Қамауда отырған Қайрат Боранбаевтың туысы А. Боранбаев Қаржылық мониторинг агенттігінің жекелеген қызметкерлеріне пара берген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Қаржылық мониторинг агенттігінің жекелеген қызметкерлеріне қатысты сыбайлас жемқорлық жасау фактісі анықталды. Мәселен, тергеумен қамауға алынған Қ.С. Боранбаевтың туысы – А.Т. Боранбаевтың жедел бөлімшелердің жекелеген қызметкерлеріне заңсыз сыйақы беру фактісі әшкереленді. Сот А.Т. Боранбаевқа және екі қызметкерге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді", - делінген агенттік хабарламасында.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Естеріңізге сала кетейік, Қаржылық мониторинг агенттігі Қайрат Боранбаевтың үстінен квазимемлекеттік секторда аса ірі көлемде қаражат жымқыру фактісімен іс қозғап, изоляторға қамаған болатын.
Қазіргі уақытта ірі мөлшерде, оның ішінде шетелде қылмыстық кірісті заңдастыру белгілері бар неғұрлым резонанстық істерді тергеп-тексеру ерекше бақылауда.