Қазақстанда адал бизнеспен айналысу кез келген адамға тиімді және қауіпсіз болуға тиіс. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бизнес-қоғамдастығы өкілдерімен кездесуі кезінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бәсекелестік жағдайы теңестіріледі. Енді қандай да бір тұлғаға басымдықтар берілмейді. Мемлекеттік аппараттағы байланыстары мен оның тарапынан жасалатын қамқорлыққа қарамастан, Қазақстанда адал бизнеспен айналысу кез келген адамға тиімді және қауіпсіз болуға тиіс. Бұл – негізгі ұстаным. Біз шағын және орта бизнесті дамытамыз. Кәсіпкерлердің жаңа буынын өсіруге, жаңа идеялар мен ой-пікірлерді қолдауға баса мән береміз. Сонымен қатар мемлекет ірі, қалыптасқан бизнесті қолдаудан бас тартпайды. Керісінше, біз, ең алдымен, сіздерді Әділетті Қазақстан құруға белсене атсалысуға шақырамыз», – деді Мемлекет басшысы.