20.08.2022, 01:04

Мемлекет басшысының Сочи қаласына жұмыс сапары аяқталды

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей басшысын ТМД Саммитіне шақырды.

Мемлекет басшысының Сочи қаласына жұмыс сапары аяқталды, деп хабарлайды БОРТ№1 Telegram каналы.

Айта кетейік, осыған дейін Мемлекет басшысының Ресейге және Әзербайжанға сапар шегетіні хабарланған болатын.

Қазақстан Президентін Владимир Путин қошеметпен күтіп алып, екіжақты кездесу өткізді.

Кездесу 2,5 сағатқа созылды.

Басқосуда Қазақстан Президенті Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтың болашағы туралы пессимистік болжамдарға ешқандай негіз жоқ екенін атап өтті.

«Геосаяси ахуалдың ерекшелігі сағаттарымызды салыстырып, тексеруді қажет екенін меңзейді. Бәлкім Үкіметтерге қосымша тапсырма беру керек болатын шығар. Олар бір-бірімен табысты жұмыс істеп, өзара әрекет етіп жатыр. Сонда да өмір шешімін табуды қажет ететін жаңа міндеттер қойып отыр. Жалпы арадағы серіктестіктің дамуына қанағаттануға барлық негіз бар. Бұл тұрғыда сізбен келісемін. Бізді әлемдегі ең ұзын құрлықтық толық шегенделген шекара біріктіріп тұр. Сондықтан, әрине, болашағымызға қатысты пессимистік болжам айтуға ешқандай негіз жоқ», - деді Мемлекет басшысы.

Президент, сондай-ақ екі ел арасындағы жан-жақты ынтымақты дамытуға мүдделі екенін атап өтті.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей басшысын ТМД Саммитіне шақырды.

Өз кезегінде Ресей басшысы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруын қабыл алып, Сочиге келгеніне алғысын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Сочи қаласындағы «Сириус» білім беру орталығына барды.