«Халық қаһарманы», генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев Қазақстанда Генералдық инспекцияны қайта енгізуді ұсынды. Әйтпесе, қазір танк жүргізе алмайтын кейбір әскерилер генерал деңгейіне дейін жетіп, әскери жүйенің қадірін қашырып жатыр. Ал тексерулер министрліктің өз ішінен аспайды. Осының салдарынан армиядағы былықтар ашылмай қалады.
Бұл туралы ол «Сұрауы бар» YouTube арнасына берген сұқбатында айтқан. Айтуынша, Ертаев мырза осының барлығын ашық жазып, Президентке хат жолдаған.
«Президентке хат кетті. Алды ма, алмады ма білмеймін. Біздің қарулы күштерде өз-өзін тексереді. Бұрын Кеңес кезінде генаралдар инспекциясы болған. Мен өзі инспектор болдым. Қарулы күштердің бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүкіл қарулы күштер, шекара және ішкі істерден біріккен комиссияда болуы керек. Оған бюджеттен ақша бөлінбейді. Сонда Бас қолбасшы біледі, қайсысы паркетте жүріп генерал лауазымын алды, қайсысы окоптан шығып генерал болды. Әйтпесе, қазір таңқаласың, кеше ғана түк білмейтін, танкімен ата алмайтын жігіт генерал болып жүреді», - дейді Бақытжан Ертаев.
Сондай-ақ ол өз сұқбатында әскерден қашу секілді жайттарға да тоқталған.
Қазақ жігіттері Отан алдында ант беріп, әскерден қашпауға үйренуі тиіс. Әрине, ол үшін жүйелі реформа қажет.
«Бірінші, әскерден жас бала қашпау керек. Сарбаздың беделін көтеруіміз қажет. Түркияда бір үйден бала әскерге кетсе, сол үйде жалау тұрады. «Осы үйден әскерге бала кетті» дегенді білдіреді. Оған құрметкен қарайды. Екінші, қазақ жігіттерінің бәрі Отан алдында Ант беруі керек. Бұл тәртіпке салады. Генерал ретінде қазіргі әскери құрылымда болып жатқан реформаларды қолдайды. Жүргізіп жатқан жұмыс дұрыс, әрі керек дүние. Жаңа Қазақстанға қадам бастық па? Ендеше Бас қолбасшымыз Президентпен бір сапта болуымыз керек бүкіл ел болып», - дейді Бақытжан Ертаев.