Мемлекет басшысы ауыл азаматтарымен кездесіп, олардың арызын тыңдады, деп хабарлайды Ақорда.
Еске салайық, Қостанай облысының Әулиекөл ауданында орман өрті 2 қыркүйек күні басталды. Бірнеше ауылдан 1841 адам эвакуацияланды. Тілсіз жау 86 жастағы тұрғынның өмірін жалмады. 10 адам жарақат алды, оның төртеуі қазір ауруханада жатыр.
Қостанай облысында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орайластырылған салтанатты шаралар кейінге шегерілді. Іс-шараларға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев баратыны жоспарланған еді. Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Facebook-тегі парақшасында ҚР Президенті орман өртіне қарамастан Қостанай облысына жұмыс сапарымен баратынын айтты.
Бүгін Қ.Тоқаев өңірге барды. Өрт болған елді мекен тұрғындарымен кездескен Президент зардап шегушілерге Үкімет екі айда бұрынғыдан да жақсы үйлер салып беретінін айтты. Өртті ауыздықтауға жүздеген техника, мыңдаған адаммен бірге 7 бірдей тікұшақ тартылды.
ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Қостанай облысындағы өрт адам қолынан болды деген нұсқаны жоққа шығармайтынын мәлім етті.
Зардап шеккен қостанайлықтарға көмек беру үшін бірыңғай қоғамдық қор құрылды.
Өңірдегі жағдай тұрақталғанша, 3 мыңнан астам оқушы қашықтан білім алатын болды.
Әулиекөл ауданындағы өрт салдарынан Аманқарағай ауылында 98 үй өртеніп кетті.
Өңірде төтенше жағдай режимі жарияланды.
Үйлері өртеніп кеткен қостанайлықтардың банктегі несиелері жабылады.