Қазақстандық блогер Олжас Қайрат Екібастұздан видео үндеу жолдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Instagram желісінде @oljaskhan лақап атымен танымал блогер қазір туған жері Екібастұзда жағдайдың қалай екенін көрсетті. Оның айтуынша, әлеуметтік желілер мен жаңалықтарда апаттың тек келеңсіз тұстары көрсетіп, аязда тұрғындарға көмек көрсетіп жүргендердің ерліктері айтылмай жатыр.
"Ең өкініштісі, 30 градус аязда көшеде сағаттап тұрған ер азаматтарымыздың ерліктерін ешкім айтпайды. Қолдары мұздап, үйде күтіп отырған балалары мен әйелдеріне қарамай көмек қолын созып жүргендерді ешкім көрмейді, себебі олардың ерлігі жаңалықтарда көрсетілмейді. Блогерлер келіп, тек негатив түсіреді.
Әкімдік неге жұмыс істемейді, неге көмектеспейді деп отыра бергенше көмектескен дұрыс. Осындайда жиналып, бірлігімізді көрсетуіміз керек. Бүгін бір-бірімізге көмектеспесек қашан көмектесеміз? Мұнда сәбилер, апалар, аналар мен әжелер үйлерінде тоңып отыр. Оларға көмектесейік, кімді жұмыстан шығарып, кімді жазалау керектігін сосын анықтаймыз", - деді блогер.