Бүгін Алматы қаласында «Тоқаевтың реформаларын қолдау қозғалысы» құрылды. Белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезектің айтуынша, аталмыш жалпыреспубликалық қозғалыстың басты мақсаты - Мемлекет басшысының реформаларын қоғамдық қолдау мен оларды іске асыруға қажетті жағдай жасау.
«Ел тағдыры мен болашағы бәйгеге түскен шақта ел тілеуін тілеген ниеттестер бәріміз бір ұйымға жиналып отырмыз. Бүгіннен бастап Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларын қолдау ұйымы құрылды. Бұл ұйым қоғамдық қозғалыс, ешқандай заңдық тұлға ретінде тіркелмейді. Тұрақтылықты, жарқын болашақты қолдайтын басқа да азаматтар жақын арада қатарымызға қосылады деген ойдамыз, – дейді ақынның өзі.
Қозғалыс құрамында Мереке Құлкенов, Райымбек Баталов, Ақберен Елгезек, Сергей Пономарев, Бекнұр Қисықов, Дәурен Қуат, Дәулеткерей Кәпұлы, Әділ Ахметов, Назгүл Қарабалина, Марат Шибұтов секілді бизнес, мәдениет және өнер, спорт және басқа да әртүрлі саладан жиналған азаматтар бар.
Сонымен қатар бұл қозғалысқа белгілі айтыскер ақын Ринат Зайытов та қосылып отыр. Ринат Зайытов халық сөзін сөйлейтін айтыскер ретінде танымал әрі қоғам қайраткері. Өзінің көзқарастары үшін "Ескі Қазақстан" кезінде біраз жаба шеккендердің бірі.
Оның айтуынша, еліміз ауқымды өзгерістердің алдында тұр.