$ 482.86  533.17  5.08

Алматыда екі жігіт жұмысшыларды балтамен қорқытып, жанармай құю бекетін тонаған

Олар Алматыға жұмысқа орналасу үшін келген, бірақ ақша табудың бұдан басқа оңай жолын ойлап тапқан.

Алматыда жанармай құю бекетіне шабуыл жасаған күдіктілер анықталды, деп хабарлайды polisia.kz.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, күдіктілер 100 мың теңге мен екі телефонды қолды қылған.

«Жанармай құю бекетіне жасалған қарақшылық шабуыл түнгі сағат екіде болған. Бетперде киген екі адам қолына шеге суырғыш және балта алып, жанар-жағармай құю бекетіне келген. Олар кассир мен күзетшіні артқы бөлмеге қамап, қызметкерлердің телефондары мен кассадағы ақшаны ұрлап кеткен. Шабуылдаушылардың бүкіл әрекеті бейнебақылау камерасына жазылып қалған. Күдіктілер сол күні анықталып, қамауға алынды. Бұл – 23 жастағы Т. және 22 жастағы М. есімді азамат»,– деді Медеу аудандық полиция басқармасына қарасты полиция бөлімінің бастығы Елнұр Құдретбаев.

Аталған дерек сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК 191-бабы 2-бөлігі бойынша тіркелді.

«Күдіктілер – басқа жақтан келгендер. Олар Алматыға жұмысқа орналасу үшін келген, бірақ ақша табудың бұдан басқа оңай жолын ойлап тапқан. Шабуылдаушылар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция қызметкерлері олардың бұрын жасалған қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр»,- деді полиция өкілі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары