$ 494.87  520.65  4.91

«Назарбаевтан теріс айналғандар ертең Тоқаевты да сата салады»: Нұр-Сұлтанды бірауыздан қолдаған депутаттар Астананы неге қайтарғысы келеді?

Көшелердің, әуежайлардың аттарын қайта ауыстыру кезінде, кінәлілерді анықтап, ақшалай болсын жауапкершілікке тарту қажет.

Биыл қыркүйектің 2 күні Қазақстанда қаңтар оқиғаларынан кейін құрылған "Жаңа Қазақстан" тобының депутаттары елордаға Астана атауын қайтаруды ұсынды. Олар мұны басқаланың атауын қалпына келтіру тарихи әділдік болар еді, деп бағалаған. Бұл ұсыныс мәжіліс алаңында айтыла салысымен қызу талқыға түсті. Әсіресе қоғам бұл ұсынысқа бірауыздан дауыс берген депутаттардың әрекетіне қайран. Олар бұған дейін елорданы Нұр-Сұлтан етіп өзгертуді қолдаған шенеуніктердің бүгін қайта Астана атауын қайтаруды бірауыздан қалағандарына таңданады. Stan.kz тілшісі бұл өзгеріске қоғам белсенділерінің пікірі қандай екенін білді.

"Бұл күлкілі емес, керісінше қорқынышты"
Белгілі қоғам белсендісі Руслан Түсіпбеков қазіргі депутаттардың өздерінен күштірек деп санайтын кез келген биліктің немесе тіпті сыртқы күштің алдында жорғалайтындай күйге түскенін айтады.

"Бүгін көп депутаттардың аяқ асты шешімін өзгерте салатынына көпшілік күліп жатты. Күні кеше ғана олар тұңғыш президентті мақтаған болса, бүгін оның артынан "пышақ сұғып" отыр. Алайда бұл күлетін дүние емес, керісінше өте қорқынышты. Егер ертең биліктің басына басқа біреу келсе, онда олар қазіргі президентті жерге таптап, қалғанын мақтайды деген сөз", - дейді Түсіпбеков.

Ол бұл олқылықты еліміздің мемлекеттік басқару жүйесіндегі қателіктен көреді. Біз отыз жылда ештеңе жасаған жоқпыз. Сенімді жүйені де құра алмадық. Ең қорқыныштысы да осы, дейді ол.

"Қазіргі сыртқы агрессия уақытында мемлекет деп атау берілген бұл құрылым қағаз үй секілді опырылып кетуі мүмкін. Себебі ол тежеу мен тепе-теңдік жүйесінен ада", - деп түсіндіреді Руслан Түсіпбеков.

Заңгер Жангелді Сүлейменов елорда атын қайта өзгерту үшін халықтың миллиарлд теңгесі жұмсалатынын айтады. Оның пікірінше, көшелердің, әуежайлардың аттарын қайта ауыстыру кезінде, кінәлілерді анықтап, ақшалай болсын жауапкершілікке тарту қажет.

"Бүкіл әлем алдында атын (елорданың – ред.) ауыстырып мазақ болдық. Ал қазір атауын қайта өзгертіп, тағы күлкіге қаламыз. Тарихта бұлай жасаған ешкім болмаған секілді еді. Олар (депутаттар – ред.) атын ауыстырады, ал біз ұяламыз", - дейді Жангелді Сүлейменов.

Белгілі журналист әрі қоғам белсендісі Дина Елгезек биліктегі депуттарды меңзеп, Назарбаевты кеше мақтап, ал бүгін теріс айналғандар ертең Тоқаевты да оп-оңай сатып кететінін ашып айтты.

"Алтынбек Сәрсенбаев ағамыздың айтқан сөзі деп еді: "Президенттің артынан қандай зауыт-фабрика қалғаны маңызды емес, ол артына қандай қоғам қалдырды, сол маңызды" - деп. Сол секілді Назарбаев артында бір-біріне сенбейтін, күмәншіл, ашынған, рухани деградациядағы қоғам қалдырды. Жалпақшешейлік пен жағымпаздықты үлгі тұтқан мемлекеттік қызметкерлер кастасын қалдырды. Жағымпаздықтың ең жиіркенішті үлгілерін көрдік қой…  Енді мұндай сорақылыққа жол берілмеуі керек", - дейді Дина Елгезек.

"Олар елбасылаудан басқа нәрсені біле ме?"

Танымал журналист Әділ Жалилов депутаттардың алдымен халықтың ақшасына бүкіл қоғамның миын "елбасылап" алғанын айтады.

"Енді олар елбасылаған түсінікті қайта бұзып жатыр. Осы ретте мынадай сұрақ туындайды: олардың қолынан басқа пайдалы нәрсе жасау келе ме? Елбасылап кейін оны қайтадан бұзудан басқа?", - деп таңданады ол.

Саясаттанушы, журналист Сырым Итқұлов осындай дұрыс бастамалардың өзін халыққа еш құрмет танытпай берілгенінен қорқатынын жеткізді.

"Ұлттық мереке мәртебесін Республика күніне қайтарып жатыр, тұңғыш президент күнін алып тастады, елорда қайтадан Астана болып аталады – осы өзгерістердің барлығына риза болып, ерекше қуанышқа бөленуге тиіс секілдісің. Бірақ мұның қалай жасалғанын көргенде жүрегің айныйды", - дейді ол.

Итқұловтың ойынша, билік басындағылар ең болмағанда өзара дебат өткізіп, бұрынғы саяси жүйенің соқыр сенушілері болғанын айтып, кінәларын мойындаулары қажет еді. Және ең бастысы Қазақстан халқынан кешірім сұрағандары дұрыс. Бұл аз болса да, есесіне адамгершілік тұрғысынан игі іс болар еді, дейді ол.

"Болмаса азаматтардың пікіріне құлақ асып, қандай да бір референдум өткізіп немесе ең болмады дегенде сауалнама жүргізулері қажет еді. Алайда оның орнына біздің қымбатты депуттарымыз барлық құрамымен қолдап дауыс берді. Тіпті олардың қатарында осыдан 3 жыл бұрын Елбасының сойылын соққандар да болды", - деп түсіндіреді ол.

Бізде тұрақтылық болуы керек”
Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Бердікбек Сапарбаев "Сұрауы бар" бағдарламасына берген сұхбатында Астана атауын қайтаруға жаппай қолдап дауыс берген депуттар жайлы көзқарасын білдірген.

"Оған әрбір депуттатың, ары, намысы мен адами қасиеті жауап береді. Олар бұған дейін өздері сол қаланың атауын ауыстыруға дауыс берген. Кімдікі бұрыс, ал кімдікі дұрыс болғанын уақыт көрсетеді. Оның үстіне бұл ұсынысты мәжіліс қабылдады, алда сенат бар, оған мемлекет басшысы қол қоюы керек", - дейді экс-әкім.

Журналист Сапарбаевтан елордаға Астана атауын қайтару туралы ұсынысты қолдайсыз ба деп сұраған.

"Менің ойымша, бізде тұрақтылық болуы керек. Бүгін былай, ертең былай деген болмайды. Біз осылай айтып отырсақ бізге басқа ұлт өкілдері, өзге мемлекеттер қалай сенеді. Сондықтан біздің тұрақты саясатымыз болуы керек", - деп жауап берген Бердібек Сапарбаев.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары