«Amanat» партиясының кезектен тыс ХХІV съезінде Нұрсұлтан Назарбаев төраға болған кезде қабылданған «Нұр Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі бағдарламасы күшін жойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Кеше партияның саяси кеңесі отырысында партияның жаңа саяси платформасын мақұлдау және оны партияның съезіне шығару туралы шешім қабылданған болатын. Бұған дейін құжат бастапқы партия ұйымдарында, партияның өңірлік және аумақтық филиалдарының конференцияларында қаралып, толықтай қолдау тапқан еді. Сондықтан бүгінгі сөз сөйлеулерді ескеріп, AMANAT партиясының жаңа саяси платформасын бекіту туралы қаулы қабылдау ұсынылады. Сонымен қатар, партияның жаңа саяси платформасының қабылдануына орай, партияның 2030 жылға дейінгі саяси платформасы мен бағдарламасын күшін жою ұсынылып отыр», - деді бүгінгі съезде «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов.
Осылайша, «Amanat» партиясы «Nur Otan» аталып тұрған кезде «2030 жылға дейінгі бағдарламасы» 2019 жылы қабылданған болатын.
Айта кетсек, «Amanat» партиясының кезектен тыс ХХІV съезінде алдағы кезектен тыс президент сайлауына партия атынан кандидат ұсыну мәселесі қаралды. Съезде «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов президенттікке үміткер ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынатынын мәлім етті.