ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінің жалпы отырысында елдегі аса киелі діни орындарға тоқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мұсылмандар Арыстанбаптың, Қожа Ахмет Яассауидің кесенелеріне, Бекет атаның жерасты мешітіне және басқада қасиетті жерлерге барып зиярат етеді. Таразда несториандық мазмұндағы христиан ғибадаханасы болғаны белгілі. Бәріміз Алматыдағы православиялық діннің киелі орны Вознесенский кафедралдық соборын мақтан етеміз. Бұл бірегей тарихи сәулеттік ескерткіш – ең биік ағаш ғибадатханалардың бірі», - деді Президент.
Сондай-ақ ол Орталық Азиядағы ең үлкен Синагоганың Қазақстанда екенін еске салды.
«Солтүстік Қазақстан облысында Католик рухани орталығы орналасқан. Сталин репрессиясының кезінде бұл орынның арқасында Қазақстанға жер аударылған поляк қауымы аштықтан аман қалды. Соның естелігі ретінде Құдайананың мүсіні орнатылған. Ол орынға кезінде Рим Папасы екінші Иоанн Павел бас сұққан. Бүкіл әлемнің иудейлері үшін Алматыдағы Лева-Ицхак Шнеерсонның кесенесі қастерлі орын болып есептеледі. Қазақстан астанасында Орталық Азиядағы ең үлкен «Бейт Рахель Хабад Любавич» Синагогасы орын тепкен», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.