$ 498.34  519.72  4.85

«Ертең Екібастұздағыдай болмасын!»: Тоқаев әкімдерге ескерту жасады

Өз өңірлеріңіздің әлсіз тұстарын жіті зерттеп, ол мәселелерді шешу механизмін қарастырыңыздар.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент әкімдердің бәріне ескерту жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Әкімдердің бәріне айтарым бар. Өз өңірлеріңіздің әлсіз тұстарын жіті зерттеп, ол мәселелерді шешу механизмін қарастырыңыздар. Ертең Екібастұздағыдай болмасын. Бұл өте маңызды», - деді ол.

Еске салсақ, 27 қарашада Екібастұзда жылу электр орталығындағы бірнеше қазанагрегат тоқтап, тұрғындар жылусыз қалған еді.

Бір күннен кейін қалада төтенше жағдай жарияланды. Ал президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мемлекет басшысы премьер-министр Әлихан Смайловқа еліміздің қалаларындағы проблема жиі туындайтын энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қарастыруды тапсырғанын мәлім етті.

Қоғам белсенділері қала тұрғындарының қыстың көзі қырауда жылусыз қалуына олигарх Клебановты айыптап жатыр. Ал Екібастұзға барып, қиын жағдайға тап болған жергілікті тұрғындармен тілдескен Мәжілістің бір топ депутаты премьер-министр Әлихан Смайыловқа, Бас прокурор Берік Асыловтың атына депутаттық сауал жолдаған.

Бұдан бұрын қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов бір апта ішінде Қазақстанның бірнеше жылу электр орталығында апат болуы қауіпті сәйкестік екенін айтқан еді. Оның пікірінше, апаттар қасақана ұйымдастырылуы мүмкін. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары