19.08.2022, 15:40

«Полиция халық шулағанда ғана іске кіріседі»: белгілі заңгер Ішкі істер министрі Марат Ахметжановқа үндеу жолдады

Халық полиция қызметкерлерінен көңілдері қалған. Ондай полицияның бізге не керегі бар?

Белгілі заңгер әрі қоғам белсендісі Айгүл Орынбек өзінің Facebook парақшасында Шымкент қаласының полицейлері халық шулағанда ғана жұмыс жасайтын әдет тауып алғанын айтып, тағы бір жазба жариялады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Заңгердің жазуынша, халықтың «қорғайды» деген полиция қызметкерлерінен әбден көңілдері қалған! Осы себепті полициядан бұрын өзінен көмек сұрайтындардың қатары азаймай отыр. Сондай-ақ ол полиция дұрыс жұмыс жасамағандықтан аталмыш өңірде қылмыс көбейіп, тұрғындар үреймен өмір сүріп жатқанын айтады.

«Министр Марат Ахметжанов!

Міндетті түрде кішкентай қыз зорланып, халық шулағанда ғана жұмыс жасайсыздар ма?! Шымкент қаласы “Азат” мөлтек аудан тұрғындары үреймен өмір сүруден шаршап менен көмек сұрап отыр!

Себебі “қорғайды” деген полиция қызметкерлерінен көңілдері қалған!

Президентіміз айтқан “Қауіпсіз мемлекет” қайда? Қыздарымыз көшеге шықпай, жұмыссыз отыру керек пе?

Қара маскі киген белгісіз адамды ұстау үшін арнайы операция жүргізуге болмайды ма? Полиция қызметкерлеріне қалай жұмыс істеуді үйретеміз бе? Әлде қылмыскерді өзіміз ұстап апарып берейік пе? Ондай болса полицияның бізге не керегі бар?

“Азат” мөлтек аудан тұрғындарынан сауал жүргізсеңіз, бұл бірінші рет емес, бірнеше рет болғанын бәрі шырылдап тұрып айтып береді.

Тіпті учаскілік полицейлер жергілікті тұрғындардың чатына қосылып, қаланың қауіпсіздігі үшін халықпен бірге жұмыс жасау керек деп үнемі айтып жүремін.

Қайда реформа? Қайда Жаңа Қазақстан?», - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.