Сайрам ауданы әкімдігінің қызметкерлері мәселесін айтып келген әйелге дөрекі сөйлеген. Бұл туралы Facebook парақшасына Түркістандық жас белсенді жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Видеода қызметкерлер дөрекі сөйлеп, тіпті әйелді жылатып қойған.
“Сайрам ауданының әкімдігі халықпен қалай сөйлесу керектігін біле ме өзі? Мына видеода аудан әкімдігінің бір топ қызметкері мәселесін айтып келген әйелді, жан-жақтан жұлмалап жатыр. Мемлекеттік қызмет этикасына сай келмейтін сөздермен әйелдің намысына тиіп тұрғандай.
Осы видеодан түйгенім: Жаңа Қазақстан Сайрам ауданына әлі келмеген сияқты. Өткенде облыс әкімінің есептік жиынында шақырылмаған тұрғынға сұрақ қойғызбай сүйрелеп еді. Ендігі жағдай мынау. Халық облыс әкімі тұрмақ, аудан әкімінің маңына жолай алмай жүргенде, ашықтық туралы әңгіме айтудың өзі артық”,- деп жазды белсенді Айка Айтаханова.