$ 447.4  477.55  4.76

Президент: «Қонаев ғылым-білім орталығына және студент жастардың қаласына айналуы керек»

Бір сөзбен айтсақ, Алматы облысы – еліміз үшін айрықша орны бар аймақ.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Мемлекет басшысы Алматы облысына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында облыс жұртшылығымен кездесті, деп хабарлайды БОРТ N1 телеграмм арнасы. 

«Көрікті мекеннен есімі ел тарихына алтын әріппен жазылған көптеген тұлғаларымыз шыққан. Бұл – ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен ел қорғаған Наурызбай, Райымбек батырлардың дүниеге келген жері. Бұл – Сүйінбай мен Жамбылдай ақындардың елі.

Нұрғиса Тілендиев, Мұқағали Мақатаев, Тұманбай Молдағалиев және Бердібек Соқпақбаев бастаған төл мәдениетіміздің біртуар тұлғалары да – осы өңірдің перзенттері. Бір сөзбен айтсақ, Алматы облысы – еліміз үшін айрықша орны бар аймақ», деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев: «Биыл менің шешіміммен елімізде бірнеше облыс қайта құрылғанын білесіздер. Жетісу жерінде дербес екі аймақ пайда болды. Алматы облысының әкімшілік орталығы Қапшағайдың жағасына көшірілді. Жұрттың өтінішіне сай қалаға Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілді. Мұны, шын мәнінде, тарихи әділдіктің орнауы және халықтың ортақ қалауы деуге болады.

Облыс орталығы мәртебесіне ие болған Қонаев қаласы енді тың қарқынмен дамитын болады. Бұрынғы Алматы облысын екіге бөлу – аймақтағы ахуалды терең зерделеп, мұқият ойластыра отырып қабылданған шешім».

«Қонаев ғылым-білім орталығына және студент жастардың қаласына айналуы керек. Қазір жоғары оқу орындарының көбі Алматыда орналасқан. Бұл халық онсыз да тығыз қоныстанған қаланың ахуалына өз әсерін тигізеді. Онда көлік кептелісі көп. Жатақхана және қолжетімді баспана тапшылығы бар. Шаһардың ауасы да ластанып барады.

Осының бәрін ескере отырып, Қонаевта «академиялық қалашық» құру мәселесін қарастырған жөн деп санаймын. Ірі қалалардың жанынан инновациялық орталық құрған елдер аз емес. Үкімет бұл мәселе бойынша жаңа жылға дейін нақты ұсыныс беруі керек».

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары