$ 449.58  486.94  4.86

Тоқаев: Біз жаңа саяси дәуірге қадам бастық

Тоқаев халықтық коалиция форумында сөз сөйледі.

Форумда Мемлекет басшысы Жаңа Қазақстанның жаңа саяси дәуірге қадам басқанын атап өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Біз жаңа саяси дәуірге қадам бастық. 20 қарашада кезектен тыс Президент сайлауы өтеді. Бұл – болашақ даму бағдарымызды айқындайтын аса маңызды науқан. Түрлі қоғамдық ұйымдары маған өздерінің атынан сайлауға түсу туралы ұсыныс білдірді. Мен бұған дейін Мемлекет басшысы ешбір партияға басымдық бермей, саяси тұрғыдан бейтарап болу қажеттігін айттым. Осы ұстанымым өзгермейді. Баршаңыз ұсынған ортақ кандидат ретінде президент сайлауына түсу – мен үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Маған сенім артқандарыңыз үшін баршаңызға ризашылығымды білдіремін. Коалицияда басты саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстардың болуы өте маңызды. Себебі, онда барлық әлеуметтік топтар қамтылған», деп атап өтті Мемлекет басшысы. 

Сонымен қатар ол осы мақсатта түбегейлі жаңғырту үшін ауқымды реформа жүргізілгенін сөз етті.

«Мен еліміздің саяси, әлеуметтік, құқықтық, және басқа да маңызды жүйелерін түбегейлі жаңғырту үшін ауқымды реформа жүргіздім. Бұл реформалар халықтың тұрмысын түзеуге, әр адамның құқығын толық қорғауға, демократиялық үдерістерді жедел жүргізуге бағытталған. Бір сөзбен айтқанда, барлығы тек халық үшін жасалып жатыр. Сондай-ақ, мемлекеттілігімізді нығайтуға арналды. Жалпы, көп жұмыс атқарылды деп айтуға болады. Бірақ, бұл – күрделі жолдың басы ғана. Сондықтан біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын басшылыққа алып, әділ қоғам құруға кірістік. Саяси реформаның төрт топтамасын жүзеге асырдық», - деді ол. 

Президенттің айтуынша, келесі жылдан бастап Мәжіліс пен мәслихаттар аралас жүйе бойынша сайланады.

«Билік тармақтары арасында тепе-теңдік орнату үшін шаралар қабылданды. Президенттің бірқатар өкілеттігі Парламентке берілді. Өңір басшылары баламалы жолмен таңдалатын болды. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау тәсілі қолданыла бастады. Саяси партияларға жағдай жасау үшін заңдарға өзгеріс енгізілді. Әйелдерге және жастарға саясат саласында жеңілдіктер берілді. Мүмкіндігі шектеулі жандар да тыс қалмады. Ашық азаматтық қоғамның іргесін қаладық деп күмәнсіз айтуға болады. Қазіргі ақпарат, интернет дәуірінде саяси дамудың басқа балама жолы жоқ екенін атап өткен Тоқаев бұл үшін ең алдымен елді кері тартып отырған жемқорлық мәселесін реттеу қажет екенін атап өтті. 

«Еліміздің дамуына кедергі келтіріп отырған кеселдің бірі – сыбайлас жемқорлық. Онымен күресу – баршамызға ортақ міндет. Бұл бағытта соңғы үш жылда біраз шаруа атқарылды. Мысалы, осындай қылмысы үшін сотталғандарды мерзімінен бұрын шартты түрде босатуға тыйым салынды. Бұдан былай олардан қайтарылған қаражат мектеп салуға жұмсалады. Жемқорлықпен күрес тиімді болу үшін мемлекеттік сатып алу жүйесіне бірқатар өзгеріс енгізілді. Сондай-ақ құзырлы орган басшыларының жауапкершілігі артты. Бір сөзбен айтқанда, жемқорлықпен күрес ешқашан тоқтамайды, жалғаса береді. Сонда ғана біз осы індеттен таза қоғам құрамыз. Бұл – менің стратегиялық мақсатым!», деп атап өткен Мемселет басшысы алдағы уақытта да заңдылық пен тәртіптің қатаң сақтала беретінін баса айтты. 

«Мен қоғамда заңдылық пен тәртіптің қатаң сақталуына баса мән беремін. Мұны үнемі айтып жүрмін. Осы ретте, тұрмыстық зорлық-зомбылық, адам және есірткі саудасы үшін жаза күшейтілді. Браконьерлікке қарсы заңдарды қатайттық. Табиғатты қорғау жұмысын мемлекеттік деңгейге көтердік. «Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша тәртіп сақшыларының қызметін реформалау басталды. Біз білім, ғылым саласын дамытуға айрықша назар аударып отырмыз. Қала және ауыл мектептері арасындағы айырмашылықты жою үшін нақты шаралар қолға алынды. Білім сапасы төмен жоғары оқу орындары жабыла бастады. Дарынды жастарды қолдау үшін «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант беріле бастады. Жас ғалымдарға әлемнің беделді ғылыми орталықтарында озық білім алу үшін 500 және «Жас ғалым» жобасы аясында 1000 грант бөлінді. Жалпы, білім беру және ғылым саласы әрдайым мемлекеттің назарында болады. Мен бұл салаларға ерекше мән беремін. Қоғамда білім үстемдігін қалыптастыратын кез келді», - деді Президент. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары