13.10.2022, 09:40

Ердоған Қазақстанды «ата-бабамыздың жері» деп атады

Фото: © instagram/rterdogan
"Ata topraklarımızda… ("Ата-бабаларымыздың жерінде")", - деп жазды Түркия басшысы.

Астанада сапармен жүрген Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған Қазақстанды "ата-бабамыздың жері" деп атады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"Ata topraklarımızda… ("Ата-бабаларымыздың жерінде")", - деп жазды Түркия басшысы Instagram парақшасында Қазақстан астанасынан түсірілген суретте.

Түркия Президенті Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен сәрсенбі, 12 қазанда Астанаға келді.

Ол Тоқаевпен екіжақты кездесіп, Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің отырысына қатысты.

Тоқаев Ердоғанмен кездесуінде оған 1-дәрежелі "Достық" орденін тапсырып, Түркияны "Қазақстанның ең жақын және сенімді стратегиялық серіктесі" деп атады.

13 қазанда Түркия басшысы Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесінің (АӨСШК) алтыншы саммитіне қатысады.