18.07.2022, 17:20

«Авиа-компаниялар халық арасында наразылық тудыру үшін билет бағаларын әдейі қымбаттатып отыр» - заңгер

Ірі компаниялардың біразы әлі де Назарбаевтың туыстарына тиесілі.

Құрметті Қасым Жомарт Кемелұлы!

Елімізде Үкімет тұрып бұндай өтінішпен Сізге шығып отырғаным өкінішті-ақ. Азық-түлік бағасын реттей алмай отырған бұл Үкімет, алып компанияларды (қызмет сапасы мен нарығын) қайдан реттесін?!

Авиа-компаниялар Халықтың құқығын әбден таптап бітті! Кез келген уақытта ұшпай қоя салады, билет құнын қалағанынша және қалаған уақытында құбылтады! Қысқасы, өздері біледі! Білгендерін істеп жатыр!

Бізде бағаны реттеп-бақылауы тиіс бірнеше құзырлы бақылаушы органдар бар. Бірақ, олардың барлығы ұшақтағы билет бағасын реттеуге келгенде - қауқарсыз!

Бензині мен керосині қымбат Түркия елінің өзінде ішкі ұшақ билеті - он мың теңгеге жетпейді. Ал бізде - 80-90 мың теңге, ал ұшатын күні алсаң - 250 мың теңгеден асып жығылады! Қателеспесем, осыдан екі жыл бұрын «Еліміздегі ұшақ билеттерінің бағаларын бақылауда ұстап, жүкті бөлек есептеп, құнын төмен түсірдік»,- деген еді.

Биыл міне, қайтадан билет бағалары ұшып тұр!

Бұған себеп еліміздегі авиа-компанияларға бәсекелестіктің жоқтығы! Екіншіден ірі компаниялардың тағы бірі Елбасының туыстарына қарасты болған соң, осылай халық арасында наразылық пен алауыздық туғызу үшін билет бағаларын әдейі қымбаттатып, ұшақтар ұшатын уақытында ұшпай, кешігіп жатыр деп ойлаймын!

Елдегі қәзіргі құлдырап тұрған авиа мәселесін бәсекелестікті көбейту арқылы да шешуге болады! Ол үшін әрине мемлекетке қарасты ұшақ компаниясы болу керек!

Өтірік жиын-кеңестерге триллиондар бөлініп, шашылып жатыр! Одан да халыққа пайдасы бар, халыққа қызмет жасайтын ұшақтар сатып алайық! Атауы - “Kazakh airlines” болсын, сөйтіп Қазақстан халқының игіліне берілсін! Біздегі бағаны осылай ғана бағындырып, үлкен монополистердің тәбетін «сындыра» аламыз! Әйтпесе, «Аш бала мен тоқ бала» ойнамайды!

Халықтың жай-күйі мен қалтасына - Үкімет те, әлгі ұшақтардың құрылтайшылары (иелері) да қарап жатқан жоқ!

Белгілі заңгер Айгүл Орынбектің facebook парақшасынан