Саясат 06.06.2022 сағат 20:13

Ұлттық құрылтай Ұлытауда өтеді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл туралы бүгін референдум қорытындысы бойынша Қазақстан халқына үндеуі барысында айтты.
Ұлттық құрылтай Ұлытауда өтеді
Фото: akorda.kz
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

«Қастерлі Тәуелсіздігімізді, ел бірлігін және қоғамдық келісімді нығайту – біздің негізгі міндетіміз», деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін референдум қорытындысы бойынша Қазақстан халқына үндеуі барысында.

«Бұл реформалар құр атақ-абырой үшін қолға алынған жоқ. Мұның бәрін Жаңа, Әділетті Қазақстан құру үшін жасап жатырмыз. Халқымызда «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деген сөз бар. Бабаларымыз маңызды мәселені алқалы жиында шешкен. Мен осы дәстүрді жаңғыртып, Ұлттық құрылтай құру туралы бастама көтердім. Оған қоғамның түрлі топ өкілдері, беделді әрі белсенді азаматтар шақырылады. Құрылтайдың алғашқы отырысы ұлт ұясы – Ұлытауда өткізіледі. Осылайша, азаматтардың мемлекет ісіне атсалысу мүмкіндігі арта түседі. Шын мәнінде, еліміздің тағдыры – әрқайсымыздың қолымызда», - деді Президент.

Мемлекет басшысы сонымен қатар, қоғамдық және жеке құндылықтар жүйесін түбірімен жаңғырта білуіміз керек екенін еске салды. Оның сөзінше, сонда ғана барлық салада түбегейлі өзгеріс жасай аламыз.

«Жаңа Қазақстанның ең басты байлығы – халық. Ал, ең негізгі мақсаты – азаматтардың бақытты өмір сүруін қамтамасыз ету. Әрбір азаматымыз саяси өзгерістер мен экономикалық өсімнің жемісін көруі қажет. Құрғақ уәде мен бос сөз ешқайда апармайды. Мен үшін нақты іс пен шынайы өзгеріс бәрінен маңызды. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін бар күш-жігерімді саламын.  

Референдум қорытындысы біздің мемлекеттігіміздің тарихында мүлде жаңа дәуір басталғанын көрсетеді. Халқымыз өз таңдауын білдіру арқылы түбегейлі бетбұрыс жасауға ұмтылысын көрсетті. Жасампаз ел болуға деген ықылас-ынтасын байқатты. Елімізді дамыту үшін әлі де көп жұмыс атқаруымыз керек. Бүкіл ел болып жұмылсақ, көздеген мақсатымызға міндетті түрде жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін.

Бүгін тәуелсіз Қазақстанның даму тарихында жаңа дәуірге жол ашылды. Осы жолда бірлігіміз әрдайым бекем болсын!

Жаңа Қазақстанды бәріміз бірге өркендетейік, ағайын!», деді Тоқаев.

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар