07.06.2022, 12:00

«ҚазМұнайГаз» басшылығы айлығын ашық айтудан бас тартты

Әр адамның айлығы қанша екенін біз айта алмаймыз, өйткені ол әр адамның жеке мәліметі болып саналады.

ҚазМұнайГаз басқарма төрағасының орынбасары Дәурен Қарабаев ұлттық компаниядағы басқарма мүшелерінің айлығын ашып айтудан бас тартты, деп жазады Ulysmedia.kz порталы. Бүгін ұлттық компанияның үш айдағы жұмысының көрсеткішін баспасөз мәслихатында Дәурен Қарабаев баян етті. Сұрақ-жауап кезінде Қарабаевқа жоғарыдағы сұрақ қойылды.

«Жаңа Қазақстанда ашықтыққа, транспаренттілікке баса мән беріліп жатыр ғой. Сіз өзіңіздің және басқарма мүшелерінің, атап айтқанда басқарма төрағасының, оның орынбасарларының, атқарушы директордың айлығын айта аласыз ба?» - деген сұрақ қойылды Қарабаевқа  Ulysmedia.kz порталынан.

Бұл сұраққа жауап беруге оқталған Дәурен Қарабаев алдымен ҚазМұнайГаз басшыларының айлығы жылдық есепті жариялау кезінде айтылатынын атап өтті.

«Жылдық есеп компанияның сайтына орналастырылған. Әр адамның айлығы қанша екенін біз айта алмаймыз, өйткені ол әр адамның жеке мәліметі болып саналады. Біздің веб-сайттағы жылдық есебінде көрсетілген ақпаратқа қарасаңыз, ол былай келтірілген: 2021 жылдың қорытындысы бойынша директорлар кеңесінің жалпы сыйақысы 181 млн теңге. Ал басқарма мүшелеренікі – 228 млн теңге», - деді ол.

«Сіз жалпы айтып тұрсыз? Жеке-жеке айта алмайсыз ба?» деген сұраққа Дәурен Қарабаев іркіліп қалды. «Жоқ дегенде өз айлығыңыздың мөлшерін?» деген екінші сұрақ қойылғанда ол ақпарат «жеке мәліметтерге жататындықтан, оны әзірге айта алмаймыз» деп жауап берді.

Айта кетсек «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма мүшелерінің қатарында басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевтің төрт орынбасары бар. Олар: Дәурен Қарабаев (Басқарма төрағасының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары), Құрманғазы Есқалиев (Басқарма төрағасының барлау және өндіру жөніндегі орынбасары), Мұрат Мұңбаев (Басқарма төрағасының ірі мұнай-газ жобалары жөніндегі орынбасары) және Дастан Абдулғафаров (Басқарма төрағасының стратегия, инвестициялар және бизнесті дамыту жөніндегі орынбасары).

Ал директорлар кеңесі мына адамдардан құралған: Уолтон Кристофер Джон (Директорлар кеңесінің төрағасы, тәуелсіз директор), Мағзұм Мырзағалиев (басқарма төрағасы), Ұзақбай Қарабалин («Самұрық-Қазына» АҚ мүдделерінің өкілі), Ернар Жанәділ («Самұрық-Қазына» АҚ мүдделерін білдіруші), Ғибрат Ауғанов («Самұрық-Қазына» АҚ қоғаммен байланыс және өзгерістерді басқару жөніндегі басқарушы директоры), Холланд Филип Малкольм (тәуелсіз директор), Миллер Тимоти Глен (тәуелсіз директор).