05.12.2022, 13:00

«Азия Авто» және «Бипэк Автоның» шетелде қашып жүрен басшыларының біреуі ұсталды

Былтыр тамыз айында "БИПЭК Авто Қазақстан" мен "Азия Авто" АҚ акцияларының бақылау пакетінің иесі Анатолий Балушкинге іздеу жарияланған болатын.

Чехияда "Азия Авто" АҚ мен "БИПЭК Авто" компаниялар тобы басшыларының бірі ұсталды. Бұл туралы ішкі істер минитстрлігінің ресми өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлімдеді.

"Чехия астанасы – Прагада Қазақстан ішкі істер министрлігі "Интерпол" ұлттық орталық бюросының сұрауы бойынша Шығыс Қазақстан облысы экономикалық қылмыстар департаментімен аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін іздеуде жүрген "Азия Авто" АҚ мен "БИПЭК Авто" АҚ компаниялар тобы басшыларының бірі ұсталды", - деді Тұрлыбек бүгінгі онлайн брифингте.

Қазіргі кезде ол қамауда, Қазақстанға жеткізу туралы мәселе шешіліп жатыр.

Айта кетері, былтыр тамыз айында "БИПЭК Авто Қазақстан" АҚ мен "Азия Авто" АҚ акцияларының бақылау пакетінің иесі Анатолий Балушкинге іздеу жарияланған болатын. Сот "Алаяқтық" бабы бойынша оны қамауға алу туралы сырттай шешім шығарды.

Миллиардер туралы ақпарат

Балушкин 2020 жылғы желтоқсанда Forbes нұсқасы бойынша Қазақстанның ең ықпалды 50 бизнесмені тізіміне енді. Сол кезде оның дүние-мүлкі 153 млн долларға немесе 65 млрд теңгеге бағаланған. 2020 жылы Балушкин басқарған "Азия Авто" автомобиль концерні дағдарысқа тап болды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі зауытпен ынтымақтастықты тоқтатып, компаниядан 10 жыл ішінде алған артықшылықтар мен жеңілдіктерді (405 млн доллар) қайтаруды талап етті.

Индустрия министрлігінің мәліметінше, компания өндірісті жаңғырту бойынша өз міндеттемелерін орындамаған. Сот талқылауларынан кейін Lada және Kia шетелдік серіктестері "Азия Авто" кәсіпорындарында автокөлік құрастыруды тоқтатты.Зауыттың екі мыңға жуық қызметкері жұмыссыз қалды.

Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия халықаралық іздеуде жүрген бизнесменнің мүлкі тәркіленгенін хабарлады.

Sputnik Қазақстан