$ 494.87  520.65  4.91

Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық қоғамдық штаб өкілдерімен кездесті

Ол өзінің сайлау алды бағдарламасын «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін» деп атағанын мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық қоғамдық штаб өкілдерімен кездесіп, өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ол өзінің сайлау алды бағдарламасын «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін» деп атағанын мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Әділетті Қазақстан құру үшін ең алдымен, үш қағидатқа негізделген жаңа мемлекеттік саясатқа көшетініміз туралы айтып өтті.

Бірінші қағидаты – Әділетті мемлекет, екіншісі қағидаты – Әділетті экономика және үшінші қағидаты – Әділ қоғам.

«Бүгінде сыртқы және ішкі сын-қатерлер күшейген күрделі уақытта да мақсат-мұраттарымызға қол жеткізу біздің қолымыздан келетініне мен кәміл сенемін. Алдымызда әлі талай сынақтар болуы мүмкін. Осыған орай, мен Қазақстанның алдағы 7 жылда даму бағдары туралы ой-пікірімді ортаға салғым келеді. Мен ұсынып отырған бағдарлама «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін» деп аталады. Оның әр тармағын өзім жаздым. Бұл бағдарлама менің жүрегімнен шықты деп айтсам, артық болмайды», - деп атап өтті Қасым-Жомар Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде елімізде көптеген мәселенің қордаланып қалғанын, ол азаматтардың билікке деген сенімсіздігін туғызатынына тоқталды.  

«Біздің бір ғана мақсатымыз бар. Бұл – Әділетті Қазақстанды құру. Шындығын айтқанда, елімізде әлеуметтік салада, экономика мен саясатта көптеген жүйелі мәселе қордаланып, азаматтардың мемлекет пен билікке деген сенімсіздігі арта түсті. Бұл мемлекетіміздің тұрақты дамуын тежейді, ұлттың жасампаздық мүмкіндіктерін шектейді. Сондықтан мемлекеттік саясатымызда әділеттілік идеясы ең маңызды болуы тиіс. Біздің бүкіл ұлттық идеологиямыз Әділет идеясымен сіңетін болады. Біз қабылдаған әрбір шешімнің, әрбір әрекетіміздің негізінде әділдік идеясы болады. Біздің басты байлығымыз бен бәсекелестік артықшылығымыз – адамдар. Сондықтан біз «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген формуланы берік ұстанатын боламыз. Әділ Қазақстанды құру үшін біз өзара байланысты үш қағидаға негізделген жаңа мемлекеттік саясатқа көшеміз», - деді Қ. Тоқаев.

Кезектен тыс президенттік сайлауға Қ.Тоқаевты үміткер ретінде халық коалициясы ұсынған болатын. Коалицияға түрлі партиялар, қоғамдық бірлестіктер енді. Кандидаттың ел өңірлерінде 227 қоғамдық қабылдауы құрылды. Олар сайлаушылардың ұсыныс-тілектерін қабылдап жатыр. Бірінші күні-ақ қазақстандықтардан 100-ден астам өтініш келіп түсті.

Президент сайлауы 20 қарашада өтеді. 
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары