$ 494.87  520.65  4.91

«Қаланың дамуына үлес қосқандар елеусіз қалды»: қоғам белсенділері Абай облысының тамыр-таныстықпен құрылып жатқанына қарсы болуда

Халықтан сұрамай-ақ Ахметов өз адамдарын тағайындай салды.

Жақында жаңадан құрылған Абай облысының депутаттар құрамы белгілі болды. 8 маусымнан бастап облыста 16 депутат қызмет атқарады. Алайда, Семейдің байырғы тұрғындары бұл атқамінерлердің қандай критерийлерге сүйеніп тағайындалғанын білмей дал. Қоғам белсенділері жаңа облысқа ескі кадрлардың келгеніне наразы. Тілшіміз азаматтардың пікірін сұрап білді, деп жазады Malim.kz.

Ерлан Шаяхмет: «Шығыс Қазақстан облысының депутаттары Семейге ауыса салды»  

Абай облысының мәслихат депутаттары кілең кәсіпорын директорлары мен бизнесмендерден құралған топ болды. Бізден, халықтан сұрамай-ақ Ахметовтің адамдарын тағайындай салды. Негізі қаламызда қолынан іс келетін жақсы азаматтар бар еді. Мысалы, талай жыл аймақта еңбек етіп, ысылған Қайрат Мирашев, қаланың дамуына үлес қосып, қамқорлығын көрсетіп жүрген Марат Құрманбаевтар тасада қалды. Оларды әкімге  ұнамағаны үшін депутаттықтық мандатынан алып тастады. Бәріміз Семейдің өсіп-өркендегенін қалаймыз. Өкінішке қарай келеңсіз жағдайлар орын алып жатыр. Шығыс Қазақстан облысының депутаттары Семейге ауыса салды. «Торғай сойса да қасапшы сойсын» дейді. Халықтың мұң-мұқтажын айтатын адамдар билікте болса дегенбіз. Елмен бірге, жұртшылықпен біте қайнасқан азаматтар жұмыс істеуі тиіс. Ал олардың Шығыс Қазақстан облысы мәслихаттарының депутаттары деген аты бар. Абай облысы жаңадан құрылып жатқан облыс. Мәслихат депутаттарын халық таңдауы керек болатын. Логика қайда?

Семейлік азаматтар бұл мәселені айтпады емес, айтудай-ақ айтып жатыр. Біз өзіміз көргіміз келген азаматтарды көре алмадық. Өңкей шаруа қожалықтарының, кәсіпорынның басшылары жайғасып алды. Бір-ақ күнде Абай облысының депутаттары болып шыға келді. Мәселен, Маржан Бақыт деген депутат ШҚО әкімі Ахметовтің штаттан тыс кеңесшісі, «Шығыс – Адалдық алаңы» жобалық офисінің жетекшісі.  Ертең олар халықтың мүддесіне жұмыс істей ме деген алаңымыз бар. Күні кеше сайланған Абай облыстық мәслихатының хатшысы Қуаныш Сүлейменовті де танымайды екенбіз. Айталық, «Приречное» агрофирмасының  директоры Мұхит Тұмабаев та мәслихаттың қатарын толықтырып тұр. Оның ұлы Қуат Тұмабаев Риддердегі адам өліміне байланысты Өскемен қаласы әкімі қызметінен кеткені мәлім. Артынан жаман сөз ерген адамдарға бұқара қалай сенеді?! Абайдың атын алған облыс басқа аймақтарға үлгі болуы керек еді. Абайдың айтып кеткен, надандықпен күрес, «адал бол, мал тап» деген ұстанымында болуымыз қажет-тұғын. Қазіргі жағдай ақылдың ісімен емес, тақымның күшімен болып тұр. Жаңа Қазақстанның кадрлары да жаңа болуы тиіс.  Әлден жергілікті жұрт наразылық танытып жатыр. Облыстың құрылуын осы бастан тамыр-таныстықпен бастайтын болсақ, ертеңнен не үміт, не қайыр?!   

Ал «СемАЗ» ЖШС бас директоры Әсемхан Досқожановтың туыстары да әкімдіктің құрамында жүр.  Інісі Әсетхан Досқожанов Семей қалалық мәслихатының депутаты.«Қарағайлы» Семей медициналық-әлеуметтік мекемесі медицина бөлімшесінің меңгерушісі Шолпан Шегедекованың Ә.Досқожановтың келіні екендігі де жазылып жатыр.  Қаңтар оқиғасына да осындай үрдістер алып келгенін жақсы білесіздер. Бізбен кім санасып жатыр? Ашық диалог орнатамыз дедік. Бірақ, Семей әкімдігі бізді қабылдауына кіргізбейді. Бізге есеп үшін жұмыс істеп, бас шұлғып отыратындар керек емес. Облыс әкімі болып кім келетінін де білмейміз. Оны неге халықтан жасырады? Ел арасында неліктен талқыға салынбайды?! Наразылық содан шығады. Ешкім білмейтін біреуді әкеліп қоя салмаса болды.

Ал журналист, Семей қаласы мәслихатының, Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты болған Риза Молдашева да Абай облысының жаңа сайланған депутаттары туралы пікірін білдірді. Ол бұл тағайындау жөнінде AMANAT партиясының Атқарушы хатшысы Ораловқа ашық хат та жазды. Айтуынша, Абай облысының тізгінін ұстайтындардың көпшілігінің аймаққа айтарлықтай қатысы жоқ.

Риза Молдашева:  «Абай облысының өкілетті билігі кімдердің қолында?»

Азаттық аңсаған алаш ардақтыларының  арманы қанат қаққан Семей жеке облыс болып шығады деген жаңалық тек біздің аймақ тұрғындары үшін ғана емес, тамырында қазақтың қаны бар барша ағайын үшін ақ түйенің қарны жарылған күн болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Қазақстан  құру жолындағы  бастамасын қолдаушылармыз.

 Алайда, Жаңа Қазақстанда жаңа шаңырақ құрғалы отырған Абай облысының өкілетті билігі кімдердің қолында? Жеке-жеке тоқталып жатпай-ақ бірқатары жайлы ақпарат бере кетейін.

Маржан Бақыт — ШҚО әкімінің штаттан тыс кеңесшісі, «Шығыс – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі. Маржан ханым депутат болып Өскемен қаласынан сайланды. Облыстарды бөлу кезінде Абай облысына баруға өзі өтініш білдірген-міс, отбасы жағдайына байланысты. Депутаттық  мандат  отбасылық жағдайына байланысты орын ауыстыра беретін қызметтік лауазым емес қой!  Өскемендегі сайлаушылардың аманатын аттап Семейге ауысу партияға да бедел әкелмейтіні сөзсіз. Әлде праймериз  арқылы тағайындалған депутаттарда  «сайлаушылар  аманаты» деген  жауапкершілік жоқ па?

Мен журналистпін. Осыдан бір сағаттай бұрын редакцияға қоңырау соққан Көкпекті ауданындағы  оқырмандарымыздың бірі «Елім-ай Көкпекті» ЖШС директоры Болат Мигражұлы Бекбердиновтың  соңғы жарты жылдай уақыттан бері  қылмыстық жауапқа тартылып, тергеу изоляторында жатқанын хабарлады.

Қанат Оспанов атты депутат "Защита" отын қоймасының бастығы екен. ШҚО  депутаттары әр саланың мамандары, отын қоймасының меңгерушісі де бар. Бұл кісінің біздің Абай облысына қандай қатысы бар?

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары