Атырау облысы әкімінің экс-орынбасары Бақытгүл Хаменованың сот отырысы шегерілді. Облыстық соттың баспасөз қызметі қылмыстық іс Атырау қалалық № 2 сотында қаралатынын хабарлаған.
Алғашқы сот отырысы 14 маусымда өтуі керек болған.
«Істі қарайтын судья өзге қылмыстық іс бойынша кеңесу бөлмесіне кетуіне байланысты, басқа күнге ауыстырылды» деді соттың баспасөз қызметі өкілі.
Еске салсақ, Бақытгүл Хаменова 2021 жылдың 22 желтоқсанында қамауға алынды. Ол 10 желтоқсанда Атырауда Абай ескерткішін 145 млн теңге сомасында дайындау және орнату бойынша мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу үшін 4,5 млн теңге пара алды деген күдікпен ұсталды.
Жауап алынғаннан кейін ол уақытша ұстау изоляторына қамалды, кейін Атырау тергеу соты үйқамаққа алуды санкциялады. Бірақ кейіннен облыстық прокуратураның ұсынысы бойынша бұлтартпау шарасы қатаңдатылды.