Орал тұрғыны жеке басына тіл тигізген үшін Батыс Қазақстан облысының әкімдігін сотқа беріп, 100 мың теңге өндіріп алды.
«Мой город» порталының жазуынша, әкімдіктегілер оның ар-намысына тиіп, құрметсіздік танытқан. Осы жайтқа қатысты Орал қалалық №2 соты тұрғынның пайдасына шешім шығарған.
Іс материалдарынан белгілі болғандай, Нұғманов есімді тұрғын №3 қалалық емханасының жұмысына көңілі толмай, облыс әкімдігіне арыз жазған. Алайда әкімдік сол күйі жауап бермеген.
Шағымына қатысты жауап білмек болып шенеуніктердің алына өзі барғанда, олар тұрғынды жақтырмай қарсы алған – оған дауыс көтеріп, ар-намысына тиіп, құрметсіздік танытқан. Бұл бассыздыққа төзбеген тұрғын сотқа жүгініп, моральдық өтемақы ретінде әкімдіктен 500 мың теңге талап еткен, деп жазады azattyq-ruhy.kz«Мой город» порталына сілтеме жасап.
«Судья азаматтық талапты ішінара қанағаттандыру туралы шешім шығарып, тұрғынға моральдық өтемақы ретінде 100 000 теңге жеткілікті деп үкім шығарды», - делінген хабарламада.