6 шілдеде қазақстандықтар астанамыз – Нұр-Сұлтан қаласы күнін тойлайды.
Биыл Ақмола қаласының Астана атауын алып, елорда болғанына 24 жыл.
Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы – еліміздегі маңызды оқиғалардың ордасы. Сонымен қатар, елордада республикалық және халықаралық айтулы іс-шаралар мен кездесулер өтіп тұрады.
Солардың бірегейі – әр үш жыл сайын өтетін әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі, 2011 жылы өткен қысқы Азиада ойындары, Сирия мәселесіне арналған «Астана процесі» және ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі.
Бұған дейін елордамыз ЮНЕСКО-ның шешімімен «Бейбітшіліктің қаласы» атағына ие болды. Тарихқа көз жүгіртсек... 1997 жылы 20 қазанда астананы ауыстыру туралы Жарлыққа қол қойылды.
1998 жылы 6 мамырда Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгерді. 1998 жылы 10 маусымда елордамыз – Астана қаласының халықаралық тұсаукесер рәсімі өтті.
2008 жылы 6 шілде «Астана күні» мемлекеттік мереке ретінде тізімге енді. 2019 жылы 23 наурызда Астана қаласының атауы Нұр-Сұлтан болып өзгерді.
«Астана күні» жыл сайын мемлекеттік деңгейде кеңінен аталып өтеді. Биыл да елорда әкімдігі қала күніне орай бірқатар іс-шара ұйымдастырды.
Атап айтсақ, 4-6 шілде күндері сағат 12:00-ден кешкі 22:00-ге дейін орталық саябақта «Mereke Street» фестивалі өтеді. Шара барысында қала тұрғындары мен қонақтарының «Барыс», «Астана» футбол клубы және «Астана» баскетболшылар командасының танымал спортшыларымен суретке түсіп, автограф алу мүмкіндігі бар.
Сондай-ақ, өнер жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарлама қарастырылған. Мереке күні Есіл жағалауында «Creative Summer» жобасы ұйымдастырылады. Аталған шарада шығармашылық ұжымдар, вокалистер мен аниматорлар өнер көрсетеді. 6 шілде күні елордадағы «Қазанат» ипподромында «Елорда бәйгесі» республикалық ат жарысы өтеді. Қала күніне орай ұйымдастырылған жарысқа еліміздің барлық өңірінен 150-ден астам спортшы қатысады.
Айта кетсек, биыл қала күніне орай мерекелік отшашу болмайды. Ол туралы елорда әкімдігі хабарлады.
Дереккөз: ҚазАқпарат