18.12.2022, 15:27

Ақтөбе әкімдігі жұмыс сұрап барған көп балалы ананы сотқа берді

15 желтоқсан күні жалақысы тәуір жұмыс сұрап, облыс әкімдігіне барғанмын.

Ақтөбеде әкімдікке барып, дауласқан көп балалы әйелді шенеуніктер сотқа берді. Бұл туралы Азаттық радиосына Индира Ықтиярованың өзі хабарлады.

"15 желтоқсан күні жалақысы тәуір жұмыс сұрап, облыс әкімдігіне барғанмын. Кәмелетке толмаған бес балам бар. Ай сайынғы 500 мың теңге несиемді төлей алмай отырмын. Азық-түлік биылдыққа үш есе қымбаттап кетті. Бірақ жәрдемақыға қосылғаны екі мың теңге ғана. Қарызданып жүріп салған үйімді банк арестке қойды. Ол аз болғандай әкімдік мені сотқа беріп, мойныма тағы 107 мың теңге ілді", – дейді Индира Ықтиярова.

Бес баланың шешесі 35 АЕК-ке тең (айлық есептік көрсеткіш, шамамен 228 доллар) айыппұл салу туралы әкімшілік соттың шешімімен келіспейді. Ықтиярованың аппеляция алқасына шағымданбақ ниеті бар.

Ал Ақтөбе облыстық сотының мәліметінше, Индира Ықтиярова «қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін» (ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі ) сондай-ақ, «полицияға бағынбағаны үшін» (ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 667-бабының 1-бөлігі) әкімшілік жазаға тартылған.

"15 желтоқсан күні сағат 12:30 шамасында Индира Ықтиярова мен тағы бір топ әйел әкімдікке барып, несие қарызын өтеп беруді талап еткен. Әкімдік қызметкерлеріне бейәдеп сөз айтқан. Тәртіп сақтауды талап еткен полицияға бағынбаған. Сот Ықтиярованың 14-ке толмаған балалары барын ескеріп, 107 205 мың теңге айыппұл салды", – деп хабарлады Ақтөбе облыстық соты.

Жеке компаниялардың бірінде администратор болып істейтін Индира Ықтиярова елу шақты көп балалы әйелмен бірге 15 желтоқсан күні әкімдікке барғанын айтады. Оның сөзіне қарағанда, «Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасы басшысы Ләззат Оразбаева әйелдерді полициямен қорқытып, әлеуметтік қиындықтарын айта барған әйелдерді арандатқан».

Дегенмен Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасы басшысы Ләззат Оразбаева Азаттыққа 15 желтоқсан күні әкімдікке елу емес, бес әйел келгенін айтты.

"Қараша айының тоғызынан бері мен көп балалы аналар мәселесімен жүйелі түрде айналыстым. Демеушілер тауып, олар бір ғана Индира Ықтиярованың отбасына 248 мың теңге материалдық көмек көрсетті. Балаларына жалпы сомасы 98 700 теңгенің киім-кешегі, 47 мың теңгенің азық-түлігі сатып алынды. Қолымнан пирог пен торт пісіру келеді деген соң үш духовкалы, құны 519 мың теңгелік газ плитасын да әпердік. Бұл небәрі бір ай аралығында көрсетілген көмек. Енді ол несиесін жауап беруді талап етіп отыр. Онысымен қоймай, әкімдікке келіп, бейәдеп сөз айтып, тілдеп кетті", – дейді Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасы басшысы Ләззат Оразбаева.

Бес балалы Индира Ықтиярованы полиция 15 желтоқсан күні кешкі алтылар шамасында Ақтөбе облыстық әкімдігі ғимаратынан алып кеткен. Ақтөбе қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Ықтиярованың ісін 16 желтоқсан күні қараған. Ықтиярованы әкімшлік жазаға тарту туралы қаулы да сол күні қабылданған. Сот қаулысы әлі күшіне енген жоқ.