$ 444.32  473.33  4.76

«Қазақстан мен Ресей тиімді стратегиялық серіктестік қалыптастыра алды» - Тоқаев

Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық жаһандық тенденциядан өзгеше болуы қуантады.

Қазақстан мен Ресей тиімді стратегиялық серіктестік қалыптастыра алды. Бұл туралы Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумының XVIII жалпы отырысына қатысушыларға видеоконференция режимінде сөз арнаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ең алдымен, Ресей Президентіне және барлық ресейлік әріптесіме осынау іс-шараны өте жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Және де форум тақырыбының өзі халықаралық саудадағы дағдарыс пен геосаяси белгісіздіктің қазіргі жағдайында зор маңызға ие. Шындығында, барлық шектеулерді алып тастау және саудада өзара тиімді жағдай жасау елдеріміздің сапалы экономикалық өсіміне негіз болады. Сондықтан, бүгінгі кездесуіміздің ерекше маңызы бар», - деді Мемлекет басшысы.

Осы ретте ҚР Президенті Дүниежүзілік сауда ұйымының дерегіне сәйкес, әлемнің ең дамыған елдері соңғы жарты жылда экспорттық шектеулер енгізу қарқынын арта түскендігіне назар аудартты.

«Мәселен, G20 елдері осы жылдың мамырынан қазанға дейін сауда-саттық көлемі 160 млрд доллардан аспайтын тауарларға 47 шектеу іс-шараларын енгізді. Сөз экспортқа үнемі туындап отырған шектеулер, қосымша лицензиялық талаптар, квоталар мен салықтар жайында болып отыр. Осының аясында Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық жаһандық тенденциядан өзгеше болуы қуантады», - деді Президент.

Мемлекет басшысы өткен жылы Қазақстан мен Ресей арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толуы аталып өткендігін еске салды.

«Осы уақыттың ішінде мемлекеттеріміз мығым достық пен тату көршілікке негізделген өзара тиімді стратегиялық серіктестікті қалыптастыра алды. Елдеріміздің арасында сенімді, сындарлы диалог қалыптасып, ынтымақтастықтың жоғары деңгейіне қол жеткізілді», - деді Мемлекет басшысы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары