйвер екеніне маңыз беріп, жоғары баға беріп кетті. Расы керек, бұл ОБСЕ ТМД елдеріне қатысты сыни көзқараспен қарап келе жатқан ұйым ғой. Осы тұрғыдан қарағанда бұл үлкен жетістік әрі жоғары баға деп білемін», дейді ол.
Мәжіліс төрағасы сөз арасында аталмыш референдумның қоғамды әділдікке, еркіндікке, демократияға бағыттайтын реформа екенін атап өтті.
«Біріншіден, осы өзгерістер, референдумға енгізу арқылы қабылданатын реформалар – тұнып тұрған демократия. Себебі әділдікке, еркіндікке, әр адамның тең мүмкіндік алуына, ашықтыққа және де жариялылыққа бағытталған реформа.
Демократия дегеніміздің өзі – халықтың пікірімен санасу, халықтың пікірін ескеру, билік пен халықтың бір-бірін түсінуі. Сондықтан осы реформада баптардың барлығы Қазақстанды демократияландыруға арналған.
Мысалы үшін, ең басты құндылық – адам. Президент өзі тікелей жұмыс тобына жердің үстіндегі, астындағы байлықтың иесі – халық екендігін айтып, ұсыныс берді. Қазір бұл талқыланып жатыр. Бұл дегеніміз референдумның құқықтық маңызынан гөрі, идеологиялық, моральдық салмағы артықтау. Бұл әрбір адамға «жердің асты үстінде жатқан байлықтың иесі мен екенмін ғой!» деген деген сенім береді. Екіншіден, әр адамға жауапкершілік жүктейді. Ең бастысы азаматтарға елдің саяси өміріне еркін араласуға мүмкіндік берілгелі отыр», - дейді Ерлан Қошанов.