Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі – Қайрат Сатыбалдыға қатысты жақында шыққан сот шешімінен бөлек, басқа да істер тергеліп жатқанын мәлім етті.
«Қайрат Сатыбалдыға қатысты істі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік жүргізді. Тек екі эпиоздты қарады. Ол – «Көліктік сервис орталығы» мен «Қазақтелеком» компаниясына зиян келтіргені үшін. Өзіңіз білетіндей, шамамен 42 млрд теңгедей екеуіне материалдық зиян келтірілген. Сол екі эпизод қана қаралды. Басқа істер қазір тергеу барысында. Тергеп жатыр», - деді Әсет Шындалиев мәжіліс кулуарында.
Еске сала кетсек, Байқоңыр аудандық №2 сотының судьясы Нұрлан Баяхметов Қайрат Сатыбалдыға үкім шығарды. Қайрат Сатыбалды бірнеше бап бойынша кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Мемлекеттік қызметте, сотта, Ұлттық банкте, мемлекеттің үлесі 50 пайыздық кәсіпорындарда 10 жыл бойы жұмыс істеу құқығынан айырылды. Мүлкі тәркіленді.
Ulysmedia.kz