Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сочи және Баку қалаларына ресми сапармен барады, - деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
19 тамызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сочи қаласына (Ресей Федерациясы) жұмыс сапарымен барады.
"Сапар барысында Қазақстан мен Ресей басшылары кездесіп, екі елдің стратегиялық серіктестігінің өзекті мәселелерін, соның ішінде сауда-экономикалық ынтымақтастығын одан әрі дамыту тақырыбын талқылайды", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, 24 тамызда Мемлекет басшысы Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиевтің шақыруымен Баку қаласына ресми сапармен барады.
"Әзербайжан астанасында екі ел басшыларының шағын және кеңейтілген құрамдағы кездесулері жоспарланып отыр. Келіссөз барысында сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға баса мән беріле отырып, қазақ-әзербайжан стратегиялық серіктестігін дамыту мәселелері қарастырылады. Сонымен қатар, екіжақты бірқатар құжатқа қол қойылады", - делінген хабарламада.