Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы қаласы жұртшылығымен кездесуі өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Алматы – қастерлі тәуелсіздігіміздің бойтұмары болған қала. Алматыда еліміз үшін ең маңызды шешімдер мен құжаттар қабылданды. Осы жерде Егемендік декларациясына қол қойылды, Тәуелсіздігіміз жарияланды. Еліміздің болашағын айқындаған басқа да көптеген тағдырлы оқиғалар өтті. Алматы – еліміздің іскерлік, рухани, ғылыми және туристік орталығы. Сондықтан, мен қаланың дамуына, оның тіршілікке қолайлы, жайлы болуына айрықша мән беремін», - деді Президент кездесудегі сөзінде.
Сонымен қатар Президент Алматы «Қасіретті қаңтардан» кейін толығымен қалпына келтірілгенін жеткізді.
«Алматы – еліміздің экономикалық дамуының қозғаушы күші және көшбасшысы. Бұл қала жалпы ішкі өнімнің бестен бірін, яғни бюджеттік кірістің 25 пайыздан астамын және сауда-саттықтың үштен бірін қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда Алматы «Қасіретті қаңтардан» кейін толығымен қалпына келтірілді, қала экономикасы тұрақты түрде дамуда», - деді Мемлекет басшысы.
Еске салсақ, кеше Мемлекет басшысы Алматы қаласына жұмыс сапарымен барған болатын.