Саясат 22.06.2022 сағат 18:20

Ресей Сыртқы істер министрлігі: Қазақстанға тиіспейміз!

Оның сөзіне сенсек, Ресей Қазақстанның Украинадағы соғысқа қатысты Қазақстанның көзқарасына құрметпен қарайды.
Ресей Сыртқы істер министрлігі: Қазақстанға тиіспейміз!
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Санкт-Петербордағы экономикалық форумда жасаған Тоқаевтың атышулы мәлімдемелерінен кейін Кремль Қазақстанға қысым көрсетпейді. Ресейдің Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова осындай мәлімдеме жасады, деп жазады nege.kz.

Оның сөзіне сенсек, Ресей Қазақстанның Украинадағы соғысқа қатысты Қазақстанның көзқарасына құрметпен қарайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейге сапарында Украинаның сепаратистік аймақтары – «ДХР» және «ЛХР» атты квазимемлекеттерді Қазақстанның мойындамайтынын, Тайвань, Косово, Оңтүстік Осетия мен Абхазия сияқты даулы аймақтармен қатар қоятынын ашық айтқан болатын.

Мемлекет басшысының бұл батыл мәлімдемесін жұрт сан-саққа жүгіртіп жүр. Тіпті, кейбір сарапшылар Ақорданы ақпараттық соғысқа әзір болуға да шақырып үлгерді. Қазақ мұнайы тасымалының орта жолда қайраңдап қалуын осының нышанына жорыған.

«Ресейдің зомби жәшіктері, сайттары, telegram арналары тарапынан ақпараттық шабуылдарға дайындала берген жөн. Бәлкім, кідіріс жасауы да ықтимал. Бірақ арқаны кеңге салуға болмас. Экономикалық қысым көрсете бастауы да кәдік», – деп жорамал айтқан еді саясаттанушы Досым Сәтпаев.

Әзірге Ресейдің сыртқы істер министрлігі қазақстандық сарапшылардың пікірін терістеп отыр. Тіпті, ресейліктердің Батыспен салыстырғанда «сүттен ақ, судан таза» болып шығатынын тағы бір мәрте еске түсіріп үлгерді.

«Бұл – көп сөз етіп жатқан мысалдардың бірі. Біздің тәсілдеріміз басқа болуы мүмкін. Демократия мен плюрализмді ұстанамыз дегеніне қарамастан, батыс режимдері басқаша ойлағандарға мүлде төзіммен қарамайды. Ал біз болсақ, серіктестерімізге құрметпен қараймыз», – деді Захарова.

Ә дегеде тілінің тізгінін босатып үлгерген бірсыпыра ресейлік атқамінерлер дереу қателігін түзеп те үлгерді. Соның ішінде Думаның төменгі палатасының ТМД істері жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Константин Затулин мен Шешенстанның басшысы Рамзан Қадыров та бар.

Әрі-сәрі болып отырған ресейліктерге «НГ» басылымы «Украинаның Ресей емес екенін, Қазақстанның Украина емес екенін» өте жақсы түсіндіріп берді.

«Нұр-Сұлтан ресейге қарсы әскери одақтарға кіруге ұмтылып жатқан жоқ. Батыстың бақылауынан тыс. Ресейге қауіп төндіру үшін жерін берген емес. Сондықтан ресейлік элитаның түсінігінде Қазақстанға қатысты жер дауы туралы мәлімдемелердің еш маңызы жоқ, тіпті зиянды», – деп жазды НГ басылымы.

Әйтеуір, Ресей бұл жолы іркіліп қалды. Бұрынғы адуынды мінезіне баспады. Бұған не түрткі болды? Ұрысты ұзаққа созған Украинаның қайсарлығы ма? Құрсауға алған санкцияның ызғары ма? Жұрт айтып жүргендей, Мәскеу мен Ақорда арасындағы жұмбақ бір ойын ба? Жоқ әлде, дауыл алдындағы тыныштық па, бұл? Әзірге, бұл сауалдардың басы ашық.

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар