Өскемен қаласында көпқабатты үйдің жертөлесінен өрт шығып, 53 адам, оның ішінде 15 бала эвакуацияланды. Бұл туралы ШҚО төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Департамент мәліметінше, қаладағы Назарбаев даңғылында орналасқан 4 қабатты тұрғын үйдің жертөлесіндегі электр қалқанында өрт шыққан.
«Оқиға орнына өрт сөндірушілер шұғыл келіп жетті. Олар үйдің 53 тұрғынын, оның ішінде 15 баланы жедел эвакуациялап, «Вахта» жылы автокөлігіне орналастырды. Көп ұзамай 2 шаршы метр аумақтағы қызыл жалын ауыздықталды. Арнайы құрылғы - түтін сорғыштың көмегімен жертөледен түтін сорылып, шығарылды», - делінген хабарламада.
Барлығы жеке құрамнан 19 адам мен 7 техника жұмылдырылған. Зардап шеккен ешкім болған жоқ. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.