Біз 1969 жылы Павлодар қаласындағы №3 мектеп-интернатта оқып жүрген кезімізде құрған ұлтшыл жасөспірімдердің «Жас ұлан» атты жасырын саяси ұйымы жөнінде кеңестік заманда айтуға да, жазуға да тыйым салынды. Есесіне егемен елдік кезеңінде ұйым туралы ондаған зерттеу еңбектері жарық көрді, халықаралық, республикалық беделді басылымдарда біршама мақалалар жарияланды, деректі фильмдер түсірілді, телерадио хабарлары жасалды. Әйтсе де, «Жас ұланның» іс-әрекеттеріне әлі әділ саяси баға берілген жоқ.
Ұйым тарихын қысқаша баяндайын. Біз ұлт азаттық күрес жолында шаһит болған Кенесары хан, Алаш қайраткерлері, Түркістан легионы жөніндегі деректерді түрлі әдебиет көздерінен іздестіріп, тірнектеп жиып, зерделеу арқасында ұлттық саясат мәселесіне араласа бастағанбыз. Сөйтіп, өзіміз шамалас жасөспірімдер арасында егемен елдік идеясын тараттық, Кремльдің ұлттық саясатына қарсы өлеңдер жаздық, үнпарақтар арқылы жұртшылықты отаршылдыққа қарсы бас көтеруге шақырдық, 1970 жылғы 1 мамыр шеруіне «Қазақ мектептері мен қазақ балабақшалары ашылсын!» деген ұранжазулар көтеріп шығуды жоспарладық. Бірақ шараны жүзеге асыруға үлгермедік. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің облыстық басқармасы 1969 жылдың желтоқсан айында ұйымды әшкерелеп, мүшелерін түгелдей қолға түсірді.
1970 жылы МҚК облыстық басқармасындағы тергеу аяқталған соң, облыс прокуроры Л. Иванов ұйым белсенділерінің үстінен қылмыстық іс қозғапты. Бұл жайында бертін ғана білдік. Кезінде «Жас ұланның» жетекші құрамының мүшесі болған, қазіргі кезде есімі өлкетанушы, шежіреші ретінде белгілі Қайролла Кәженов 2019 жылы облыстық мемлекеттік мұрағаттар басқармасы қорынан ұйымға қатысты «құпия» белгісі соғылған құжаттарды тапты. Соның нәтижесінде көптеген жайдың анық-қанығына көз жеткіздік.
Енді 60 жылға таяу уақыт бойы облыстық мемлекеттік мұрағат қорында жасырын сақталған құжаттардың жай-жапсарын айтып өтейін. Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті облыстық басқармасы тарапынан облыс прокуроры, әділеттің аға кеңесшісі Л. Ивановқа 1970 жылғы 7 сәуірде жолдаған № 5/0-879 баянхатта ұйымға қатысты жинақталған материалдар тізімі көрсетілген. Құжатта Арман Қаниевтің түпнұсқа түсіндірмесі – 90 бет, Сембай Құсайыновтікі – 49, Рахметхан Нұрбасаровтікі – 47 бет, Кәженов Қайролланыкі – 20 бет, Қабылбеков Қайраттікі – 14 бет, Жапаров Қайыргелдінікі – 2 бет екені, қосымшасы 324 беттен тұратыны көрсетіліпті. Құжатқа Павлодар облысы бойынша МҚК басқармасы бастығының орынбасары Фисенко қол қойған.
ҚКСР Министрлер кеңесі жанындағы мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Павлодар облысы бойынша басқармасының бастығы, полковник А.Д. Досымбековтың атына облыс прокурорының аға көмекшісі, әділет кеңесшісі Р. Абдуллин 1970 жылдың 5 мамырында арнайы баянхат жолдаған. Онда былай делінген: «Направлеям постановление о возбуждения уголовного дела от 4 мая 1970 года, по факту создания нелегальной организации в г. Павлодаре, для производства предварительного следствия. Уголовному делу присвоен № 5010. Приложение: постановление.
Осы секілді баянхатты 1970 жылдың 5 мамырында облыс прокуроры Л. Иванов Қазақ КСР прокуроры, әділеттің 2 класты мемлекеттік кеңесшісі У.С. Сейітовтың атына жолдапты.
Кеңес одағының бас прокуратурасы тарапынан Павлодар облысының прокуроры Л. Ивановтың атына 7. 05. 1970 жылы жолдаған №10/60-с сұрау хат та мұрағатта сақталған. Онда былай делінген: «Для доклада руководству прошу сообщить кто привличен к уголовной ответственности по делу организации «Жас улан», по какой ст. УК Казахской ССР предьявлено обвинение...». Құжатқа мемлекеттік қауіпсіздік органдарындағы тергеуді қадағалау бөлімінің прокуроры, әділеттің аға кеңесшісі Васильев қол қойған.
Оның сұрау салуына облыс прокуроры Л. Иванов 1970 жылдың 4 мамырында қылмыстық істер кодексінің 58, 56-баптарының белгілері бойынша жас ұландардың үстінен қозғалған қылмыстық істің күшін Қазақ КСР прокуратурасы 1970 жылғы 21 мамырдағы қаулысымен жойғанын айтып, жауап қайтарыпты.
Қазақ КСР прокурорының көмекшісі, мемлекеттік қауіпсіздік органдарындағы тергеуді қадағалау бөлімінің прокуроры, әділеттің 3 класты мемлекеттік кеңесшісі А. Чурбановтың 1970 жылдың 25 мамырында Павлодар облысының прокуроры Ивановтың атына жолдаған № 5/ 925 с-70 құжатта жас ұландардың үстінен қозғалған қылмыстық істің жайы баяндалған. Онда былай делінген: «При этом направляю копию постанавление, утвержденного зам. прокурора т. Морозовым В.Н. от 21 мая с.г. об отмене постановления прокурора Павлодарской области от 4 мая с.г. о возбуждении уголовного дела по признакам ст. ст. 58, 56 УК для сведения. ПРИЛОЖЕНИЕ: постановление на 4-х листах.
МҚК-ның құжаттарының бірінде «Жас ұлан ұйымдарының мүшелерінің тізімі көрсетілген. Олар: №3 мектеп-интернаттың оқушылары – Қаниев Арман, Бейсекеев Рашит, Құсайынов Сембай, Какежанов Болат, Кәженов Қайролла, Әлиева Гүлбаршын, Жүнісова Айгүл, Қабылбеков Қайрат, Оспанова Әлия, Беков Ахмет, Махметова Алтын, Мусин Саниял, Сексенбаев Дүйсенғали, Таттин Бәкібай, Қарағаев Абай, Жандосова Күләш, Сағынаева Қайырпану, Абдығалимов Шеризат, Амантаев Уахит, Ғабдылғазизова Күләш; Ермак (қазіргі Ақсу) қаласы №1 орта мектептің оқушылары – Жамалбаев Бақыткерей, Жапаров Қайыргелді; Павлодар ауданы Қызыл қоғам кеңшары орта мектебінің оқушысы – Нұртазин Нұрболат; Красноармейка станциясы ауылшаруашылығы техникумының студенті – Бектұрғанов Бақытбек.
Махметова Алтын ай сайын 50 тиын мөлшеріндегі жарналарды жинап, есепші міндетін атқарды, Жүнісова Айгүл отырыстардың хаттамаларын толтырумен айналысты. Үнпарақтардың мәтіні мен ұйымның жарғысын жазған Қаниев Арман, мәтінді Ермак қалалық сотының жазу машинкасымен басқан Құсайынов Сембай. (Сембайдың Ермак қалалық сотында хатшы болып істеген әпкесі сол кезде сот ғимаратының өртенуіне байланысты жазу машинкасын үйіне әкеп қойған еді). Үнпарақтардың санын көбейтіп, Ермактан Павлодарға жеткізген Жапаров Қайыргелді, таратқандар Қаниев Арман, Бейсекеев Рашит, Кәженов Қайролла, Қабылбеков Қайрат, Нұртазин Нұрболат еді. Ұйымның барлық құжаттары менің қолымда болды, жас ұландардың алды тұзаққа түскен кезде құжаттарды өртеу арқылы жойып жібердім.
МҚК облыстық басқармасы ардагерлерінің бірі бертін: «Егер Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев сендерге араша түспесе, кейінгі тағдыр-талайларың немен аяқталатыны белгісіз еді...» – деген бір ауыз сөзді айтып қалды. Мұрағат құжаттарындағы материалдарды және республикадағы сол кездегі жағдайды байыптай келе әлгі сөз шындыққа негізделген деген тұжырым жасадық. Өйткені 1970 жылы большевиктердің ұлы көсемі В.И. Лениннің 100 жылдық мерейтойын және Қазақ КСР-нің 50 жылдық мерекесін асқан сән-салтанатпен тойлау мәселесі күн тәртібінде тұрған еді. «Жүз ұлттың планетасы» «Достық лабораториясы» атанған республикада Кеңес одағының ұлттық саясатына қарсы шыққан оқушыларға саяси айып тағып, бас бостандығынан айыру жазасына кесу одақтық, республикалық коммунистік партияға абырой бермейтін. Дінмұхамед Ахметұлы мәселені осы тұрғыдан қарастырып, Кремль басшылығына жас ұландарды бас бостандығынан айырмай, комсомол ұйымы және мектеп-интернаттың әкімшілігі тарапынан жазалау белгілеу идеологиялық-саяси тұрғыдан тиімді деген ұсыныс жасап, өзара келіскен сияқты. Әйтпесе, мемлекет ішіндегі мемлекет саналатын қауіпсіздік органдары қолға алған қылмыстық іс бұлайша сиырқұйымшақтанып аяқталмауы керек еді. Жазалау органдары Алаш қайраткерлері мен ұлтшыл большевиктердің түбіне жеткен қылмыстық кодекстің атышулы 58-бабы (аса қауіпті мемлекеттік қылмыстарды жасауға бағытталған ұйымдастыру әрекеті, антисоветтік ұйымдарға қатысу) бойынша кәмелет жасына толмаған біздің де тағдырымызға балта сермеуге тиіс еді... Қала берді, қылмыстық кодекстің 56-бабы (мемлекетке қарсы қылмыстарды жүзеге асыруға үндеу) бойынша тағдыр-талайымызды күйретуі керек еді... Біз, жас ұландар Дінмұхамед Қонаевтың арқасында аса қатерлі жазалау шарасынан аман қалдық!
Осылайша, қылышынан қан тамып тұрған кеңестік кезеңде егемендік елдікті көксеп, қатерлі іске бел буған жас ұландардың еңбегі зая кеткен жоқ. «Жас ұлан» оқиғасынан кейін Павлодардағы бір балабақшада қазақ тобы ашылды. Кейін сол бақша облыс көлемінде «Ақ бұлақ» атты алғашқы қазақ балабақшасына айналды! Көшелер мен дүкендердің атаулары қазақша қойыла бастады. Сөйтіп, жас ұландар Кремльдің Қазақстандағы отаршылдық саясатының қарқынын сәл де болса бәсеңдетуге үлес қосты!
Жас ұлан ұйымының мүшелерінің көпшілігі егемен елдік кезеңінде қажыр-қайратын мемлекеттің іргетасын бекемдеу, қоғамды көркейту мақсаттарына жұмсаған танымал азаматтарға айналды. Өкінішке қарай, кейбір үзеңгілес жолдастарымыз өмірден ерте озып, азаттықтың ақ таңын көре алмады. Сын сағаттарда жас ұландар өздерін ер азаматтарша ұстады, тек кейбірі ғана адалдық антында тұра алмады.
Мектептің жалпы жиналысында мұғалімдер аузына сөз салған комсомол белсенділері жас ұландарды «Алаш орданың сорақы істеріне еліктеген сорлылар!» «Интернаттың тегін тамағын ішіп, импералистердің сөзін сөйлеген арамтамақтар!» – деп табалады. Физика пәнінің оқытушысы Омаров болса: «Егер маған Сталин заманындағыдай билік берілсе, бұл балаларды әке-шешесімен қосып қойып, өз қолыммен ататын едім! – деп, біздің ғана емес, ата-анамыздың да ар-намысын қорлады. Қазіргі демократия кезеңінде оларды әлгіндей сөздері үшін кіналау орынсыз сияқты. Ол кезең Кеңес үкіметінің орыс емес ұлттарға қысымы әбден күшейген, қазақтардың бодандық қамытына үнсіз мойынұсынған кезең еді ғой. «Жас ұлан» ұйымы жөніндегі шындық осы.
Енді қауесеттерге келейік. Кейінгі жылдары «Ұйымды мен құрдым және ұйымға мен жетекшілік еттім» дегендер бой көрсете бастады. Айталық, «Қазақ жастары құрған құпия ұйымдар» атты зерттеуде Кеңес үкіметінің ұлттық саясатына наразылық білдіріп, жұртшылық арасында егемендік идеясын таратқан ұйымдардың қысқаша тарихы баяндалған (https://e-history.kz/kz/news/show/28302/). Зерттеуде Арман Қани құрған «Жас ұлан» ұйымы туралы да айтылған. Бір қызығы, жарияланымның орта тұсында былай делінген: «Сонымен қатар көптеген зерттеушілер Асқар Сәрсенбаев деген оқушы құрған «Таң шапағы» атты тағы бір ұйым болғанын айтады. Өкініштісі, аталмыш жасырын ұйымы туралы тұшымды дерек жоқ. Бұл ұйым Павлодар облысы, Көктөбе ауданында 1968 жылы дүниеге келіп, 1970 жылға дейін өмір сүрген. Ол кезде Асқар 9 сыныпта оқыған екен».
Бұл жайтқа байланысты кесіп айтарым, әлгі ұйым туралы тұшымды ақпараттың болуы мүмкін емес. Өйткені, «Таң шапағы» – «Жас ұлан» ұйымының алғашқы атауы. Бұл факт мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің облыстық басқармасы 5-бөлімінің бастығы, подполковник У. Мұқаев дайындаған баянхатта тайға таңба басқандай көрініс тапқан.
Құжатта былай делінген: «Организацию первоначально именовали «Тан шапагы» («Утренная заря»). Для связи между собой учасники организации из пяти человек (Каниев – председатель, Бейсекеев – заместитель, Каженов, Какежанов, Кусаинов – «члены комитета». Дополнительно в «комитет» ввели Габдулгазизову, Алиеву и Жунусову. По своей структуре «комитет» имел отделы: агитационно-пропагандистский, культурно-массовый, административный (внутренных дел), хозяйственный, связи и другие). Возглавляли их члены «комитета».
Асқар Сәрсенбаевты жақсы танимын, жолдас болдық, Май ауданындағы Ақшиман ауылының 8 жылдық мектебінде менен бір сынып жоғары оқыды. 1968 жылы ол аудан орталығы Белогорьедегі (Көктебе) орта мектепке ауысты да, мен облыс орталығындағы №3 мектеп-интернатқа (қазіргі Ы. Алтынсарин атындағы дарынды оқушыларға арналған гимназия-интернат) келіп түстім. Бір кездескенімде Асқарға мектеп-интернатта «Таң шапағы» атты ұйым құрғанымызды, бізді қолдап бірлесе жұмыс істеу жөнінде ұсыныс айттым. Ол мақұл көрді.
МҚК облыстық басқармасы ұйымды әшкерелеген шақта аудандардағы мүшелеріне, оның ішінде А. Сәрсенбаевқа да түрлі жолмен хабар бердім. Әйтсе де «үндеместер» оған да барып, түсіндірме алды. Асқар «Таң шапағы» ұйымына өзінің мүше емес екенін, тек ол жөнінде білетінін айтыпты. А. Сәрсенбаев және ұйымға жанама қатысы болған басқалар жөнінде жоғарыда айтылған МҚК облыстық басқармасы 5-бөлімінің бастығы, подполковник У. Мұқаевтың баянхатында айтылған. «Путем личного воздействия, с участием директоров школ, профилактировать учашихся школы-интерната №3 Толеубаеву Закиру, Ташмухамедову Шолпан, Асанбаева Каршыга; Белогорьской средней школы Сарсенбаева Аскара; ГПТУ 164 г. Ермака Рысымбетова Кайырбая; Ермаковской средней школы №1 Темирбаева Серика, которые знали, но не сообщили о существовании организации «Жас улан» и распространении листовок» деген мәлімет сөзімізге негіздеме болады. Асқар Сәрсенбаевтан басқа, жоғарыда аты-жөні аталған оқушылар, шынында, «Жас ұлан» ұйымының мүшелері емес еді, солай бола тұра, МҚК тергеушілеріне еш қорқынышсыз ұйымның іс-әрекеттерін дұрыс санайтынын айтып түсіндірме берген.
Асқар кейін Алматыға көшіп, сонда тұрақтады. Мен өзім туып өскен Керекуге келіп орнықтым. Екеуміз телефонмен хабарласып тұрдық. Бірде ол біздің ұйым жөнінде республикалық газеттердің біріне мақала бергенін, газеттің сол номерін маған жіберетінін айтты. Әйтсе де жібермеді. «Не жазды екен?» – деген оймен интернеттегі сайттарды ақтарып отырып, мақаласын тауып оқыдым. Асқар Сәрсенбаев өз жарияланымында Көктөбе орта мектебінде оқып жүрген кезінде ұлтшыл жасөспірімдердің «Таң шапағы» ұйымын құрғанын және ұйымға жетекшілік еткенін жаза келіп, ұйымның мүшелері ретінде мені және өзімен сыныптас 3-4 оқушының аты-жөнін атапты... Асқардың мұнысына мырс етіп күлдім де қойдым. Бірақ оның мақаласындағы жайттарды шындық есебінде қабылдаған зерттеушілер А. Сәрсенбаев «құрған» «Таң шапағы» ұйымы жөнінде материалдарды іздеп, мұрағаттарды ақтаруда... Зерттеушілер ондай құжатты өмір бойы іздесе де, таба алмайды. Өйткені, А. Сәрсенбаев құрды делінетін ұйым болған жоқ. Ол мен құрған «Таң шапағы» – «Жас ұлан» ұйымын мақаласында өзі құрған сияқты қылып көрсетті. Сол кезде МҚК тергеушілеріне өзінің бұл ұйымға еш қатысы жоқ екенін айтып, түсіндірме бергенін жадынан шығарса керек... Бар болғаны осы. Демек, бұдан ары зерттеушілердің алтын уақытын зая кетірмегені жөн.
Екінші бір қауесетті Павлодарда тұратын, аты-жөндерін жазудың өзі жиіркеніш сезімін тудыратын, жан дүниесі нас екі журналистсымақ әлеуметтік желілер арқылы таратуда. Бірі түрлі лақап атпен жазады, журналистік этикадан жұрдай, бір кезде саржалақ басылымда тілші болған, сол себепті қимпұрыс, қисық сөздермен әркімге тиісуге машықтанған. Екіншісі өзінің фейсбук парағында оқтын-оқтын бізге соқтығуды әдет қылған. Кейде саясаткер я оппозиция серкесі, кейде әдебиеттанушы я жазушы, кейде тіл майданының баһадүрі кейпіне еніп құбылып отырады, ептеп тақпақ жазатын өнері бар.
Өзгелерді сыртынан мысқылдап-кекетпей, сынап-мінемей, өсек-аяң таратпайынша тыныш отыра алмайтын әлгі екеуді психологиялық дертке шалдыққан науқастар шығар деген ой келеді. Олар «Ұйымды бір музыкант басқарған, қалғандары соның айтқанын істеп қана жүрген» деген желбуаз сөздерді шындық есебінде өткізуді көздейді. Бұл мәселеге байланысты мына жағдайды баяндаймын.
МҚК қызметкерлері ә дегеннен-ақ мектеп оқушыларының саяси ұйым құрғанына күманмен қарады да, ар жағында ересек адам тұруы керек деген жорамал жасап, тергеуді сол бағытта жүргізді. Алдымен, №3 мектеп-интернаттың мұғалімдері мен жас ұландардың жоғары білімді ағайын-туыстары арасынан күдіктілер іздестірілді. Бұрынғы «Жас тұлпар» ұйымы мүшелерінің бірі Павлодар қаласына арнайы келіп, «Жас ұлан» ұйымын құрып кеткен деген болжам да жасалды. Белсенділердің әрқайсынан: «Алматыдан келген кісі кім, біз оны сенсіз де білеміз, бірақ өзің айтсаң, қылмысың жеңілдейді» деген құйтырқы сөздермен алдауға әрекеттенгені есімізде. «Мәскеуде Мұрат Әуезов құрған «Жас тұлпар» ұйымы жөнінде естігенбіз, сол ұйымды үлгі тұттық, бірақ Мұрат Әуезовтың өзін де, серіктерін де көрген емеспіз» – деп шындығын айттық.
Солай десек те, «Жас ұлан» ұйымына жанама қатысы бар жалғыз ересек адам болғаны рас. Ол Рахметхан Нұрбасаров (1945–2006 ж.ж.) еді. Рахаң 1969 жылы Павлодар қаласындағы Чайковский атындағы музыка училищесінде оқитын және Абай атындағы №10 қазақ орта мектебінде ән-күй пәнінен сабақ беретін. Сонымен қатар, мелькомбинат мекемесінде көркемөнерпаздар үйірмесін құру жөнінде әкімшілікпен келісім-шарт жасасып іске кіріскен еді. Менімен бір сыныпта оқитын, «Жас ұлан» ұйымының белсенділері Рашит Бейсекеев, Қайролла Кәженов тәрізді домбырашы әрі әнші оқушыларды онымен таныстырғанымда мелькомбинат мекемесіне келуімізді сұрады. Көбіне үшеуіміз баратынбыз. Рахаң ондайда ұлттық мәселелер жөнінде сөз қозғамай, бірден Рашит пен Қайроллаға домбыра тартқызатын, іле үшеуі бірігіп күй тартатын. Бұл шара көркемөнерпаздар үйірмесінің концертіне дайындық болатын...
Біз ұсталған кезде Рахметхан ағамызға да хабар бердік. Ертеңінде МҚК облыстық басқармасына Рахметхан Нұрбасаровтың өзі барып, «Жас ұлан» ұйымы жөнінде жақсы білетінін, алғашқыда жас ұландарды өздерінің қолынан келмейтін іспен айналысып жүр деп ойлағанын, кейінгі саяси іс-әрекеттеріне өзінің еш қатысы жоқтығын, негізгі мақсаты жас ақын Арман Қаниевті және онымен бір сыныпта оқитын, домбырашы әрі әнші оқушылар Рашит Бейсекеев пен Қайролла Кәженовті, т.б. көркемөнерпаздар үйірмесіне тарту екенін айтып, түсіндірме берді. Сол қиын шақта осы сөздерді маған да айтты...
Рахаң солай десе де, МҚК қызметкерлері оны ұйымның басшысы қылып көрсетіп, құрбандыққа шалып жіберуді ойластырған сияқты. Р. Нұрбасаров музыкадан сабақ беретін №10 қазақ орта мектебіне барып мұғалімдерден, оқушылардан сыр тартты. Нәтижесінде оның оқушылар арасында ұлтшылдыққа шақыратын үгіт-насихат жүргізбегенін, «Жас ұлан» ұйымына тартпағанын анықтады. Осындай амалдармен Рахаңның сөздері шындық екеніне көз жеткізді. Бірақ бастапқы тергеу материалдарында ұйым жетекшісі Р. Нұрбасаров деген сөздер сол күйінде қалды.
Кейінгі материалдарда ұйым жетекшісі А. Қаниев деп көрсетілген. Мәселен, Қазақ КСР прокурорының көмекшісі, мемлекеттік қауіпсіздік органдарындағы тергеуді қадағалау бөлімінің прокуроры, әділеттің 3 класты мемлекеттік кеңесшісі А. Чурбанов дайындаған, Қазақ КСР прокурорының орынбасары, 3 класты мемлекеттік кеңесші В. Морозов бекіткен қаулыда ұйым жетекшісі А. Қаниев делінген. «При ознокомлении с материалами проверки видно, что октября 1969 года учиником 9-го класса №3 казахской школы-интерната г. Павлодара КАНИЕВЫМ Арманом, 1954 года рождения, членом ВЛКСМ, была создана нелегальная молодежная организация под названием «Жас-улан» («Молодое поколение»). Каниев организацию создал после того, как он познакомился преподавателем пения школы №10 г. Павлодара, Нурбасаровым Рахметханом, 1945 года рождения, членом ВЛКСМ. Последний расказал ему о учасниках и деятельности известного творческого обьединение в г. Москве в прошлом. Нурбасаров говорил при этом, что казахская молодежь должна учиться на родном языке, сохранят казахские обычай, не засорят родной язык» делінген.
Бұл материлда шындықты бұрмалаушылық бар. Мәселен, Мұрат Әуезов жетекшілік еткен «Жас тұлпар» ұйымы жөнінде Рахаңнан бұрын естіп білгенбіз және ұйымды онымен танысқаннан кейін емес, оған дейін құрғанбыз. Ұйым ол кезде «Таң шапағы» аталған еді. Атауды кейін «Жас тұлпар» ұйымының атауына ұқсатып, «Жас ұлан» деп өзгерттік. Екі атау да менің ұсынысыммен қойылды.
Ақыры, 1970 жылдың мамыр айында өткен Павлодар қалалық комсомол комитетінің бюросында Рахметхан Нұрбасаровтың да ісі қаралып, комсомол қатарынан шығарылды, іле мектептегі мұғалімдік қызметінен кетуге мәжбүр болды. Одан сәл бұрынырақ, сәуір айында өткен бюрода ұйым жетекшісі Қаниев Арман Бақтанұлы, ұйым комитетінің белсенді мүшелері Бейсекеев Рашит Арайұлы, Жүнісова Айгүл Әшімқызы, Әлиева Гүлбаршын Қабдыкәрімқызына «Ұлттық саясат мәселесіндегі өрескел саяси-идеялық қателіктері» үшін деген саяси айып тағылып, комсомол қатарынан шығарылған еді. Болат Какежанов, Сембай Құсайынов, Қайрат Қабылбеков, Алтын Махметоваға «Мектеп тәртібі ережесін өрескел бұзғаны үшін» қатаң сөгіс берілді және бұл сөгіс комсомолдық есеп карточкасына жазылды. Сонымен қатар, комсомол мүшелігінен шығарылған Арман Қаниев, қатаң сөгіс берілген Сембай Құсайынов және комсомол қатарында жоқ жас ұландар Қайролла Кәженов пен Саниял Мусин 9-сыныпты бітірген соң «өз еркімен» мектептен қуылып, оқу-үлгерім табеліне тәртібі «3» деген баға қойылды. Қалған жас ұландарға ескерту жасалды. Бұл жайттар жөніндегі құжаттар мұрағатта сақталған.
Облыстық оқу басқармасы мен мектеп-интернат әкімшілігі тарапынан бірнеше жас ұлан оқитын 9 «а» сыныбының жетекшісі, география пәнінің мұғалімі Әбжанова Ғазиза Рамазанқызына да қысым көрсетіліп, сынып жетекшілігінен босатылды.
Ал Рақаңа «Ленин комсомолының мүшесі деген жоғары атақпен сай келмейтін әрекеті үшін» деген саяси емес, қарапайым айыптау белгіленді. Сондай-ақ Арман Қаниевтің МҚК тергеушілеріне берген түпнұсқа түсіндірмесі – 90 бет, Сембай Құсайыновтікі – 49 бет, Рахметхан Нұрбасаровтікі – 47 бет болуы біршама жайтты аңғартса керек... Тағы бір фактіні айту маған ауыр болса да, жария етуге тиістімін. «Платон менің досым, әйтсе де одан гөрі маған шындық қымбаттырақ» (Сократ). Жұртшылықтың шындықты білуі керек.
Белгілі жерлесіміз, философия ғылымдарының докторы, профессор Қамалбай Марданов 1998 жылы Қазақстан Республикасы Сенатының депутаты Қасымов Сабыр Ахмеметжанұлының саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссия құрғанын, сол комиссияға «Жас ұлан» ұйымын ақтау туралы өтініш жазу қажеттілігі жөнінде маған хабар жіберді. Іле Рахметхан Нұрбасаровқа жағдайды айтып, екеуміз іске кірістік. Мен егемен елдікті көксеген «Жас ұлан» ұйымына саяси баға беріліп ақтау керектігін айтып, өзімнің ұйымды құруға бастамашылық көрсеткенім үшін жазалау шараларына ұшырағаным жөнінде жаздым. Рахаң ұйымға жанама қатысы болса да, МҚК тарапынан көп қысым көргенін, «үндеместердің» өзін күштеп қауіпсіздік органының құпия тыңшысы болуға көндіргенін, сөйтіп өзіне «Серік» деген лақап ат бергенін, бірақ ешкімге кесірін тигізбегені туралы жазды. Бұл жайтты маған алдында өзі айтқан еді. Оның іс-әрекетіне түсіністікпен қарадым. Өйткені, Рахметхан Нұрбасаровқа бас бостандығынан айрылу немесе МҚК-ның құпия тыңшысы болудан басқа жол қалмаған болатын. Біздің өтінішіміз Сабыр Қасымов құрған комиссияның мұрағатында сақтаулы деген ойдамын.
Кейін Рахметхан Нұрбасаров ағамыз біржола өнер жолына түсті, саяси-қоғамдық істермен айналысқан жоқ. Мен болсам, 1989-1991 жылдары құрылған «Невада-Семей», «Азат» қозғалыстарының, «Қазақ тілі» қоғамының белсенді мүшесі ретінде облыстың саяси-қоғамдық өміріне демокриятиялық, ұлттық құндылықтардың сыналап енуіне белсене атсалыстым. Олжас Сүлейменовтың 1989 жылдың 25 ақпанында «Қазақстан» орталық телеарнасы арқылы Семей ядролық сынақ полигонындағы жарылыстарды тоқтату жөніндегі үндеуіне Павлодар облысынан үн қосқан бірінші адам – менмін. 26 ақпаннан бастап бірнеше күннің белгілі мерзімінде орталық алаңға таяу маңда, орталық әмбебап дүкенінің алдында қолыма плакат ұстап тұрып, полигондағы ядролық сынақтарды тоқтату жөніндегі талап хатқа он мыңдаған бейбітшіл тұрғындардың қолын қойдырдым. Бұл ісімді жұмыс уақытында жүзеге асыру үшін қан құю орталығына қанымды тапсырып, жұмыстан 3 күнге босатылатыным жайында анықтама алдым. Сондағы тұрысыма біреулер аяушылық сезімімен қарады, екінші біреулер мысқылдады, үшіншілері алғысын білдірді. Кеңестік қоғамға тән көрініс еді бұл.
Тағы бір айтатын жайт, полигоннан зардап шеккен аудандар санатына Павлодар облысының Май, Лябяжі, Баянауыл аудандарын енгізу жөнінде мәселе көтеріп, ұсыныс жасаған да – менмін. Шовинистік бағыттағы жергілікті тәуелсіз орыстілді басылымдарға кәсіби журналист ретінде қарсы шығып, бірталай сыни материалдар жаздым. Осы күндері де күрескер ақын, қоғам қайраткері ретінде облыстың саяси-қоғамдық істеріне белсене араласудамын.
Мен ұйымның жетекшісі ретінде үзеңгілес серіктеріме қарағанда көбірек зардап шектім десем, барлығы растайды деген ойдамын. Павлодар облысының прокуроры Ивановтың КСРО-ның бас прокуроры, әділеттің нақты мемлекеттік кеңесшісі Р.А. Руденкоға жіберген арнайы хабарламасында мен туралы былай жазыпты: «В процессе проведения профилактической работы и обсуждения этих фактов на комсомолском собрании в школе-интерната №3 Каниев не изменил своих ошибочных взглядов и на бюро городского комитета предьявил свое выступление в письменном виде, где он выступает за обссобление казахского народа, а руский народ сравнивает с колонизаторами, а политику коммунистической партии и Советского правительства по национальному вопросу с политикой царской России по отношению национальных меншиств».
Бұл – қаны сорғалап тұрған шындықтың өзі еді. Мұндай сипаттама Рахметхан ағамызға да, өзгелерге де берілмеген. Сол кезде өлеңдерімді тіпті аудандық газет те жарияламады. Редакция алқасы: «КГБ-ның қара тізімінде тұрған, Кеңес үкіметіне қарсы шыққан адамның туындыларын газетке жариялау саяси қателік» – деп білді. Кейін облыстық «Қызыл ту» (қазіргі «Сарыарқа самалы») газетіне корректор болып орналасар кезімде журналист ағаларымның бірі: «Арманның газетте істеуге морольдық құқы жоқ» – деді...
Егер МҚК тергеушілеріне жас ұландардың берген түсіндірмесі табылса, біздің өзімізге де белгісіз көптеген құпия жайттардың сыры ашылар еді. Қазіргі ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатында «Жас ұлан» ұйымына қатысты материалдар жоқ» – деген сөзге өз басым сенбеймін. Алаш қайраткерлерінің 1936-1938 жылдары тергеушілердің сұрақтарына берген жауаптары сақталғанда, жас ұландардың 1970 жылғы тергеу кезінде берген жауаптары сақталмауы мүмкін емес!
Кеңес үкіметі кезеңінде көрген қорлықтың есесі егемендік кезеңінде еселеніп қайтты. «Құрмет» орденімен марапатталдым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын иелендім, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Ресей Лермонтов комитетінің Қайсын Құлиев медалының иегері, Павлодар қаласының, Баянауыл, Май аудандарының құрметті азаматы атандым. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы, 25 жылдығы мерекелік медальдарымен марапатталдым.
1970 жылы комсомол қатарынан қуылған, мектептен «өз еркімен» шығарылып, оқу-үлгерім табеліне тәртібі «3» деген баға қойылған, өлеңдерін ешбір газет жарияламаған жасөспірім ақынның қоғамның өгей баласы секілді күн кешкені алдыңғы буын ағалардың жадында. Сонда да қызыл империяның саяси қудалауынан жігері жасымаған, сағы сынбаған әлгі ақын бұл күндері облыстағы ең танымал, ең жоғары марапаттарға ие болған күрескер ақынға айналды. Бұл жағдайды жұртшылық жақсы біледі.
15-16 жасар кезінде бастарын бәйгеге тіккендей болып, егемен елдік идеясын жалаулатқан жас ұландардың алды қазіргі кезде 70 жасқа таяды. Бәріміз киелі идеяны әлі ұлықтап, құрметтейміз. Көлденең келген көк аттылардың сапымызға қосылуына және көбік ауыз әлдекімдердің біз жөнінде қауесет таратуына жол бермейміз!
PS: Жуырда таныстарымның бірі Астанада тұратын бір адамның «Павлодарда «Жас ұлан» ұйымын мен құрып едім» дегенін маған хабарлады. Аты-жөнін айтып еді, бұрын-соңды мүлде естімеппін...
Жұрт тыныш, ел аман егемендік кезеңінде жас ұландардың қызыл империя заманындағы ерлікке жетеқабыл еңбектерін иемденіп кеткісі келетін пенделерге өз басым мүсіркеп қараймын.
Арман ҚАНИ, 1969-1970 жылдардағы «Жас ұлан» ұйымының жетекшісі, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның мүшесі. Павлодар қаласы.
Пайдаланылған дереккөздер: 1.Павлодар облыстық мемлекеттік мұрағаттар басқармасы қоры материалдары
2.Арман Қаниев. «Тұтанбай жатып сөнген еді «Жас ұлан» // «Сарыарқа самалы» газеті, 15 маусым, 1992 жыл.
3.Ғалымбек Жұматов. «1969 жыл. Сол желтоқсан да ызғарлы еді» // «Халық кеңесі» газеті, 18 қыркүйек, 1992 жыл.
4.Жанболат Әлиханұлы Аупбаев. «SOS» белгісі» // «Егемен Қазақстан» газеті, 30 қазан, 2002 жыл; «Етжеңді» «Егемен Қазақстан» - 2002 (таңдамалы мақалалар жинағы), Астана, «Егемен Қазақстан» АҚ - 2003; «Өмірге таңдана қара» (автордың таңдамалы мақалалар жинағы) Астана, «Елорда» - 2004.
5.Ғалым Жайлыбай. «Біздің қоғамға Махамбет пен Мәди керек…» Керекулік ақын Арман Қанимен сұхбат //«Қазақ әдебиеті» газеті. 24 ақпан, 2006 жыл.
6.Жанна Қыдыралина. «КГБ жастар рухын сындыра алған жоқ» // «Нұр Астана» газеті, 4 маусым, 2009 жыл.
7.Алдан Смайылов. «Тасада қалған тағдырлар» // «Қазақ әдебиеті» газеті, 12-18 маусым, 2009 жыл.
8.Сайлау Байбосын. «Жетпiсiншi жылдың жеткiншектерi жалауын тiккен «Жас ұлан» // «Жас Алаш» газеті, 16 желтоқсан, 2010 жыл.
9.Ержұман Смайыл. «Алаш идеясы және «ЕСЕП» партиясы» // «Егемен Қазақстан» газеті, 23 ақпан, 2011 жыл.
10. Қайролла Кәженов. «Бұдан 45 жыл бұрынғы "Жас ұлан" оқиғасы жайлы не білеміз?» «Алаш үні» 12 желтоқсан, .2014 жыл.
Суреттерде: 1. Жас ұландар: (солдан оңға қарай) Рашит Бейсекеев, Арман Қаниев, Болат Какежанов. 2. Қайролла Кәженов, 3. Қайрат Қабылбеков, 4. Гүлбаршын Әлиева 1970 жыл. 5. Жас ұландардың бір тобы. 6. Арман Қани Мұрат Әуезовпен бірге. 7. Арман Қани, Қайролла Кәженов, Қайрат Қабылбеков саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы деректі фильмдер түсірген тележурналист Саида Жарқыновамен бірге. 8. Арман Қани, Қайролла Кәженов саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы ондаған зерттеу еңбектерін жазған тарих ғылымдарының докторы Жанна Қыдарәлинамен бірге.