Өткен аптада қазақтың көрнекті ақыны, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов 80 жасқа толды. Ақынның сексен жылдық мерейтойы өзінің туған өңірі Отырар ауданында жалғасып жатқаны белгілі болды. Бүгін отырарлықтардың Мұхтар Шахановты үлкен құрметпен қарсы алып, ақбоз ат мінгізіп жатқан видеосы тарады.
Мұхтар Шаханов 1942 жылдың 2 шілдесінде қазіргі Түркістан облысы Төле би ауданы Қасқасу ауылында қазақтың көрнекті ақыны дүниеге келген болатын. Ол көпшілікке тілі жатық, қисыны тастай, ойы шымыр өлеңдерімен ғана емес, шешуші сәттерде батыл әрекет ететін тәуекелшіл мінезімен де танымал.
Тәуелсіздік жылдары қазақ тілінің жанашыры, діл майданының сардары ретінде репутация қалыптастырған ақын Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның Қырғыз Репсубликасындағы Елшісі сияқты жауапты қызметтерді атқарды. Қазақ әдебиетіндегі Мұхтар есімін арқалаған үш алыптың бірі саналатын ақын ұзақ жылдар бойы «Жалын» журналын басқарды.
Биыл оның әдебиетке, ұлт руханиятына, түркі ықнтымағына сіңірген еңбегі ескеріліп, Ұлытау төрінде өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Қазақстанның Еңбек Ері атағы берілді. Қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқов пен Мұхтар Шахановтың шығармашылық тандемі бірнеше буынның сүйікті репертуарына айналған өміршең әндерді жарыққа шығарды.
Ақынның қысқаша өмірбаяны мынадай:
1969 жылы Шымкент педагогикалық институтын бітірген.
1960-65 жылдары «Оңтүстік Қазақстан» газетінде, 1965-70 жылдары «Лениншіл жас» газетінде, 1971-75 жылдары республикалық телевизия, радио редакцияларда жұмыс істеді
1976 жылдан Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің баспа, полиграфия және кітап саудасы жөніндегі мемлекеттік комитетінде бөлім бастығы болды.
1984 жылы – «Жалын» альманағының бас редакторы.
1986 жылы – «Жалын»журналының бас редакторы.
1993-2003 жылдары ҚР Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінде болды.
2004-2007 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.