Премьер-министр Әлихан Смайылов өзінің кешегі Ресейден қашқандарды «уақтылы тіркеп, оларға жұмыс тауып беру туралы сөзіне түсіндірме беріп, жазба жариялады. Өз жазбасында ол бұл сөзіне қатысты қоғамда түсінбеушіліктер болып жатқанын атап өткен, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Кеше Үкіметтің көші-қон мәселелеріне қатысты өткізген жиналыстағы мәліметтерге байланысты қоғамда дұрыс түсінбей жатқандар бар.
Осыған орай айтайын дегенім шетел азаматтарына қызмет заң аясында ғана көрсетіледі.
Біз халықаралық міндеттерімізді орындай отырып, өз еліміз бен халқымыздың мүддесінен жоғары құндылық жоқ екенін ұмытпауымыз қажет.
Ең маңызды мәселенің бірі – құқықтық тәртіп пен қауіпсіздік. Сонымен бірге арендалық тұрғын үй бағаларының өсуінен өз азаматтарымыз қиын жағдайға тап болып отыр.
Жауапты органдар тұрғын үй нарығындағы ахуалды тұрақтандыру бойынша тиісті шараларды қабылдау қажет. Оны біз кеше айттық.
Еңбекпен қамту бойынша ең алдымен қазақстандықтардың жай-күйі, жұмыс жағдайы біз үшін приоритет.
Барлық кәсіпорындар мен мекемелер осыны естен шығармау керек.
Ал, көршілес елден келген мигранттар белгіленген заңнама шеңберінде ғана еңбек ете алады.
Жағдай күнделікті бақылауда», - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында. .
Еске сала кетсек, премьер-министр Әлихан Смайылов кеше көші-қон мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, онда Ресей Федерациясынан келушілер санының артуына қатысты қалыптасып отырған ахуал талқыланған болатын. Смайылов сол отырыста үкімет мүшелеріне Ресейден қашқандарды «уақтылы тіркеп, оларға жұмыс тауып беруді» тапсырған.