«Эйр Астана» авиакомпаниясына қатысты әкімшілік іс қозғалып 1 000 АЕК (1 АЕК = 3 063 тг) мөлшерінде айыппұл салынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жолаушылар арасында резонанс тудырған рейстердің кешігулеріне байланысты 18 шілдеде ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев "Эйр Астана" әуекомпаниясымен шұғыл жиналыс өткізді.
Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, жиын барысында авиакомпанияға әуе кемелерін коммерциялық жоспарлаудағы кемшіліктері көрсетіліп, тұрақты рейстердің орындалмауына жол бермеу туралы айтылды. Сонымен қатар әуе кемелерінің жедел ауыстырылмауы, рейстердің кешігуі кезінде авиакомпания қызметкерлері тарапынан жылдам түсіндірмелік жұмыстардың жүргізілмеуі сынды кемшіліктері көрсетілді.
Жиналыс қорытындысы бойынша "Эйр Астана" әуекомпаниясы резервті қамтамасыз ету үшін тұрақты рейстер кешіктірілген кезде ғана пайдаланылатын арнайы жеке әуе кемесін бөлді. Қазақстандық ірі авиакомпаниялардың акционері ретінде “Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ әуе кемелерін алуды жоспарлау жөніндегі жұмысты күшейтуі қажеттілігі айтылды, – деді ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті.
Сонымен қатар 21 шілдеде өзара іс-қимылды нығайту мақсатында "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ, "Эйр Астана" авиакомпаниясы, Алматы және Орал қалалары әуежайларының қатысуымен кеңестер өткізілді.
16 шілдеге жоспарланған Алматы - Мале рейсінің ұзақ кешігуіне байланысты жедел түрде екі күн ішінде тергеу жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша осы рейстің жолаушылары 15 сағаттан артық ұшуды күткендігі анықталды. Рейсті күту кезінде жолаушыларға "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" ҚР Заңының 86-бабының 1-бөлігінде көзделген қызметтер, атап айтқанда қонақ үйде тұру бойынша қызметтер тиісті түрде ұсынылмаған. Осыған орай 2022 жылғы 21 шілдеде авиакомпанияға қатысты әкімшілік іс қозғалып, авиакомпанияға 1 000 АЕК (1 АЕК = 3 063 тг) мөлшерінде айыппұл салынды, – деді ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті.
Осы уақытқа дейін Комитетке барлығы 150-ге жуық өтініш келіп түскені, олардың әрқайсысы бойынша анықтау жұмыстары жүргізіліп жатқаны да айтылады. Оның нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнамада көзделген тиісті іс шаралар қабылданатын болады.