Сенат отырысында бүгін Қаңтар оқиғасына қатысты азаматтарға рақымшылық жасау жөніндегі заң жобасы қаралды. Аталмыш заң жобасы теріс қылық, ауырлығы төмен және орташа қылмыс жасағандарды жазадан толық босатуды көздейді. Ал жазасын өтеп шыққандардан соттылық алынады.
Бұдан бөлек, ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасағандарға жаза мерзімін азайту көзделген.
Отырыстан кейін журналистер Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев те келген. Кулуарда журналистер одан «Дикий Арман мен Қайрат Құдайбергенов рақымшылыққа іліне ме?» деп сұрады.
Әсет Шындалиев бұл іс тергеліп жатқанын, олар рақымшылыққа ілінбейтінін айтты. Себебі, айрат Құдайберген мен Дикий Арманға жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырушылар ретінде айып тағылып отыр.
"Бізде жалпы 20 шақты адамның ісі (қаңтар оқиғасы кезінде – авт.) жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушы болып сараланған. Олар рақымшылыққа ілінбейді. Тек қана қатысушылар рақымшылыққа ілігеді. Қаңтар оқиғасында қылмыс жасағандардың басым бөлігі қатысушылар болып саналады. Олардың саны шамамен 700 адам. Олардың бәрі рақымшылыққа ілігеді, ал жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырған 20 адам рақымшылыққа ілінбейді", - деді Бас прокурордың орынбасары.