$ 484.11  528.79  5.03

Бұрын сотталған экс-шенеуніктер қазір немен айналысып жүр

Қазақстанда қазір баймын деп жүргендердің әрқайсысын қолынан ұстап, сотқа апара аламын.
Фото: ulysmedia.kz.
Фото: ulysmedia.kz.

Экс-министр Елжан Біртановтың соттағы процесі ескі күндерді еске түсіріп жіберді. Мұндай жайттар бұрын да көп қайталанатын. Тәуелсіз Қазақстан тарихында шулы үкімдер қоғамды жыл сайын сілкіндіріп жататын еді. Министрлер мен әкімдер түгілі темір торға премьер-министрдің өзі де кеткен кездер бар. Квазисектордағы басшылар да мұндайдан аман қалған жоқ. Алайда сол сотталғандардың ішінде көп ұзамай үйіне оралғандары да баршылық. Ulysmedia.kz порталы осы ретте сотталған ірі шенеуніктерге шолу жасап, олардың қазір немен айналысып жүргеніне талдап көрді.

«Мемлекет байытып, дәулетті болуға мүмкіндік берген адамдардың бәрін жақсы білемін. Олардың қалай байығанынан да хабарым бар. Қазақстанда қазір баймын деп жүргендердің әрқайсысын қолынан ұстап, сотқа апара аламын», - деп ескерткен кезінде Назарбаев.

Сотқа шынында да біраз адам тартылды. Кейбірін Қазақстан билігі сырттай соттап жататын. Мәселен, Әкежан Қажыгелдин, Мұхтар Әблязов, Виктор Храпунов пен Рахат Әлиевтер дер кезінде елден шығып үлгерді. Соңғысы өмірде жоқ, ал қалғандарының шетелдегі өмірі соншалықты жаман емес секілді. Кейбірі YouTube-ке шығып, жұлдыз болып алған. Әртүрлі БАҚ-қа сұхбат беріп, пікір білдіріп, Қазақстандағы саяси ахуалға баға беріп отырады. Яғни қылмыстық қудалауға ұшыратқан Қазақстан билігіне олар жауап ретінде саяси көзқарасын қалқан қылады.

Мұхтар Жәкішев

Қазір БАҚ-қа ашық әрі пікірімен белсенді Мұхтар Жәкішев көпшілікке жақсы таныс.

Мұхтар Еркінұлы Жәкішев уақытынан бұрын босап шыққан. Әйтсе де, құқық қорғау құрылымдарының тұрақты бақылауында өмір сүруге мәжбүр. Қанша бақылауда дегенімізбен, онысы Жәкішевке әртүрлі форумға қатысып, БАҚ-қа сұхбат беруге кедергі емес. Алғырлығымен, экономикалық бағыттағы ұшқыр ойларымен, прагматизмімен көпшіліктің көңіл пернесін дөп басып жүрген де осы Мұхтар Жәкішев. Айтуынша, елді дағдарыстан шығарудың Жәкішев ұсынған амалдары да бар. Алайда билікке ұмтылмайды – өз бизнесін дамытуға күш салып жүр.

Жәкішевтің сот процесі құпия грифімен өткен. Баспасөзге ол тұста ресми деп таратылған ақпарат қана шығатын. Бүкіл әлемге әйгілі топ-менеджерді сот бірнеше бап бойынша (қарлық жымқыру, алаяқтық, жалғандық және қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалану) кінәлі деп тауып, 14 жылға соттап жіберген.

Қазақстанда Жәкішевті ескі режимнің құрбаны деп те атайтындар бар. Ал оның уақытынан бұрын босап шығуын жаңа биліктің соны мойындауы деп те бағалайды. Әйткенмен, Мұхтар өзін-өзі ақтау жөнінде ешқайда өтініш жазып көрген емес. Алайда сұхбаттарында айыптау тарапының дәйектері түкке тұрмайтын жалған құжаттар екенін ашық айтып жүр. Сот Жәкішевті «мемлекетке 99,6 млрд теңге көлемінде шығын келтірген» деп таныған. Уақытынан бұрын босап шығу жөніндегі Жәкішевтің алғашқы өтініші қанағаттандырылған жоқ. Себебі сот оның сол шығынды өтемегенін алға тартқан. Ақыры 2020 жылдың наурызында ол бәрібір колониядан босап шықты. Өздері айыптың бірі деп тапқан шығын неліктен ұмытылғанын, ал сол үкімді кескен судья неге үнсіз екенін ешкім түсіндірмейді.

Ерлан Арын

Павлодар облысының экс-әкімі Ерлан Арын 2014 жылы «1 миллион 650 мың теңге көлеміндегі алаяқтығы, тендерді жеңіп алғаны үшін 5 миллион теңгеден астам пара алғаны және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырғаны» үшін сотталған болатын. Ол үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ сот оны бес жылға мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырды.

Ерлан Арын сотта өзіне тағылған айыппен келіскен жоқ. Алайда Назарбаевтан кешірім сұрап, «оның үмітін ақтамағанына» өкінді. 2018 жылы БАҚ-та Ерлан Арынның Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Рухани жаңғыру» институтын басқаратыны хабарланған. Осылайша, бір кездері сотталған экс-шенеунікке де бір орын табылды.

Нартай Дүтбаев

Бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарған Дүтбаевты 2016 жылы оның бұрынғы әріптестері «мемлекеттік құпияны жария етті және билікті асыра пайдаланды» деген күдікпен ұстаған.

2017 жылы сот оны 7,5 жылға бас бостандығынан айырып, өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салатын үкім шығарған. Бірақ кейін оған қатысты жаңа ойындар басталды: 2018 жылы Дүтбаевқа бірнеше бап қосылды – билікті асыра пайдаланды, сеніп тапсырылған мүлікті иемденді және ақшаны жылыстатты” деген айыппен мерзімін 12 жылға дейін ұзартты. Бірақ бір жылдан кейін бұл мерзім 11 жылға қысқарды. Ал 2020 жылы Дүтбаев ғайыптан тайып мерзімінен бұрын босап шықты. Түрмеде үш жылдан сәл артық отырған оның неліктен ертерек босатылғаны толық түсініксіз. Дегенмен бұл мәселеге қатысты ресми түсініктеме берілгені бар. Оған сәйкес, Дүтбаев мерзімінің жартысынан астамын өтеген (Қылмыстық кодекске енгізілген өзгертулерге сәйкес, тергеу изоляторында 1 күн 1.5 күн болып есептеледі) және жасы 64-те. Айтпақшы, биыл жыл басында Дүтбаев ҰҚК мен Кәрім Мәсімовтің қаңтар оқиғасы кезіндегі әрекеттеріне байланысты белсенді түрде сұхбат берген болатын.

Ғалымжан Жақиянов

Семей және Павлодар облысының бұрынғы әкімінің оппозиционер деген аты бар. Өзі де сотталуының себебін саяси астармен байланыстырады. Расында да, Ғалымжан Жақиянов «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (Қазақстанда экстремистік деп танылған) қоғамдық қозғалысының жетекшілерінің бірі болған. Бұл қозғалыстың тағы бір жетекшісі – Мұхтар Әблязов.

2002 жылы Жақиянов «сыбайлас жемқорлық жасады, қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды» деген айыппен 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған қоса сот оны «залал келтірді» деп мемлекетке 116 мың долларды қайтаруға міндеттеді. 2006 жылы Жақиянов шартты түрде мерзімінен бұрын босатылып, оны оппозициядағы жақтастары – Алтынбек Сәрсенбаев, Болат Әбілов, Серікболсын Әбділдин мен Ораз Жандосов қарсы алды. Содан кейін ол ұзақ уақыт медиа радардан жоғалып кетті. 2012 жылы ол АҚШ-қа көшіп, тіпті MIT университетіне оқуға түсті. Кейін ол Моңғолияда, Қытайда бизнеспен айналысып жүр деген қауесет тарады. Ал биыл ол ақпарат ішінара расталып, жазда Моңғолия БАҚ-тары «Жақияновтың жемқорлық дауына қатысы барын, ал оның тау-кен компаниясы салық төлемегенін» жазысқан. Алайда Жақияновтың өзі бұл ақпаратты жоққа шығарды. Айтпақшы, Қаңтар оқиғасынан кейін Ғалымжан Бадылжанұлы Қазақстанға келіп, елдегі саяси жағдайға байланысты белсенді түрде пікір білдіріп жүр.

Қуандық Бишімбаев

Қуандық Бишімбаевты, басқа да жоғары лауазымды адамдар секілді атақты Олеся Кексель «сындырған». Жас министр «пара алды және ақша жымқырды» деп айыпталып, кейін сотталып кетті.

Бишімбаев 2016 жылы Ұлттық экономика министрлігін басқарғанымен, бірнеше айдан кейін тергеу изоляторына қамалды. Тергеу туралы ақпарат бірінші болып Нұрсұлтан Назарбаевтың өз аузынан шықты. Экс-министрді айыптауға ең шулы әрі қымбат қазақстандық жобалардың бірі – Қызылорда шыны зауыты негіз болды. Бишімбаевтың ісін қадағалаған Кексел шенеунікті түрмеге қамап қана қоймай, оның прокурорлық қызметінің салдарынан америкалық инвестор жобадан бас тартып, іске қосуға 70 пайыздық деңгейде дайын нысан бұғатталып, кейін ол жоба Қытай кәсіпкерлеріне берілді. Шыны өндірісі биыл ғана іске қосылды. Бишімбаевты сот 10 жылға бас бостандығынан айырды, мүлкін тәркілеп, өмір бойына мемлекеттік қызметте басшылық қызметтер атқаруға тыйым салды.

Сот отырысында Бишімбаев өзіне тағылған айыппен келіскен жоқ. Бірақ соған қарамастан ол өз отбасынан, Назарбаевтан және Қазақстан халқынан кешірім сұрады. 2019 жылы Олеся Кексель прокуратурадан кетіп, ал сотталған Бишімбаев шартты түрде бостандыққа шықты.

Олеся Кексель

Ал 2019 жылы Кексельдің өзінің үстінен іс қозғалды. Кексель осылайша Бас прокуратураның арнайы прокуратурасының бұрынғы басшысы қызметінен босатылып, бір кездері өзі қудалаған экс-премьер-министр Серік Ахметов, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың кебін киді.

Кексельге тергеуші, анықтауды жүргізетін адам немесе басқа азаптаушының көмегімен адамнан ақпарат алу немесе оны мойындату мақсатында қасақана дене және (немесе) психикалық азапқа ұшыратты деген айып тағылды.

ҚР Қылмыстық кодексі бойынша ол оны бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін болғанымен, көп ұзамай қылмыс құрамының болмауына байланысты іс қысқартылды.

Серік Ахметов

Серік Ахметов 2014 жылы Қазақстанның Қорғаныс министрі қызметін атқарған. Оған дейін еліміздің Премьер-министрі, облыс әкімі болған – еңбек жолы едәуір бай. Соған қарамастан, қорғаныс министрі қызметінен босатылғаннан кейін ол қамауға алынды. Ал 2015 жылы «жемқорлық жасады, мемлекет $3,5 млн көлемінде шығын келтірді» деген айыппен 10 жылға сотталып кетті.

Сотта Ахметов Назарбаевтан кешірім сұрап, «сенімін ақтамағанын» айтып, оны «ұстазым», «тәлімгерім» деп атады.

Процес барысында оның кінәсі жоқтығы жөнінде пікір көп айтылатын. Тіпті кейбір қоғам белсенділері Ахметовтың түрмеде ұзақ отырмайтынын айтысқан. Шынында да, сотталғаннан кейін келесі жылы-ақ адвокаттары Ахметовтың «шын жүректен өкінетінін» айтты. Ал оның туыстары 2,255 млрд теңге көлеміндегі шығынды өтеп берді. Аппелциялық сот осылайша, оның жазасын 8 жылға дейін қысқартты. Артынша, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай жасалған рақымшылыққа байланысты сот Ахметовтің мерзімін тағы да қысқартты. Бұл жолы рақымшылық оның жазасын тағы бір жарым жылдан сәл астам уақытқа қысқартты. Ал 2017 жылы экс-премьердің жазасы мерзімінің соңына дейін бас бостандығын шектеумен алмастырлыып, Ахметов бостандыққа шықты.

Бір қызығы, биыл Серік Ахметов өзіне тағылған айыптардың барлығын алып тастауды талап етіп, Жоғарғы сотқа шағымданған.

Ахметовпен бірге бұл істе Қарағанды ​​облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев те өткен. Ол 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ ол Назарбаевтан кешірім сұрап, «президенттің сарбазы болғанын және болып қала беретінін» айтқан. Бір қызығы, Әбішев те жазасын толық өтемеген – ол 2016 жылы шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды.

Жақсыбек Құлекеев

2008 жылы бұрынғы Білім және ғылым министрі, «ҚТЖ» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Жақсыбек Құлекеев «билігін асыра пайдаланды» деген айыппен 3 жылға сотталған болатын.

Сотта ол өзіне тағылған айып – «қылмыстық провакация» екенін ашық айтып, бостандыққа шыққаннан кейін де өзіне қарсы іс қолдан жасалғанын мәлімдеген. Колониядан оның өзі 2009 жылы мерзімінен бұрын босап шықты. Ал бір жылдан кейін Қазақ мұнай және газ институтының корпоративтік даму жөніндегі басқарушы директоры қызметіне келді. Қазір Құлекеев «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі және Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының (ҚҚБО) ғылыми жетекшісі.

Жақсылық Досқалиев

Судья оны жеті жылға колонияға жіберген. Екі рет Денсаулық сақтау министрі болған шенеунікке 2011 жылы «билікті асыра пайдаланды, сыбайлас жемқорлық жасады және қаржы жымқырды» деген айып тағылған. Көп адам сот процесінде дәрігерді жақтаған. Алайда фемида оған үкім кесті.

Министр-реформатордың қызметі қазынаға қымбатқа түсті. Мәселен, «Салауатты Қазақстан» бағдарламасына 3,7 млрд АҚШ доллары бөлінген. Қаражат игерілуі игерілді-ақ, бірақ Досқалиев уәде еткендей өмір сүру ұзақтығы артпады. Телемедицина идеясы да сәтсіздікке ұшырады - қашықтықта емдеу мүмкін болмады. Сондай-ақ бюджеттен миллиардтаған қаржыны алып жатқан құрылысқа қатысты жобалар да болды.

Ақыры Досқалиев темір тордың ар жағында көп отырмады – ол да «кешірім сұрап», бір жарым жылдан кейін Назарбаев оны босатты.

2013 жылдан бері Досқалиев Республикалық трансплантология орталығында жұмыс істейді. Дәлірек айтсақ, осы медициналық құрылымды өзі басқарады. Өзін қарапайым ұстайды: кісі емдейді, кеңес береді, кәсіби конференцияларда сөйлейді. Дегенмен, кейде реніші Facebook-тегі жазбаларынан көрініп тұрады. Мысалы, ол тағы бір сотталып жатқан денсаулық сақтау министрі Біртановты қолдап «Біртанов иттердің талауына түсті» деп бейнеүндеу жазды.

Сонымен...

Мұхтар Жәкішев екі жыл бұрын түрмеден қап-қара автокөлікпен шықты. Босап шыққан оны жақтастары күтіп алды. Барлық БАҚ-та тараған видеоға судьялар корпусы еш пікір білдірген жоқ. Кезінде оны «отырғызған» судьялар әлі күнге дейін адам тағдырын сотта шешіп жүр.

Елжан Біртанов

Назарбаевтен кешірім сұрау (бұл ретте жоғарыда аталғандардың кейбірі кешірім сұрамағанын да атап өту керек), өзін үлгілі әрі тәртіпті ұстау, мерзімінен бұрын босап шығу – жоғарыда аталған істерді осындай ортақ ұқсастықтар байланыстырады. Егер сол істердің артында шынайы қылмыс емес, саяси ойындар тұрса, мерзімінен бұрын босату – еш сұрақты туындатпасы анық. Бірақ «ереже бойынша ойнасаң, рақымшылық жасалатын» үрдіс қалыптасқанын байқауға болады. Бір адамның «рақымы» түссе, қандай жазадан болсын құтылып кетуге де болатын секілді. Бірақ ескі режимде сондай еді. Ал Жаңа Қазақстанда бұл қалай болады? Оны уақыт көрсете жатыр. Елжан Біртанов болса әлі күресетінін ашық айтқан болатын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары