15.09.2022, 03:32

Саясат Нұрбек: ЖОО қанша студент қабылдаса, жатақханасында сонша орын болуы керек

Мемлекеттік жоғары оқу орындарына кез келген жаңа мамандықты ашу үшін немесе жаңа лицензия алу үшін жаңа шарт қойылады.

Ғылым және жоғары білім министрі Алматыдағы далада қалған студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесіне де тоқталды.

Енді жекеменшік, мемлекеттік жоғары оқу орындарына кез келген жаңа мамандықты ашу үшін немесе жаңа лицензия алу үшін жаңа шарт қойылады. Олар оқуға қанша адам қабылдаса, жатақханадан сонша орын қамтамасыз етуі керек. Бұл туралы үкімет кулуарында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.

"Мысалы, жүз адамды қабылдай ма, онда жүз адамға орын қамтамасыз етуі керек. Осы жылдан бастап заңнамаға енгізілді. Заңнамалық түрде шектеу қойылды", – деді министр.

Саясат Нұрбек Алматыдағы жатақханадан орын таба алмай жүрген студенттерді тұратын жермен қамтамасыз ету мәселесіне де тоқталды.

Министрдің айтуынша, қалада 35 ЖОО бар, онда 200 мыңға жуық студент оқиды. Студенттердің 70 пайызы басқа өңірлерден келген. Оларды жатақханамен қамтамасыз ету үшін Сәтпаев университетінің негізінде арнайы жедел штаб құрылған.

"Кеше сол штатты барып көріп кеттім. Жыл басынан бері 1-курстың 500-ге жуық студенті жатақханада орын таба алмай жүрген. Қазір олар өздері орын тауып және жедел штабқа 88 бала хабарласып, олардың бәрінің шешімін таптық", – деді министр.

Министр жедел штаб қалай жұмыс істейтінін түсіндірді.

"Жедел штабқа хабарласқан студентті біз Сәтпаев университетінің екінші және төртінші жатақханасына бір-екі күнге орналастырамыз. Сосын басқа университеттермен және хостелдермен келісіп, оларды тұрақты орналастыруға шешім қабылдаймыз. Жедел штаб тәулік бойы жұмыс істейді", – деді министр.

Сондай-ақ, Саясат Нұрбек жатақхана мәселесін мемлекет өз есебінен толыққанды шеше алмайтынын айтты. Сол үшін министрлік жанындағы қаржы орталығымен бірігіп, жеке инвесторлармен, құрылысшылармен, мердігерлермен тікелей жұмыс басталған.

"Оларға арнайы 6 жылдық шарттар береміз. Яғни қаржы моделін ұсынамыз. Сол қаржы моделімен 2026 жылға дейін 70-80 пайыз жатақханамен қамтамасыз етеміз", – деді министр.

informburo.kz