Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың дүбірі әлі басылмай тұр. Жаңа құрылым туралы пікір де сан алуан. Құрамындағы адамдар туралы да абың-күбің әңгіме толастар емес. «Дат» газетінің негізін қалаушы, журналист, қоғам қайраткері Ермұрат Бапи құрылтайшылардың тізіміне кіргенмен, алғашқы жиынына қатыспаған. Өзінің айтуынша, уақыттың тығыздығына байланысты жиналып үлгермеген. Десе де, тілшімізге Ұлттық құрылтай туралы пікірімен бөлісті, деп жазады Nege.kz.
– Ұлттық құрылтайға мүше адамдардың тізімінен сіздің есіміңізді көзіміз шалып қалды. Құрылтай халықтың сенімінен шығады деп ойлайсыз ба?
– Қазіргі жағдайда «халықтың сенімінен шығады не шықпайды» деп кесіп айту қиын. Өйткені, енді ғана басталып жатқан дүние. Бұған дейін де азаматтық қоғамның бастамасымен бірнеше құрылтай болған. Ал мынау – Президенттің нұсқауымен құрылған, ресми мәртебесі бар жаңа құрылым. Нәтижесі қалай болатынын алдын ала дөп басып айта алмаймын.
Дегенмен, Президент Тоқаевтың қоғам мен биліктің арасын жақындатуға, халықпен ақылдасуға ықыласы бар. Ал қалай жүзеге асатынын құрылтайдың жұмысы барысында білуге болады.
Бұл бастаманы өзім қолдаймын. Әсіресе, Қаңтар оқиғасын кейін билік халыққа жақындауы керек. Президент халыққа арқа сүйеуі қажет. Себебі, әлемдегі геосаяси жағдай ұшығып тұрған кезде Қазақстанның басындағы ең үлкен мәселе – мемлекет қауіпсіздігін нығайту. Қазір ерегіске, ырың-жырыңға баратын уақыт емес. Билік те мұны түсінуі тиіс. Тоқаев халыққа қол созса, қоғам оған жәрдем беруге, қолдап, демеу көрсетуге дайын. Осы тұрғыдан жақсы бастамалар болады деп ойлаймын.
– Бұл президент жанындағы кеңесші орган екені мәлім. Кейбір сарапшылар «әділ сайлау өтсе, мұндай жалған құрылымдардың қажеті болмайды» дейді. Сіз бұған не айтар едіңіз?
– Елімізде таза әділ сайлау өтіп, шын мәнінде халықтық, демократиялық парламент құрылған жағдайда, соқыр ішек секілді түрлі құрылымның қажеті де жоқ. Легитимді және халық сенетін парламент болса, құрылтайда қозғалған мәселелерді сонда шығаруға болар еді. Бірақ осы арқылы билік парламенттің шалажансар бірдеңе екенін мойындап отыр. Парламенттен тыс әлдебір институттар арқылы қоғамда буырқанған мәселелердің буын басуға мәжбүр.
– Ұлттық құрылтайдың құрамы ұдайы ауысып отырады деген ақпаратты көзіміз шалып қалды. Қазіргі құрамына көңіліңіз тола ма? Құрам қалай жасақталды? Сіз қалай кірдіңіз?
– Президент Тоқаевтың бастамасы болғандықтан, оның командасы іске кірісті. Құрылтайдың құрамын да солар белгілеген сияқты. Мойындау керек, қоғаммен, халықпен ақылдасып, «кімдерді жібересіңдер» деген мәмілесу болған жоқ.
Менің ойымша, құрылтайдың құрамына өзге де азаматтар кіруі керек еді. Әсіресе, Рысбек Сәрсенбайұлы, Балташ Тұрсынбаев секілді азаматтар бұдан бұрын да құрылтай өткізген болатын. Ең бастысы, олар өткізген құрылтай билікке, мемлекетке қастық мәселесін қозғаған жоқ, халықтың арасындағы мәселелерді билікке жеткізуге, екі тараптың арасына көпір болуға ұмтылған жақсы ықыластан туған еді. Сондықтан оларды жау көруге болмайды.
Азаматтық қоғам, оппозиция жағынан мүшелердің аз болғаны қынжылыс тудырады. Жыл көлемінде, жұмыс барысында өзгеріс болып жатса, басқа да азаматтар тартылатын шығар деп ойлаймын.
– Құрылтайға мүше болуға ұсыныс сізге қалай түсті? Соны айтып бере аласыз ба?
– Құрылтайға екі күн қалған кезде ұсыныс түсті. Басында ықыласым болған жоқ. Құрылтайдың немен айналысатынын, кімдер баратынын, мақсат-мүддесі қандай екенін де білмедім. Соңғы бір күн қалған кезде Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин тарапынан ұсыныс болды.
Билікпен қашанғы текетіресіп жүре бермекпіз? Оппозицияда жүргеніме биыл 25 жыл болады. «Ішіне кіріп, көрейік, білейік. Жұмыс істеп көрейік, ұысыныстар айтайық. Маңызды мемлекеттік, ұлттық қауіпсіздікке қатысты мәселелерді қозғап көрейік. Елді, мемлекетті, қоғамды демократияландыру жөніндегі жұмыстарға ат салысайық. Заңдарды өзгертейік», – деген оймен келісім бердім. Менің ынтам қаншалықты жүзеге асатынын әзірге білмеймін.
Қазақта «әр кәлләда бір қиял» деген сөз бар. Ол жерде түрлі адам бар. Соның ішінен ортақ пікір табылып, мәмілелі әңгімелер болатын шығар деп ойлаймын.
«Қазіргі геосаяси жағдайдың, әсіресе Украина мен Ресей арасындағы соғыстың ұшқыны айналып келіп, бізге де тиюі мүмкін» деген қауіп айтылып жатыр. Әсіресе, солтүстік өңірлерге байланысты, осы аймақтың демография мәселесіне қатысты көп әңгіме болып жүр. Бірақ нақты іс жоқ.
Қазіргі жағдайда Ұлттық қауіпсіздікті жүзеге асыратын бір шаралар қолға алынуы керек деп ойлаймын. Бұл – кешенді дүние. Президент Тоқаевтың мұны қалай жүзеге асыратынын көре жатармыз. Қазірден бастап қамданбасақ, Украина секілді сан соғып қалуымыз әбден мүмкін.
– Қазір кезде бізге бәрінен бұрын ұлттық бірлік керек дейсіз бе?
– Әрине, билік қоғамнан қорықпай, халыққа арқа сүйей отырып, ұлттық қауіпсіздігімізді нығайтуға әрекет жасауы тиіс. Дәл осындай қадам жасалатын болса, Президент Тоқаев қоғамнан қолдау табады.
Сөз жоқ, Қаңтар оқиғасы кезінде біраз имиджін бұзып алды. Бірақ ұлтқа қажетті өзгерістер жасаса, халық оны қолдайды.
Айталық, Сингапурдың премьер-министрі Ли Куан Ю да кезінде диктатор болды. Бірақ қазір оның диктаторлығы жайлы ешкім айтпайды. Сингапурды қандай өркениетті ел еткенін ғана айтады. Кезінде оппоненттерін қамап, қудалап, абақтыға жапқанына көз жұмып қарайды. Әлемдік деңгейде еліне, мемлекетіне жасап кеткен жақсылықтары ғана сөз болады.
Меніңше, Тоқаев жасқанбай, халыққа арқа сүйеуі тиіс. Сол арқылы көп дүние жасай алады деп ойлаймын.