$ 494.87  520.65  4.91

Атыраулық екі жігіт бір отбасының үш бірдей адамын ажалдан арашалап қалды

Ерлі-зайыптыларды жертөледен шығарған Төребек Құмаров та Сарытоғай ауылында тұрады.

Атыраулық екі жігіт бір отбасының үш адамын ажалдан арашалап қалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. 

Махамбет ауданы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, жақында Сарытоғай ауылында тұратын Абзал Жолдасов үйінің ауласында қазылған жөртөленің ішін сырлаған. Алайда сырдың иісіне уланған ер адам есінен танып қалған. Оны құтқаруға ұмтылған әйелі Жұмасұлу мен қызы Гүлфайруздың басы айналып, құлап қалған. Әке-шешесі мен апайын құтқару үшін кішкентай Жайнар жедел жәрдемге хабарлап, көршілерден көмек сұраған.

Оқиға орнына жедел жәрдем биргадасы 10-15 минутта жеткен. Көлік жүргізушісі Ардақ Ожыраев жертөлеге түсіп, Гүлфайрузды сыртқа шығарған. Бірақ сырдың иісінен басы айналып, жертөлеге қайта түсе алмаған. Жедел жәрдем қызметкерлері жүргізушіге алғашқы медициналық көмек көрсетіп, есін жиғызған.

Сол кезде ауыл тұрғыны Төребек Құмаров жертөлеге түскен. Алайда, жертөледе көп жатып қалған ерлі-зайыптының денесі ісініп, терге малшынып кеткендіктен, жоғарыға көтеріп шығару оңай болмаған. Алдымен Жұмасұлуды сыртқа шығарған. Бірақ, өзінің әбден әлсірегенін сезеді. Ал, Абзалды жертөленің есігіне дейін жеткізгенін ғана біледі.

«Үстіме қанша шелек су төксе де, есімді жинай алмаппын. Көзімді ашқан соң бәріне күле қарап, амандаса беріппін. Бір көзімді ашқанда, Абзалды жедел жәрдем көлігіне салып жатқанын көрдім. Қызым екеумізді ауруханаға апарып, дәрігерлер сұйықтық құйып, қажетті ем-домын жүргізді. Қазір жағдайымыз жақсарып, балаларымыздың ортасына оралдық. Ардақ пен Төребек үшеумізді ажалдан арашалап қалды», - дейді Жұмасұлу Дүйсенова.

Ерлі-зайыптыларды жертөледен шығарған Төребек Құмаров та Сарытоғай ауылында тұрады. Жылыой ауданында орналасқан «Теңіз» кен орнындағы мердігер – «Сенімді құрылыс» ЖШС-да жұмыс істейді.

«Қиналған жанға көмек беру әр адамның қолынан келеді. Шынымды айтсам, Абзалдың кішкентай қызының жылағанын көріп, шыдап тұра алмадым. Бұл өмірде балалардың жылағанын көруден қиын не бар? Сол себептен, жертөлеге түсіп, екі адамды құтқарудан басқа ой болмады», - дейді Төребек Құмаров.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары