$ 445.66  474.58  4.78

Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымның логистикасын қамтамасыз ету бойынша келісім жасалды

Екі ел арасындағы тауар айналымы 1 млрд долларға дейін ұлғаяды.
фото: AkordaPress
фото: AkordaPress

Қазақстан Президентінің Әзербайжанға ресми сапары барысында мемлекеттер басшылары кеңейтілген құраммен келіссөздер жүргізген болатын. Келіссөздер қорытындысы бойынша мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді. 

«Бүгін біз мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықтың көлік-логистикалық саласын дамыту туралы егжей-тегжейлі талқыладық. Жан-жақты талдап, екі ел үкіметтеріне тиісті тапсырмалар берілді деп айта аламыз және бұл бағытта нақты нәтижелерге қол жеткізілетініне күмән жоқ. Қалай болғанда да, Қазақстан тарапында ынтымақтастықтың бұл түрін дамытуға қызығушылық жоғары.

Ауыл шаруашылығы саласын ерекше атап өткім келеді. Бұл жерде біз бір-бірімізді толықтыра аламыз. Қазақстан астық, бидай және ауыл шаруашылығы өнімдерінің басқа да түрлерін жеткізуге мүмкіндігі бар екенін білесіздер. Өз кезегінде бізге Әзербайжаннан ауыл шаруашылығы өнімдерін – жеміс-жидек пен көкөністерді импорттау қажеттілігі туындап отыр. Жалпы алғанда, қазақстандық өндірушілердің бірқатары Әзербайжанға жалпы сомасы 300 миллион доллардан асатын 100 түрлі тауар көлемін ұлғайтуға дайын. Сондықтан біз осы тауар айналымның логистикасын қамтамасыз етуіміз керек және бұл біздің үкіметтеріміздің міндеті. Бүгін осы жөнінде келістік», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымының көлемі 3 есе артқан екен. Алайда, жалпы алғанда, бұл нәтиже айтарлықтай көп емес, сондықтан бүгін өзара сауданың абсолютті көрсеткішін арттыруға күш салу жөніндегі уағдаластыққа қол жетті. 

«Кейінгі жылдары тауар айналымының айтарлықтай, үш есеге жуық өскеніне қуаныштымын. Бірақ бұл, әрине, жайбарақат жүруге негіз емес екенін атап өткім келеді. Сауданы арттыруға мүмкіндіктер бар деп есептеймін. Біздің үкіметтеріміз жақын арада елдеріміз арасындағы тауар айналымын 1 миллиард долларға дейін ұлғайту үшін жұмыс істеуі керек», – деді Тоқаев.

Әзербайжан басшысы бүгін екіжақты қарым-қатынастардың кең ауқымды күн тәртібі мен халықаралық мәселелер бойынша жан-жақты әңгіме болғанын атап өтті.

«Әрине, көлік-логистика инфррақұрылымын дамыту жөнінде үлкен жоспарымыз бар. Қазақстанда да, Әзербайжанда да осы инфрақұрылымды құру бойынша уақтылы шаралар қабылданды. Қазір елдеріміз арасындағы жүк тасымалының көлемін және көлік транзитін арттыру жөнінде бастама көтеріліп жатыр. Тиісті органдар бұл бағытта өзара белсенді жұмыс атқарып отыр. Сауда-экономикалық қатынасты дамытуға да тың серпін беретінімізге сенімдімін. Тауар айналымын арттырудағы резервіміз айтарлықтай көп. Бүгін біз келешектегі сауда-экономикалық ынтымақтастығымыздың бірқатар бағыты бойынша пікір алмастық. Өзара тауар жеткізу көлемін арттыру жоспарын нақтылай аламыз. Сондай-ақ инвестиция саласында зор мүмкіндігіміз бар. Қазақстанда да, Әзербайжанда да қолайлы инвестициялық климат қалыптасқан. Шетелдік инвестицияның көлемі үлкен. Осы бағыттағы күш-жігерімізді біріктіріп, Қазақстан мен Әзербайжандағы, сонымен қатар өзге де елдердегі бірлескен инвестициялық жобаларға қатысатын уақыт келді деп ойлаймын», – деді Ильхам Әлиев.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің жарғысы мен қарарларына сәйкес территориялық тұтастығын жеңіспен қалпына келтіре отырып, өз дамуының жаңа дәуіріне қадам басқандығын атап өтті.

«Әрине, бауырлас ел Әзербайжанның ұлттық көшбасшысы, Президенті Ильхам Гейдарұлы Әлиевтің жеке еңбегі зор. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, сіздің қуатты басшылығыңызбен бүгінде Әзербайжан өзінің дамуында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп жатқанын тағы да айтқым келеді. Біз сіздің еліңіздегі осы үрдістерді бақылап отырмыз әрі шын жүректен қуанамыз. Қарабақ пен Шығыс Зангизурдың қалпына келіп, дамып жатқанын көріп отырмыз. Сіздің жеке еңбегіңіздің арқасында бұл өңір таяу болашақта гүлденген аймаққа айналады, оған еш күмән жоқ,» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан өз тарапынан бұл игі іске белгілі бір дәрежеде қосар үлесі ретінде қазақ халқының атынан берілетін сыйдың таныстырылымын өткізіп, келесі жылдың аяғына дейін Әзербайжандағы Физули қаласында Құрманғазы атындағы шығармашылық орталығын салып беретін болды.

Мемлекет басшысы Тоқаев бұл сапарының мерейтойлық дата – елдеріміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылғанына 30 жыл толуы қарсаңында өтуінің де символдық мәні бар екенін ескерді.

«Біз ықпалдастықты басынан бастадық және бүгінде біз елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық туралы сенімді түрде айта аламыз. Осы серіктестігімізді одан әрі нығайту, оны әртараптандыру туралы декларацияға қол қойылды. Бұл – алға қарай жасалған нақты қадам. Арамызда сенімді саяси диалог орнады, мемлекеттеріміз халықаралық алаңдарда, ең алдымен Біріккен Ұлттар Ұйымы, ЕҚЫҰ, Түрік мемлекеттерінің ұйымы аясында ынтымақтасып келеді», – деді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар ортақ күш-жігердің арқасында екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық саладағы ықпалдастықтың да күшейіп келе жатқанын да алға тартты. 

«Мен бүгін елімізде Әзербайжан мәдениетінің онкүндігін өткізу туралы бастама көтердім. Бұл шараның танымалдығына ешқандай күмән келтірмеймін. Себебі халқымыз әзербайжан мәдениетін, оның өнер қайраткерлерін сағынғаны анық. Бұл іс-шара сәтті өтеді деген ойдамын», – деді Қазақстан Президенті. 

Ал Әзербайжан Президенті жақында Сумгаит қаласының орталық көшелерінің біріне қазақ халқының көрнекті азаматы, ағартушы, түркітанушы Ахмет Байтұрсыновтың есімі берілгенін айтты. Ол бауырлас екі ел арасындағы қарым-қатынас табысты дамитынына сенім білдірді.
 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары